Руханият

Мұқағалимен бір күнде екі рет кездестім

Мұқағалимен бір күнде екі рет кездестім

Ертеректе шықса да, ел арасында осы күнге дейін айтылып келе жатқан «Ауылым» әнінің сөзін жазған ақын Жабайыл Бейсен Қытай жерінде туып, сонда білім алып, жазушылар Қабдеш Жұмәділов, Аманжан Жақып, Төлеубек Жақыпбаевпен бір гимназияда оқыған адам.
– 1972 жылы ғой деймін, Жарбұлақтағы мен сабақ беретін Б.Майлин атындағы орта мектепке аяқ астынан КРУ келіп, тексеру жүргізді, – деп бастады ол, ең алғаш Мұқағалимен жүздескені туралы әңгімесін. – Менің қытай елінен, Үрімжі педагогикалық институтын бітіргенде алған дипломым жоғары білімге жатпайтын болып, – он жылдай алып келген еңбекақымның бір бөлігі мемлекетке қайтарылсын, – деп шешіп кетті.

Енді не істеу керек? Балалар шиеттей жас, ең үлкені Майрамның өзі 12 жасқа енді келген кезі. Көп ешкімді танымаймын, кімнен көмек сұрамақпын? Мен мұғалімдіктен кетсем, бала-шағаны қайтіп асыраймын? Салмағы зілдей сансыз сауал мазамды әбден алып жіберді. Сонымен, Алматыдағы бала кезден бірге өскен досым Қабдеш Жұмәділовке бардым. Қабаңның ол тұста Қазақстанға сіңісіп, кітаптары шығып, жазушы атанып келе жатқан кезі. Беделі бар. Ендігі мақсатым дипломның жоғары білімге жататындығын дәлелдеу ғой. Қабаң бірден осындағы КазПИ-дің ректоры Құлахметов деген кісіге алып барды. Ол дипломды ұйғыршадан қазақшаға аударатын бір ұйғырды тауып, аудартты та, сол кездегі оқу министрі Роза Есенжоловаға кірдік. Ол министрліктің жоғары оқу бөлімін басқаратын Лениншіл Рүстемов деген адамға жіберді. Рүстемов мұны өздері шеше алмайтындығын, соңғы сөз тек Мәскеу тарапында екендігін айтты. Енді мұны орысшаға аударту үшін Қабдеш екеуіміз Жазушылар одағындағы аударма бөліміне, Азат Сүлеевке алып келдік.

Мұқағалимен бір күнде екі рет кездестім

Мұқағалиды осы жерде көрдім. Күн жексенбі еді. Азекең келісім бойынша бізді өз кабинетінде күтіп отыр. Жазушылар одағының үлкен есігіне кіреберісте Мұқағали мен Тоқаш Бердияров дейтін ақын бізбен қабаттаса ішке енді. Тоқаш босағада қалып қалды да, Мұқаң адымдап басып біздің алдымызға түсіп жүрді. Келе Азат Сүлеев екеуі бір нәрсеге келісе алмай, керілдесіп қалғаны. Мұқағалидың дауысы тіпті өктемдеу шығады: – Бұл – аудармашылар емес, Жазушылар одағы. Мені шыға тұр деуге қалай дәтің барады? – деп өзеурейді. Сөйтті де, кабинеттің терезесін екі жаққа айқара ашып тастады.

Сәлден кейін сыртқа шыққанымызда, Қабдеш мені Мұқағалимен таныстырды. – Әй, Мұқағали, сенің әлгі «Әдебиет және искусство» журналына шыққан өлеңіңді жатқа айтатын, тіпті соны Қытай жерінен бері алып өткен Жабайыл Бейсенов деген ақын жігіт осы болады, – деп жай-жапсарымды айта бастады. Шынында да, мен Мұқағали Мақатаевтың:
– Саған таныс адыр, қырқа беттегі,
Жыңғыл, жусан, тобылғылар көктеді.
Рахатта іші-сырты ауылдың,
Сен де сәулем, қуантсаңшы кеп мені, – деп басталатын «Хат» деген өлеңін жатқа білетінмін. Мұқаң арбиған саусақтарымен қолымды алып, артынан құшақтап бауырына басты.

– Бәсе, ауылдың азаматы екеніңді бірден таныдым – деді маған қарап. Мен де өзім бала кезімнен атына таныс атақты ақынды сөйлете түскім келді ме:
– Ауылдан келгенімді қайдан, қай жерімнен білдіңіз? – деймін қитығып. Ол өзінің күндей күркіреген зор дауысымен бір қарқылдап алды да:
– Қаланың адамы қансыз-сөлсіз, көлеңкеде өскен шөп секілді ақшыл боп келеді. Ауылдан келгендер өзіңе ұқсаған қызыл күрең болып тұрады ғой. Ал мен шарап ішетін адаммын. Маған бір жартылыққа ақша бере аласың ба? – деді сосын мәймөңкелеместен.
Мен:
– Ол қанша тұрушы еді ? – деп қайыра сұрадым:
– Көп керегі жоқ, бір сом 34 тиын берсең, «Вермудқа» жетеді,-деген соң ақшаны сәл артықтау етіп қолына бердім.
Азекең әкелген коньягымыздан бір-бір рюмка ішкесін, қалғанын сейфіне салып қойды. Біз де «бәрін болдық-ау!» деп, көңіліміз жайланып, енді бір-бір саптыаяқ сыра ішуге көңіліміз ауып, М.Горький паркіне келсек, жаңағы Мұқағали мен Тоқаш сонда отыр. Орталарына үлкендеу «Вермутты» қойып, шимен сорып отыр екен. Біз ол жерде көп аялдамай, басқа жақтағы асханаға қарай кеттік.

Міне, осылайша атақты ақын Мұқағали Мақатаевпен бір күнде екі рет жүздескенім бар. «Ал құжат не болды?» – десеңіз, дипломымды аудартып, Мәскеуге жібердік. Тамыз айының аяғына таман сағындырып, сарғайтқан жауап хат та келді-ау, әйтеуір. Онда, «Сол кезеңдегі Үрімжі педагогикалық институтында сабақ берген кадрлардың түгелге жуығы – Ташкент қаласынан білім алғандар. Программа ортақ, сондықтан диплом жарамды деп танылсын», – деген жағымды жаңалық бар екен. Қол қойған СССР Оқу министрлігі жоғары оқу орындары басқармасының бастығы Усанов деген. Сөйтіп, қайтадан өз шәкірттеріме дәріс беруді жалғастырдым, – деп әңгімесін аяқтады бүгінде жасы 80-нен асқан ақын Жәкең ақсақал.

Берікхан Тайжігіт

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button