Қоғам

Құм терапиясы мен қуыршақ театры бар балабақша

Құм терапиясы мен қуыршақ театры бар балабақша

Құмға құмарту бала біткеннің табиғатына тән қасиет. Қандай сиқыры барын кім біліпті, үйілген құм көрсе болды құлдыраңдап келіп қоңыр төбеге қонақтамайтын бала кем. Сөйтсек, құмның құпиясы көп екен ғой. «Айналайын» балабақшасын аралағанда көзіміз жетті бұған…
Былтыр күзге салым Бесқарағай ауданының орталығында 90 орындық «Айналайын» балабақшасы ашылған. Қазынаның 225 миллион теңге қаражатына салынған мекемеде бала тәрбиесіне қажеттінің бәрі бар. Кейбір қалалардың өзінде мұндай заманауи тәрбие ошағын кездесіре бермейсіз. Бірақ бізді балабақшаның бүгінгі уақыттың талабына жауап беретін сапалы қызметінен бұрын екі нәрсе қызықтырды. Оның – бірі құм терапиясы болса, екіншісі – қазақтың салт-дәстүрі салтанат құрған ұлттық бұрыш.
– Құм терапиясы баланың дамуына, эмоциялық жағдайының тұрақтанып, шығармашылық қабілетінің және ой-қиялының ұшталуына көмектеседі. Саусақ моторикасы мен сезімталдығын жетілдіреді, бұлшық еттің шаршағанын басады. Құмда ойнаған кезде бала өзін еркін сезініп, ойындағы дүниелерді іске асыруға, өздігінен шешім қабылдауға мүмкіндік алады. Ең бастысы, құм терапиясы баланың сөздік қорын кеңейтуге, фонематикалық есту мен қабылдауды дамытуға, сөйлеу мен жазуға машықтануына септігін тигізеді, – дейді балабақшаудағы әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Айгүл Қабенова.
Ағаштан жасалған беті әйнек үстелдің үстіне құм төгіліпті. Астында шамның жарығы түсіп тұр. Үстелді жағалай отырған балдырғандар кішкентай саусақтарымен шыны бетіндегі құмға қиялдан туған дүниелерін түсіруде. Біреуі шұғыласын шашқан күн мен сылдырап аққан бұлақты бейнелесе, енді бірі мәшинені, үйді айнытпай салады.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, құмның адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Ұсақ түйіршіктері саусақ ұшындағы жасушаларды белсендіріп, жүйкені тыныштандырады. Суды жақсы сіңіретін құмның ауыр психологиялық энергияны өзіне қабылдап, адамның энергетикасын тазартатын, эмоциялық көңіл-күйін орнықтыратын қасиеті де жеткілікті көрінеді.
Сонымен қатар, «Айналайындағы» айрықша көзге түсетін тағы бір дүние – ұлттық бұрыш. Мұнда тәрбиешілердің шебер қолынан шыққан қазақтың ұлттық киімдері, оюлы көпшік-жастық, текемет, сырмақ, сандық, киіз үй мен шөгіп жатқан түйенің шағын макеттері және басқа да дәстүрімізді дәріптейтін жәдігерлер қойылыпты. Басына сәукеле, үстіне қос етек көйлек киіп қаз-қатар тізіліп тұрған қуыршақтардың бойында жаны жоқ демесеңіз, кәдімгі арулардан аумайды. Дәл сондай қуыршақтардың бір парасы ақ жаулықты әже мен ақ сақалды атаның, ер жігіттің бейнесінде жасалыпты. Қолөнер туындыларының бәрі де үріп ауызға салғандай. Балабақшадағы балақайлардың қуыршақтарға қатты қызығатыны, жалпы ұлттық бұрышқа келуге асығып тұратыны сондықтан болса керек.
Саусағына сиқыр дарыған қолөнершілер биыл ел көлемінде тойланып жатқан Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойына орай Бесқарағай өңірінде тұратын 28 ұлт өкілінің қуыршақ бейнесін ұлттық ұстынын қаз қалпында сақтай отырып жасап шығыпты.
– Біздің қуыршақ театрымыз бар. Қазақ ертегілерін осы театр арқылы балаларға тәрбиешілеріміз қойып береді. Қуыршақтарды өзіміз тігеміз. Балалардың қызығушылығы күшті, әрбір қойылымды асыға күтеді. Салт-дәстүріміз бен баға жетпес асыл мұраларымыз туралы мәліметтерді жас ұрпақтың санасына кішкентайынан там-тұмдап сіңіруде, үйретуде қуыршақ театры мен ұлттық бұрыштың алатын орны бөлек, – дейді әдіскер Айгүл Қабенова.
Бір қызығы, «Айналайын» қазақ балабақшасы болғанмен бұл жерде қарадомалақтармен қатар бір шаңырақ астында орыс, неміс, татар ұлттарының бүлдіршіндері де қазақы тәрбиемен сусындауда. Қазақша ән шырқап, тақылдап тақпақ айтып, салт-дәстүріңді танып тұрған өзге ұлттың балаларын көргенде көңілің жадырап, жүрегің жылып салады береді екен рас. Бұдан соң басқалар қызыға қарайтын Қазақ еліндегі татулығыңыз осындай тал бесіктен тамыр алып жатқанына кім дау айта алар?!

Серік Әбілхан

Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button