Мүлік иелерінің бірлестігіне көшеміз
Жақын арада қазақстандықтар ПИК-нің орнына мүлік иелерінің бірлестігін немесе көппәтерлі үйдің серіктестігін таңдауы тиіс.
Естеріңізде болса, осы жылдың басынан бастап “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға түзетулер күшіне енгенін жазған болатынбыз. Түзетулерге сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған, осылайша аталған саладағы мәселелер елеулі өзгерістерге ұшырамақ. Басты қағида: бір үй – бір бірлестік – бір шот. Бұл принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін ескереді, сонымен қатар тұрғындарға тек өз үйін күрделі жөндеуге қаражат жинауға, қаражаттың түсуі мен олардың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың облыстық филиалында мүлік иелері бірлестігін мемлекеттік тіркеу мәселелері талқыланды. Облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Бейсембек Әл-Сейіт Өскемен қаласының ПИК төрағаларымен кездесуде негізгі ұғымдарды түсіндіріп берді. Меншік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру үшін заңды тұлға – коммерциялық емес ұйымды тіркеу қажет.
– Пәтер иелері жиналыс өткізіп, меншік иелері құрамынан үш жыл мерзімге үй кеңесін сайлауы, сондай-ақ бір жылға МИБ төрағасын сайлауы, үш жыл мерзімге тексеру комиссиясын немесе ревизорды сайлауы, МИБ-нің жарғысын бекітуі, МИБ-ін тіркеу туралы құжаттарды ХҚКО-ға тапсыруы тиіс. Төрт құжат болуы керек. Олар МИБ атынан өтініш, меншік иелері МИБ құру және төрағаны таңдау туралы шешім қабылданған жиналыс хаттамасы, үлгілік жарғы және меншік иелерінің бірлестігін тіркеу үшін 1 АЕК мөлшерінде ақы төленгені туралы түбіртек, — деп түсіндірді Бейсембек Әл-Сейіт.
Қазақстандықтар үйді басқарудың мұндай түріне 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін көшуге міндетті болғанына қарамастан, егер қазіргі ПИК қызметіне көңілдері толатын болса, ол үйлердің тұрғындары пәтер иелері кооперативін 2022 жылғы 1 шілдеге дейін қалдыра алады. Алайда мерзім аяқталғаннан кейін ПИК басқарушылар немесе сервистік компаниялар санатына ауысу туралы шешім қабылдауы шарт.
Бейсембек Әл-Сейіт атап өткендей, МИБ төрағасы сервистік ұйымдармен тікелей жұмыс істеуге, олармен шарттар жасасуға және ай сайын ұсынылатын орындалған жұмыстар актілері бойынша қызметтерге ақы төлеуге құқылы. Жиналған қаражатты үй кеңесі бақылайды, ал жүргізілген жұмыстарды бақылау үй тұрғындарының құзырында қалады.
– Сондай-ақ пәтер иелері үшін МИБ құру мүмкін емес үйлер бар. Ондай жағдайда оның орнына жай серіктестік құру қажет. Бірақ бұл заңды тұлға емес, жеке тұлға болады. Ол үшін барлық меншік иелерінің қатысуы қажет, олар жазбаша сенімхат жазып, сенім білдірген бір адамды таңдап алуға міндетті, — деді Бейсембек Әл-Сейіт.
Талқылау барысында ПИК төрағалары мүлік иелерін біріктіру жүйесінде барлығы бейжай қарамайтын азаматтардың бастамасына негізделгенін атап өтті. Қазіргі уақытта тұрғындардың үйді басқару процесіне қатыспауы, сондай-ақ төлем жасамайтын тұрғындар мәселесі өзекті болып тұр. Бұдан басқа, талқылау барысында МИБ қай жерде орналасуы керек, ПИК 2021 жылғы 7 қаңтардан кейін не істеу керек, егер тұрғындар МИБ-іне көшу туралы шешім қабылдаса, ортақ аула аумағын мүлік иелерінің бірлестіктері арасында бөлу қалай болады деген сияқты сұрақтар туындады.
— Қазір біз алаңдаушылық тудыратын мәселелерге мониторинг жүргізетін боламыз. Осыдан кейін нақты жауаптар алу үшін жергілікті атқарушы органдармен, оның ішінде ТКШ бөлімімен және ПИК төрағаларымен кездесу ұйымдастырамыз, – деп қорытындылады облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық филиалының басшысы Елена Березинская-Әбілова.
Айна Ескенқызы