Қоғам

Мұз жару жұмыстары басталды

Облысымызға келген Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Марат Күлдіков су тасқыны қаупі бар аудандар мен қалалардағы апаттың алдын алу жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Шығысқа сапары барысында М.Күлдіков облыстық ТЖД бастығының орынбасары Д.Титов, азаматтық қорғаныс саласындағы апаттың алдын алу және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алексей Штыкель, сондай-ақ «Казгидромет» өкілдерімен бірге «Қазәуеқұтқару» АҚ-ның «Eurocopter» тікұшағына мініп, Өскемен – Риддер – Алтай ауданы – Катонқарағай ауданы бағытында рейд жүргізді. Рейд барысында құзырлы органдардың өкілдері Үлбі, Громотуха, Тұрғысын және Бұқтырма сияқты өзендердегі ахуалды тағы бір мәрте тексерді. Айта кетейік, аталмыш өзендердің бойында Алтай ауданындағы Малеевка, Зубовка, Путинцево, Богатырево, Быково, сондай-ақ Катонқарағай ауданындағы Сенное, Коробиха, Барлық, Катонқарағай сынды елді мекендер орналасқан.

– Тексеріс барысында таулы аймақтарда қар еру үдерісінің жылдамдағанын байқадық. Бұл әсіресе, Риддер мен Катонқарағай аудандарына қатысты. Дегенмен әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Жағдай жіті бақылауда, – дейді Марат Күлдіков.

Белгілі болғандай, мамандар өңірдің Ертіс және Бұқтырма сияқты өзендерінде мұз жару жұмыстарын бастап кетіпті. Мәселен, Семей қаласы мен Алтай, Шемонайха және Бородулиха аудандарының аумағында қолға алынған осындай іс-шаралар нәтижесінде жалпы аумағы 70 мың шаршы метрге жететін мұз жойылған екен.

Айта кетейік, бүгінде Өскемен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне қарасты органдардың 1 040 қызметкері, 277 дана техникасы, 184 мотопомпа мен 50 суда жүзу құралы төтенше жағдайға сақадай сай дайын тұр. Облыста тұрғындарды апат жөнінде уақтылы құлақтандыратын «Дармен» мобильдік қосымшасы іске қосылған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.

Еске салайық, алдын ала болжам бойынша биыл қызыл су 108 елді мекенге қауіп төндіруі ықтимал.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button