Тұлға

Өмір жолы – өнеге

Қапар аға Теміржанұлы тағдыр тауқыметін бір кісідей тартқан, осынау бейбіт күн, бақытты ұрпақ үшін от кешкен, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек еткен қарапайым ардагердің бірі еді.

Ол бір мың тоғыз жүз он үшінші жылы бүгінгі Ұлан ауданындағы Алғабас ауылында дүниеге келген. Аумалы-төкпелі алмағайып заманда толық білім алуға мұршасы болмаған жігерлі жас зеректігі мен қажыр-қайратының арқасында өмір тәжірибелерінен мол сабақ ала біледі. Ұраншыл қоғамның тым ерте есейген талапты жастары сияқты Қапар да жас та болса іске бас бола алатын қабілетін танытып, басшылардың назарына ілігеді.

Ол заманда ауыл шаруашылығын ірілендіру жоспарымен «Гигант» аталатын, аудан басшылары бір шеті мен бір шетіне вертолетпен қатынайтын кешенді шаруашылық құрылады. Орталығы – осы Көкпекті ауданы. Міне, осы шаруашылықтың «Үлгілі малшы»  кеңшарының Нұра мекеніне қоныс аударған Қапар мал бағумен шұғылданатын ұжымның жетекші маманы болып тағайындалады. Сауатсыздықты жою науқаны кезінде алған төрт кластық білімін іс басында бай тәжірибемен ұштастырып, бөлімше меңгерушілігіне дейін көтеріледі. Қазақ даласын жайлаған аштықтан тұралап қалған шаруашылықты қалпына келтіру жолында жан аямай еңбек етіп, мал бақты, егін орды, шөп шапты. Мен басшы едім деп қол қусырып қарап тұра алмады. Қай жерде іс ақсап жатса, сол жерден табылатын. Қолдағы аз малды қайтсек көбейтеміз деп жұмыла іске кіріскен ерен еңбекті бұрқ еткен соғыс өрті бұзды. Өрімдей жастар қан майданға топ-тобымен аттанып жатты. Солардың бірі болып Қапар да қолына қару алды.

Қапар аға майдан даласына соғыстың алғашқы күнінен бастап араласып, аса көп дайындықсыз бірден Сталинград майданына түседі. Бұл шақта Сталинградтағы жағдай соғыстың шешуші сәті еді. Бүкіл совет әскерлері, ауыр артиллерия мен танк корпустары осы жерге шоғырланды. Анталаған жау қолына тосқауыл қойып, айла-амалмен тұзаққа түсіру, жойқын күшпен қарсы соққы беріп, бетін қайтару оңай емес еді. Соғыстың қандай кезеңі болмасын, қашанда ауыр салмақ жаяу әскерге түсетіні белгілі жайт. Мұнда да солай болды. Азынап ұшқан снарядтар мен миналар, қара жерді қақ айыра қопарған бомбалар астында жер бауырлап жылжыған солдаттар жанкештілікпен айқасты. Қарша бораған оқ. Жау жаралы жолбарыстай жанталаса қарсыласты. Майдан даласында мәңгілік жер жастанған жолдастарын көргенде, Қапар жеңістің асқан ауыр шығынмен келгенін, қандай қансоқта, қасап шайқастың ішінен аман шыққанын түсінді.

Соғысты ұлы Жеңіспен аяқтап елге оралған Қапар аға ауыл шаруашылығын өркендетуге кіріседі. Елге аман оралған әр майдангер он адамнын орнына еңбек етті, он адамды жоқтатпады. Қапар аға да шаруашылық басшылары қайда жұмсаса, сол жерде абыройлы еңбектің үлгісін көрсете білді. Ол заманда басшыларда мынандай бір ұтымды тәсіл бар еді. Қол астындағы фермалардың қайсысының жұмысы ақсап жатса, сол жерге іскер деген адамды тағайындап, жұмысты жандандырып жіберетін. Ондай ұйымдастыру қабілеті бар, жұмыстың ыңғайын жетік білетін адамдардын ішінде Қапар аға да бар болатын. Шаруашылықтың алты фермасында меңгеруші болып, алтауын да алдыңғы қатарға қосты. Бұл кеңшардан кейінірек елімізге танымал қайраткерлер, басшылар, ғалымдар көптеп шықты. Олардың жазба естеліктерінде Қапар ағаның адамгершілік қасиеттері жайлы мағлұматтар баршылық. Солардың бірі сол шаруашылықта әртүрлі салада басшылық қызмет атқарған, ауданымыздың құрметті азаматы марқұм Қайырқан Маматов еді. Ол өзінің бір сөзінде мынандай ой айтқан екен: «Қапарды қайда жұмсаса да, сенімді толық ақтап шығатын. Іскерлігі өз алдына, адамдармен тіл табыса алатын да, тұралап жатқан іс тетігін тауып, сол жұмысқа барлығын жұмылдыратын. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында қандай техника болса, түгелдей дерлік тілін білетін. Еңбеккерлер де сол үшін ерекше сыйлайтын. Әрине, жұмыс барысында бес саусақ бірдей бола бермейтіні секілді, кемшіліктер де орын алып жатады. Ондайда ашуға да тізгін беретін жайлар болады. Бірақ барлығын салмақты ұйымдастырылған жұмыс тік көтеріп әкететін еді».

Қапар аға ауа райын тамыршыдай тап басатын тәжірибелі ақсақалдардың ақыл-кеңесін көп тыңдайтын еді. Одан алғанын өзі саралап, ішкі есебі мен өмір сабақтарынан түйгендерімен ыңғайластыра пайдаланатын. Сондай іс-әрекеттердің арқасында қай бөлімшеден болмасын мол өнім алынып, үнемі алдыңғы қатардан көрінген оған ұмтылушылар да көп болды. Іс-тәжірибесін әлденеше рет аудан, облыс көлемінде насихаттап таратты да.

Қапар аға өз еңбегін ешқашан бұлдап көрген жоқ. Жақсы оқып, тәрбиелі болып өскен балаларынан да соны талап етті. Әрқайсысына сынай қарап: «Сендер – бақытты болашақ иесісіңдер. Ең басты міндеттерің – сапалы білім алу. Біздің заман қасірет пен қайғыға толы заман болды. Аштық, жалаңаштықты көрдік. Сонда да ешкімге алақан жайғамыз жоқ. Жеріміз бай, еліміз бейбіт болса, алынбайтын асу, шықпайтын биік болмайтынына сендік. Сол жолда жан аямай еңбек еттік. Ең бастысы – өзіңе деген сенім, сонан соң қажымай-талмайтын еңбек. Сонда ғана іздеген мұратқа жетесіңдер», – деуші еді. Бұл – тек Қапар ағаның ғана емес, жалпы ардагерлердің ақ тілегіндей өсиет. Еңбекке тәрбиелеу, отансүйгіш қасиетін дарыту, қажыр мен қайсарлыққа жетелеу үшін ардагерлеріміздің өмір жолы өнеге емес пе?!

Айбек Сапышев 

 Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button