ТабиғатТОП

МӨЛДІРЕГЕН МАРҚАКӨЛ

Алдымыздан көрінген алақандай ауыл Ақжайлау екен. Көсіліп жатқан Ақжайлаудың  жазира жазығын көлбей өтіп, иір-иір, биік-биік тау бөктерлерін қабырғалай өрлеп келеміз. Марқакөлге жеткізетін құз-жартасты, көпке белгілі мәрмәр жолы осы. Әркімнің-ақ қиялында жүрген Марқакөлдей жер жұмағына  екінші рет жолым түскеніне қуанып келемін. Көл жағасындағы Ұранқайға ымырт үйіріле жеткен біз аңсап келген Марқакөлдің   көгілдір зеренін бірден көре алмасақ та, жұлдыз төнген айлы  аспанын, толқыны жағалауды сипай «шолп-шолп» еткен айдынның түнгі тылсымын тамашалап, тамсандық. Марқакөл! Сұлу көл тұңғиық көкті  табынтып, баяу тербеліп  жатыр.

ФОТОТҰЗАҚҚА «ТҮСКЕН» ТҰРҒЫНДАР

Марқакөл мемлекеттік қорығының кеңсесі Марқакөлді жиектей қонған Ұранқай ауылында орналасқан. Көз жауын алған қорықтың байлығы осында  жұмыс істеп жатқан 25 қорықшы инспектордың, басқа да қызметкерлердің  бақылауында.  Марқакөлдей ғажайыпты сақтап, қорғап,  қорық аумағында браконьерлікпен күресу үшін қазіргі күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі  тарапынан кешенді іс-қимыл жоспары бекітіліп, жан-жақты жұмыстар  атқарылып жатыр. Қорық қызметкерлері жүрдек моторлы қайықтармен, фототұзақтармен, заманауи бақылау құрал-жабдықтарымен жарақтандырылып, толықтырылуда. Өткен жолы  уылдырық шашу кезінде  көлге құятын өзендердің бірінен майқан балығын заңсыз аулап жүрген екі ауыл тұрғыны осы фототұзақтарға түсіп қап, қолға түскен көрінеді.  Тұмса табиғаттың тау-тасындағы аңдармен бірге браконьерлер де осылай кездейсоқ фототұзаққа «ілініп» жатыр.

 

Марқакөлдің маржаны – майқанды қорғау мақсатында биылдан бастап қорықта жергілікті тұрғындардың балық аулау ережелеріне де өзгерістер енгізілген. Арнайы белгіленген балық аулау орындарының саны  біршама   азайтылып, балық аулаушыларға бөлінетін жолдама  тұрғылықты  жері бойынша тіркелген тұрғындарға ғана беріліп жатыр. Марқакөлге ғана біткен майқан (ускуч) балығын қорғаудың тағы бір шарасы ретінде еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар  министрлігі Парламент Мәжілісіне  Марқакөл көліндегі жыртқыш құс – су құзғынын (баклан) реттеу туралы ережені ұсынып отыр. Бұл құстар саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек.  Олардың артық саны атылып, популяциясы реттеліп отырса ғана, балықтарды қорғауға мүмкіндік тумақ. Балықтарды сақтау үшін қорық инспекторлары су құзғындарын үркітіп, қуалау  жұмыстарын да жиі жүргізіп келеді. Мұндай амалдың нәтижесі де жоқ емес екен. Су құзғындары  былтыр 5-6 мыңнан асып көбейіп кетсе, биыл 400-ге дейін түсіп, азайғаны байқалған.

Тимур Айкенов, Марқакөл мемлекеттік қорығының директоры:

-Уылдырық шашу маусымында су құзғындарының санын азайту үшін тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеміз. Су құзғындарын ұясына қондырмай, шулы дауыс шығаратын құралдармен үркітіп, қуалап та жатырмыз. Бұл әдіс ұядағы жұмыртқалардың тез суып, балапанның  шықпай қалуына ықпал етеді. Инспекторлар су құзғынының жұмыртқаларын тесумен де айналысуда. Табиғи заңдылықтар бойынша су құзғынының ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпай қалса, құстар ол жерден ауып кетеді.

