Қоғам

Мұражайды Түрксібтің 90 жылдығына тарту етеміз

«Өткенді еске алсаң өскенің, еске алмасаң өшкенің» дейді халық даналығы. Еліміздің күретамырына айналған, маңызды темір жол торабының бірі Түрксібті салуға қажыр-қайратын сарп еткен, аянбай тер төккен аталарымыз бен апаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың еңбегіне тағзым етеміз.

Түрксіб темір жолына биыл – 90 жыл. «Түрксіб-Семей» қоғамдық қоры бұл мерейтойға былтырдан бастап жоба құрып, дайындалды. Семейдегі теміржол вокзалының алаңы мен 17 жыл бөлімше басқарып, өмірінің 20 жылын Семейге арнаған қоғам қайраткері, Құрметті теміржолшы Қаныбек Ержановтың атына берілген көше абаттандырылды. Оның 88 жастағы жұбайы Сара Сарбарованың пәтері жөнделді. Биылғы 15 наурызға дейін 90 жылдық бойынша мұражайда конференциялар, облыстық өлкетану мұражайында көрме өткізілді. «Түрксібке – 90 жыл» тақырыбында онлайн сұхбат болды.

Қазақ темір жолы туралы Н.Есенғариның том-том тарихи еңбектері баршылық. Бірақ кітапты әркім оқымайды, оқыса да, темір жолды әркім түсіне бермейді. Осы салада еңбек еткен 60 жыл ғұмырымда Түрксіб темір жолын алғаш салғандардан алған тәлімім кейінгі ұрпаққа көрнекті мәдени мұра болсын деп 2013 жылы «Түрксіб-Семей» мұражайын аштым. Онда тақырып-тақырыппен заман ағымына қарай фотосуреттер, тарихи деректер, естеліктер, тарихы зерделенген көрме-тақталар, деректі фильмдер, Ресей Сыртқы істер министрлігінің архивінен алынған 1904 жылдан бергі деректер, баннерлер, альбомдар, карта-сызбалар, макеттер және басқа да жиыны 1145 экспонат орналасқан. Мұның бәрін атқару үшін Семей теміржол бөлімшесінің жиналысында «Түрксіб-Семей» қоғамдық қорының және мұражайының жетекшісі болып сайландым. Осы істі жетесіне жеткізу үшін бар күш-қайратымды, қаражатымды аямадым. Ай сайын зейнетақымнан 25 мың теңге жұмсап отырамын. Тазалықтан бастап барлық жұмысты өзім атқарамын. Кіруі – тегін. Мұражай вокзалдың оң жағында орналасқан, бөлімшенің жалғыз мәдени-тарихи орны. Халық та, теміржолшылар да еңбегіме риза.

«Түрксіб-Семей» мұражайы – іздесең табылмайтын баға жетпес қазына. Мен қазір 83 жастамын. Мұражайды халқыма, теміржолшыларыма, ұрпақтарыма Түрксіб темір жолының 90 жылдығына орай тарту етпекпін. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Сауат Мыңбаевтан мұражайды мемлекеттің қарамағына қабылдап, мәдени мұра ретінде сақталуына қолдау көрсетуін өтінемін.

Құрметті әріптестер, сіздерді келе жатқан теміржолшылар күнімен құттықтаймын! Қажырлы еңбектеріңізге ризалығымды білдіре отырып, баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

 

Мақсұт Көшжанов,

«Түрксіб-Семей» қоғамдық қорының және мұражайының директоры, Семей белгі беру және байланыс дистанциясы ардагерлер кеңесінің төрағасы

Осы айдарда

Back to top button