Ұлыстың ұлы күнін аулада қарсы алмақ

Күн мен түннің теңесіп, жыл басы – Наурыздың табалдырықты аттайтын сәтіне де санаулы-ақ сағаттар қалды. Жыл құсындай сағынысып көрісетін бұл мерекеге деген жұртшылықтың құрметі мен ықыласы уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Өскеменнің ЖМК ықшам ауданындағы «Өрлеу» пәтер иелері кооперативіне қарасты тұрғын үйлерде тұратын өскемендіктер биыл ұлтымыздың ұлық мерекесін алғаш рет өз үйлерінің ауласында тойлауды ұйғарып отыр.
ЖАҢА БАСПАНА -ЖАҢА БАСТАМА
\”Жұмыла көтерген жүк жеңіл\”. Қазыбек би көшесіндегі қос үйдің тұрғындары қазір Ұлыстың ұлы күнін қарсы алуға, жаңару мерекесіне жан-жақты қамданып, қызу дайындық жүргізіп жатыр. «Өрлеу» ПИК-іне қарасты екі үйдің де бұл жерде бой көтергеніне бірер жыл ғана болды. Жаңа баспанаға кіріп, қоныстойын тойлағандардың дені – жастар. Бірі – мемлекеттік қызметкер, енді бірі білім беру, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жатыр. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар да жетеді. Өсіп келе жатқан немере-шөбересін бағып-қағу үшін ауылдан қалаға қоныс аударып немесе уақытша келіп ұл-қызының ортасында отырған ата-аналар да көп.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас, «Өрлеу» ПИК төрайымы Айнұр Мамырбаева (суретте) бастаған аула тұрғындары «Наурызды аулада тойлаймыз» дегеннен бері азық-түлік тізімін жасап, қамзол, бешпет, шапандарын шығарып, есік алдында өтетін ерекше мерекеге дайындықтарын бастап кетіпті. 22 наурыз күні қыз-келіншектер, әжелер аулада ауылдағыдай көк түтінін бұрқыратып қазан көтеріп, ақ бауырсақ толы ақ дастарқан жаймақ. Әркім шама-шарқынша үйден еттен, ұннан, жемістен жасалған сан алуан тамақ түрлерін дайындап әкелмек. