Қоғам

Мәскеуде жеңіс қажет

«Торпедо» Петров кубогы үшін жарысты аяқтаудың аз-ақ алдында тұр. Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің 1/8 финалында мәскеулік «Звездамен» жолы түйіскен өскемендік команда сериядағы төрт ойыннан кейін қарсыласына 1:3 есебімен жол беруде.

Келесі кезеңге, яғни ширек финалға төрт жеңіске жеткен команда шығатынын ескерсек, Мәскеуде өтетін бесінші ойында (1 наурыз) жерлестерімізге тек  жеңіс қажет. Еске салайық, қос ұжым арасындағы алғашқы екі ойын Ресей астанасында өтіп, айдын иелерінің пайдасына аяқталған-ды (есеп 4:2 және 2:1).

Бұдан кейін қарсыластар Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында жолықты. Сәрсенбіде өткен алғашқы ойында өскемендік хоккейшілер екі рет есепте алда тұрып, қарсыласқа таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды. Әсіресе, «Торпедо» қақпасына соғылған екінші шайба жанкүйерлердің өзегін өртегені анық. Бұл шайба кездесудің негізгі уақытының аяқталуына бар болғаны жеті секунд қалғанда қақпаға енген-ді.

Дегенмен овертаймда торпедолықтар команданың үздік мергені Евгений Рымаревтің көмегімен жеңісті жұлып әкетті. Рымарев бұл ойында дубль авторы атанғанын айту керек. Тағы бір нәтижелі соққы қорғаушы Дмитрий Стуловтың еншісіне жазылды.

Келесі күнгі ойында да матч есебін айдын иелері ашты. Көзге түскен шабуылшы Дмитрий Гренц болды. Өкінішке қарай, бұл «Торпедо» ойыншылары соққан алғашқы әрі соңғы шайба болды. Кездесудің қалған уақытында қонақтар өскемендік команданың қақпасынан үш мәрте саңылау тауып, ойынды 3:1 есебімен өз пайдасына аяқтады. Бір айта кетерлігі, «Торпедо» қақпасының торында тулаған үш шайбаның екеуін Өскемен хоккей мектебінің түлегі, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында жасындай жарқылдаған Сергей Антиповтың ұлы Артем соқты.

Осы айдарда

Back to top button