Мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдау мәселесі қарастырылып жатыр
Өскемендегі оңалту орталықтарына мүмкіндігі шектеулі балаларды тасымалдау мәселесі жақында шешілетін болды. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған кезде айтты. Коронавирус індетінің таралуын тежеу мақсатында жиын онлайн форматта өтті.
Аймақ басшысы қашықтан байланысқа шығып, экранның арғы жағындағы тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ асты. Азаматтар айта келген мәселенің дені сол жерде шешімін тауып, соған сәйкес жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, қабылдауға келгендердің бірі өскемендік Азамат Бойғонов. Ол қалада орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталықтарына тасымалдауда біраз қиындықтар бар екенін жеткізді. Айтылып отырған мәселенің маңыздылығына мән берген өңір басшысы оны шешу үшін облыс бюджетінен 29 млн. теңге қаржы бөлуді тапсырды. Сонымен қатар арнайы қызмет көрсететін мекемелердегі мамандардың жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базаны нығайту сияқты өзге де проблемалар сөз болды.
– Өңірдегі арнайы қызмет көрсету орталықтарындағы кадр тапшылығын жою, мамандардың біліктілігін арттыру, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы проблемаларды түпкілікті шешу үшін республикалық комиссиямен бірлесе отырып облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр. Осы бағдарлама іске асырыла бастағанда аталған түйткілдердің түйінін шешеміз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Қабылдау барысында сонымен қатар кәсіпкерлерден келіп түскен сұрақтар қаралды.
Қуан Сейіт