Қоғам

Мүгедектік деңгейі қандай?

Облыста өткен жылы 3648 адам  алғаш рет мүгедек деп танылды. Яғни осыншама жан жұмыс істеу қабілетінен мүлде немесе ішінара айырылған. Өңіріміздің қай аудандарында қандай ауру түрлері басым? Денсаулық саласында қандай бағыттарға басымдық беру керек? Біз Шығыс Қазақстан облысы бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Құралай Ибраевамен осы сауалдардың жауабын сараптап көрдік.

Облыс тұрғындарының мүгедектік жағдайына талдау жылда жасалады. Соның нәтижесі бойынша қай ауданда қандай дертке қарсы күресті күшейту керектігі,  өңірлерге қандай денсаулық сақтау нысандарының қажеттілігі анықталады.  Өңірімізде 2019 жылы 3648 адам  алғаш рет мүгедек деп танылды. Сонда интенсивті көрсеткіш, яғни алғаш рет мүгедектікке шығу деңгейі облыста 10000 тұрғынға шаққанда 26,6 құрады.Бұл республикалық көрсеткіштен (30,2) төмен, – деп бастады сөзін Құралай Муффлинқызы.

Талдауларға жүгінсек, ересектердің ішінде алғашқы рет мүгедектікке шығу жағынан бірінші орында қанайналымы жүйесінің аурулары (804 адам), екінші орында қатерлі ісік аурулары (803 адам ), үшінші орында психикалық аурулар  (357 адам), төртінші орында барлық жарақаттар түрлері (266 адам) тұр. Бұл көрсеткіштер де облысымыз бойынша тұрақты. Кейде диагноздардың орны ауысқаны болмаса, басқа өзгеріс болмайды. Бір жылы қатерлі ісік алға шықса, екінші жылы қан айналымы жүйесінің дерттері басым түседі.Соңғы жылдары облысымызда психикалық ауытқушылық көрсеткішінің артуы балалар арасында аутизм дертінің өсуімен байланысты екен.

  • Психикалық ауытқулар аурулары көрсеткішінде ересектер мен балалар бірге есептелген. Балалар арасында аутизм бірінші орында тұр. Тек біздің облыста ғана емес, сондай-ақ республика, тіпті дүниежүзі көлемінде өсіп келеді деп айтуға болады. Жыл сайын әлемнің дәрігерлері оның себептерін анықтау үшін конференциялар өткізеді, әзірге  бұл ауытқушылықтың этиологиясы, себебі белгісіз. «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына» енгізілген өзгертулерге сәйкес, елімізде аутизмге шалдыққан балаларға дәрежесіне қарай мүгедектік тағайындалады, – деп түсіндірді Құралай Ибраева.

Алғашқы рет мүгедектікке шығу көрсеткіштерін аудандар мен қалалар кесіндісінде қарастырсақ, алдыңғы орында Өскемен мен Семей қалалары, одан кейін Аягөз, Глубокое, Алтай аудандары келеді. Аягөзде алғаш рет мүгедек алған 191 адам тіркелсе, Глубокое ауданында 188 адам, Алтай ауданында 168 тұлға бірінші рет мүмкіндіктері шектеулі жан деп танылған.

  • Бұл жерде, менің ойымша, алдымен халықтың шоғырлану тығыздығы бірінші рөл атқарады. Өскемен мен Семей халқының саны жағынан облыстағы ең үлкен қалалар. Сосын жаңағы аудандар халық саны жағынан тығыз шоғырланған. Аягөз ауданында 72 мыңнан астам, Глубокое ауданында 61 мыңнан астам, Алтай ауданында 66 мыңнан астам тұрғын бар. Екінші жағынан,бұл – елді мекендердің өнеркәсіптік аймақ болуының да кесірі, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Алғаш рет мүгедектікке шыққан аягөздіктердің арасында қатерлі ісік бірінші орында тұр – 42 адам. Одан кейін қан айналымы   бойынша 34 адам,  денсаулығына жүйке жүйесінің ауруларынан нұқсан келгендердің саны – 22 адам. Бұл инсульт алғаннан кейін сал болып қалған  жандар. Алтай ауданында мүгедектікке басты себепші -қан айналымы жүйесінің аурулары, 40 адам. Екінші  орында қатерлі ісік – 39 адам, инсульттан кейін 13 адам. Өткен жылы Алтай мен Аягөзде инсульт орталықтары ашылғаны белгілі. Алдағы уақытта дәл осы дерттің салдарынан болатын жарымжандық көрсеткіші төмендейді деп сенгіміз келеді. Глубокое ауданындағы  алғашқы   мүгедектіктің себептеріне келсек, 46 адам қан айналымы ауруларының кесірінен, 19 адам психикалық аурулардан, 18  жүйке жүйесі дерттерінен кейін осы санатқа жатқызылған. Аудандар арасында жері шүйгін, ауа райы қолайлы саналатын Үржар ауданының төртінші орында тұрғаны алаңдарлық жағдай (158 адам). Бұл ауданда да қан айналымы жүйесінің ауруларынан болатын мүгедектік алдыңғы орында, 30 адам. 16 адам туғаннан дамуында кемістігі бар диагнозымен шықса, барлық жарақат түрлерінен зардап шеккендер үшінші орында (16 адам).

Құралай Муффлинқызы, Семей полигонынан ең көп зардап шеккен Абай ауданы, Абыралы жақтың тұрғындарының денсаулығы қалай?