                ҰРАНҚАЙДЫҢ МҰҢЫ – МЕКТЕП

 Марқакөл, Ұранқай, Ақжайлау, Марқа өңірінің өзге  ауылдарының бәрі де шекара  шебінде жатқан ауылдар. Биыл облыста Күршім, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай, Үржар   аудандарының шекара маңындағы ауылдарын дамытуға бағытталған бесжылдық бағдарлама қабылданған болатын. Шалғайдағы шекаралық ауылдарда білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын, инфрақұрылымдарды дамыту жобаларына 200 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалатыны жоспарланған.   Қашанғы жазайық, қиыр  шеттегі кетеуі кеткен ауылдардың ахуалын жақсарту, шекара бойындағы қаңырап иен қалып жатқан ауылдардың жағдайын, тұрмысын түзеу, мүшкіл халдегі шекара заставаларын заманауиландыру, жабдықтау – бүгінгі күннің өткір мәселесі болса да шешілмей келеді. Шекараны қорғауда ауылдардың, ауыл тұрғындарының сақшыларға тигізер көмегі де аз емес. Ал кез келген ауылды сақтайтын – мектеп. Шекара шетіндегі Ұранқайдың ең басты мәселесінің бірі де – мектеп. 105 үй, 365 тұрғыны бар бұл ауылдың 9 жылдық мектебінде 70 бала оқып жатыр.  Апаттық жағдайдағы мектеп сүріліп тасталынып, орнына жаңа мектеп салынады дегелі қаншама жыл өткенімен, ауыл балалары әлі күнге дейін осы мектепте  үш ауысымда оқып келеді. Өткен ғасырдың 64-ші жылы ағаштан салынған ескі мектеп құлағалы әрең тұр. Мектеп директоры Бауыржан Әміренов жыл сайын «жаңа  мектеп келер жылы салынатын шығар» деген үмітпен жүргендерін жеткізді.

-Қазір Ұранқайда көршілес ауылдың балалары да оқып жатыр. Егер ауылда жаңа мектеп салынса, жанынан  интернат ашып, көрші ауылдардың балалары  осында тұрып  оқитындай мүмкіндік  тудыруға болар еді. Себебі Ұранқайдың болашағы үлкен, тұрақты жұмыс істеуге, мал бағуға жақсы жағдай бар. Ауылдың орман шаруашылығы мекемесінде 40-50, қорықта 40 шақты, мектептің өзінде 30-дан астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Аралас мектебімізде мұғалімдер тапшылығы жоқ, ағылшын тілінен беретін төрт бірдей мұғалім бар,- дейді мектеп директоры  ұранқайлықтардың  басты мұңы – мектеп болып келе жатқанына он жылдың жүзі болғанын айтып. Мектеп салынса, интернет болса, жол жөнделсе, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған Ұранқайдай ауылдардың тірлігі қайнап, шекара маңы беки түсері түсінікті.

ҚАРАҚАТ ТЕРУГЕ КЕТТІК

Алтайдың әр томпағын, әр соқпағын жақсы білетін, 1977 жылдан бері Марқакөл қорығында инспектор болып жұмыс істеп, аттан түспей келе жатқан Төлеген Айтқазин бұл жердің туристерге де, тұрғындарға да теңдесі жоқ мекен екенін, тек халыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтты. Төлеген ағаның ұлы Рахат та қорық қызметінде.

Шекарадағы елді мекенді шалғай деп отырған ауыл тұрғындары жоқ.  Өйткені Ұранқай шығыстың жауһары –Марқакөлдің дәл жағасында тұр. Суы – бал,  жидегі – нәр, ауасы – жұпар! Малға да, жанға да жайлы жер. Ауыл тұрғындары анау жасыл жотаның баурайы, қиялай өскен қарағай, самырсын,  сыңсыған қайың жайқалған айналадағы тау-тасты орманның, қалың шаттың іші түгел қарақат, ұшқат, көкбояу мен таңқурайға тұтасып тұр дейді. Сондықтан бұл ауылдың пысық қыз-келіншектерінен «Қарақат теріп қайтайық, қарақат теруге кеттік» деген сөздерді жиі естисіз десті жұрт.  Орыс, қазағы бар, ерінбегендер ертемен тұрып, табиғаттың тартуын шелектеп теріп әкеліп тосап жасап, мұздатқышқа қатырып, қысқа дайындап, артылғанын туристерге сатып, тырысып,  маусымдық  табыс көзіне айналдырып жатқанын көрдік.

Ұранқайдай елді мекендердің  ұмтылысын қолдап, жалаңаштанып қалған шекараларды шегендеп, халықты қайтадан қоныстандыру үшін, тым болмаса тоқтату үшін нақты іс керек. Әр жерде айтылып жүргендей, шекаралық аймақтарда жұмыс істеп жатқандардың жалақысына 50 пайыз үстемеақы қосу, ол жақтағы ауылдарда жаңа туған сәбилердің отбасына миллион теңге әлеуметтік көмек беру сияқты көп сөздердің кейбірі болса да  іс жүзіне асып жатса, шекара шетіндегі ауылдардың жағдайы шындап оңалар  еді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button