Қоғам

«Үміттің ханшайымы» анықталды

«Гүлдер вальсі». Дәл осындай атаумен Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да байқау өтті. Оған 10-14 жас аралығындағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің шарты бойынша әр қатысушы қазылар алқасын көркем де кестелі тілмен, сахнадағы сүйкімділігімен тәнті ете отырып, өздерін таныстыруы қажет болды. Қызыл, алқызыл, сары, ақ және көк раушан болып киінген бүлдіршіндер әр түстің мәні мен мазмұнын айтып, өз артықшылықтарын паш етуге тырысты. Алты қатысушы да таныстыру кезеңінде мемлекеттік тілді жетік меңгеріп келе жатқандарын байқатты. Бұдан кейінгі кезеңде кеш қонақтары қатысушылармен бірге сән патшалығына ойша сапар шекті. Сән әлемінің сахнасына именбей шыққан балалар бір сәт те болсын өздерін «жұлдыз» сезініп, бақытқа кенелді. Әр жұптың киім үлгісіне бола қаншама қиял мен көздің майы, маңдайдың тері төгілгенін көрдік. Байқаудың қорытынды кезінде үміткерлер өз өнерлерін ортаға салды.

– Мұндай іс-шаралар балалардың бойындағы шығармашылық қасиеттерді ашуға көмектеседі. Сондай-ақ бүлдіршіндеріміз көпшілік қауыммен жұмыс істеуді үйренеді. Осы орайда байқауды ұйымдастыруға демеушілік көрсеткен «Казцинк» ЖШС-нің басшылығына алғысымды білдіргім келеді, – деді «Үміт» балалар үйінің директоры Майра Бейсеқанова.

Байқауға қатысушылардың ешқайсысы да жүлде мен марапаттан кенде қалмады. Әр баланың артықшылықтары жеке аталып, «Көрікті», «Нәзік», «Өнерлі», «Инабатты», «Парасатты» аталымдары бойынша марапатталды. Ал «Үміт» ханшайымы» атағы Маргарита Измайловаға берілді.

Байқау «Казцинк» кәсіпорнының демеушілігімен өтті. Облыс орталығындағы өндіріс алпауыты атанған бұл ұжым іс-шараға қатысқан барлық баланы құнды сыйлықтармен қуантты. Планшеттерді тарту етті.

– Өз басым осы «Үміттің» балаларымен кездескен сайын қуанышқа бөленіп, бір жасап қайтам. Бүгін де өте маңызды іс-шараның куәсі болдық. Ең бастысы, осы шараға жиналған жандардың барлығының жүзінен жалған күлкі мен жасанды қуаныштың табын көрмедік. Барлығы да шынайы болды, – деді «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Сайысты ұйымдастырушылар іс-шара бүлдіршіндердің табиғи талантын, эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілетін оятып, рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында өтіп отырғанын, мұндай тәрбие көрген балалардыңболашағы жарқын болатынын атап көрсетті. Пәк қылықтарымен жұрттыңкөңілін көтерген балалардың сол үмітті ақтайтынына  сендік.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button