-Абай ауданында мүгедектікке шығу деңгейі басқа аймақтармен салыстырғанда төмен. Оның себебі – аудан халқының аздығы. Қазір онда 14 мың 418 адам, Қарауылда 5 мың 222 адам тұрады. Бұл өңірде өткен жылы алғаш рет мүгедектік 23 адамға берілді.  Дегенмен ауданда қатерлі ісіктің салдарынан мүгедек болып қалу  көш бастап тұр, 6 адам. Екінші орында көз аурулары тұр (4 адам). Көз ауруының қай түрі болмасын,  көз өткірлігінің төмендеуіне әкеліп соқса, сол бойынша мүгедектік тағайындаймыз. Бұдан басқа  жүйке ауруының, яғни инсульттің салдарынан бір адам, сүйек-бұлшық ет ауруларына жататын ревматоидты артрит, тұз жиналу ауруымен 3 адам, қан айналымы жүйесінің ауруы кесірінен 2 адам мүгедектікке шықты.

 

22 жолдама негізсіз толтырылған

 

-Құралай Муффлинқызы, комиссияның сараптамалық қорытындысымен келіспейтіндер бола ма?

-Ондай арызданулар бізде күнде кездеседі.Қайта куәландыру кезінде мүгедектікті алып тастағанға  ғана емес, тағайындалған тобына да наразылық танытады.  Мұндай шағымдарды әдістеме және бақылау бөлімінің мамандары күнделікті қарайды.  Өткен жылы мүгедек деп танылған 3648 адамның ішінде  112 азаматқа қатысты шешімөзгертілді. Мысалы, 63 адамға мүгедектігі қайта тағайындалды.  Дәрігерлердің тағайындаған қайта куәландыру мерзімімен келіспеген  32 адамның арызы қанағаттандырылды. Мүгедектіктің себебі сегіз тұлғаға өзгертілді. Бұл жерде жарымжандықтың себебі жалпы аурудың немесе Семей полигонының салдарынан деп бөлінеді. Тағы тоғыз адамға еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесі қайта анықталды. Шешімдерді тексерген кезде барлығына өзім қатысуға тырысамын, құжаттарды қайта тексереміз. Жоғарыдағы шешімдердің басым бөлігі арызданушылардың пайдасына шешілгендіктен, олар тарапынан қарсылық болған жоқ.  Біз әлеуметтік сала болғандықтан, келген жандарға әділ шешім шығаруға, мүмкіндігінше қолдауға тырысамыз

-Мүгедектікке жіберіліп, бірақ комиссиядан өтпей қалғандар бар ма?

-Өткен жылы медициналық ұйымдардан негізсіз толтырылып, жолданған 22 жолдама әшкереленді. Заңнама бойынша науқастарды іріктеу және жолдаумен жергілікті медициналық ұйымның дәрігерлері айналысады. Ал медициналық тексерулердің толықтылығын, негізділігін қамтамасыз етуге медициналық ұйымдардың дәрігерлік-консультативті комиссиясының төрағасы жауапты. Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мамандары құжаттарды жан-жақты саралап, негізсіз деп тапса, ішкі аудит қайта тексереді. Соңғы нүктені  облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары қояды.  Жоғарыда аталған 22 негізсіз толтырылған жолдама фактісі құзіретті мемлекеттік органда қаралып, нәтижесі бойынша 16 жағдайда дәрігерлер, 14 жағдайда дәрігерлік-консультативті комиссиясының төрағасы тәртіптік жазаға тартылды.

Тұрғындар арасында мүгедектік тағайындаудың лимиті бар деген пікір қалыптасқан…

-Ондай жаңсақ пікірді үнемі естиміз. Өзім аудандарға іссапарға шыққанда  халықпен бірге кезекте отырып, әлеуметтің ой-пікірін білуге тырысам. Жоғарыдағыдай                           әңгімелердің барлығы негізсіз. Біздің бөлімдердің барлығында бейнебақылау орнатылған. Алда аудио орнату да ойымызда бар. Бұл комиссия жұмысының ашық жүргізілуіне мүмкіндік береді. Екінші жағынан, біз өз қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін де ойлаймыз. Өйткені психикалық науқастардың іс-әрекетін болжау қиын. Дәрігерлерге шабуыл жасаған, құжаттарды жыртып тастаған жағдайлар  болған.  Оқырмандарымызға  ескертетін тағы бір жайт – біздің мамандар енді кеңес бере алмайды. Қызметтің бұл түрі сыбайлас жемқорлықтың қатері деп бағаланып, «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, алынып тасталды.  Науқастар жолдамамен келсе ғана қабылдай аламыз. Жолдамасыз келген жандарды қарауға құқымыз жоқ.  Сол себепті өзін науқаспын,  жағдайым нашарлап барады, өзіме-өзім қызмет көрсете алмаймын деген  кез келген  адам алдымен өзінің тұрғылықты жеріндегі медицина ұйымына баруы тиіс, барлық емханаларда дәрігерлік-кеңестік комиссия жұмыс істейді.

Осы талдаулардың қорытындысы бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Мұндай талдау республика көлемінде жасалып отыр. Осы сараптамаға қарап, қай облыста қандай ауруға байланысты мүгедектік көбейіп немесе азайып келеді, соны саралайды. Мүгедектігі көбейіп келе жатқан облыстың денсаулық сақтау басқармасына тиісті тапсырмалар беріледі. Қазір жер-жерлерде инсульт орталықтары ашылып,басқа да жоғары технологиялар енгізілуде, қандай тамаша операциялар жасалады. Буындардыэндопротездеу, жүрекке аорта-коронарлы шунттау оталарын өзімізде жасайды. Соған қарамастан, мүгедектік көрсеткіші артса, онда ол дабыл қағатын жағдай. Медицина қарыштап дамып келеді. Осындай озық медицинасы бар елде мүгедектік деңгейі өспеуі керек.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button