Қоғам

Мұратбек Оспанов, «Абай» журналының редакторы

1918 жылы   Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов Семей қаласында «Абай» журналын шығарды. «Журнал туралы» деген алғысөзінде  Жүсіпбек Аймауытов бұл журналды қандай мақсатпен шығарып отырғандарына нақты тоқталады. Бұған қоса:

«Өмір жолы тар соқпақ, иілген жақ,

Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.

Имек жолда тиянақ, тегістік жоқ,

Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» – деп Абайдың өзінен эпиграф береді. Жалпы, журналдың о бастан-ақ  ұстаған бағыт-бағдарының біріншісі – Абай болса, екіншісі – халықтың тағдыры мен тарихы болатын. Мұхаң да, Жүсекең де журналдың ғұмырының қысқа боларын өздері де сезген сияқты. «Талабым – таяғым, жігерім – азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазығым» деген үмітпен шығарып отырмыз» дейді. Журналда алаш арыстарының да мақалалары жиі жарық көреді. Мұхаңның өзі 1918 жылғы журналдың он екі санына   мақала жазған.

Тәуелсіздік алған соң,  Абайдың 150 жылдық мерейтойына қызу дайындық басталады. Сол кезде Семейдің Ырысхан Мұсаұлы  бастаған зиялылары: «Біздің қаламгерлердің қосқан үлесі осы болсын, біз сонау кезде өліп қалған Абай журналын қайта шығарайық» деген әңгіме көтереді. Ал 1994 жылдың 13 мамырында журналға республикалық мәртебе беріледі. Содан бері міне, ширек ғасырдан астам уақыт өтіпті. Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында биыл Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын айтады.  Бізді бір қуантқаны – мақалада 1992 жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні де айтылыпты. Әрине, бұл – Абай шығармашылығын насихаттауға ғана емес, абайтануға, әуезовтану мен шәкәрімтануға да билік тарапынан жасалған үлкен қолдау деп ойлаймын.

Осы айдарда

Back to top button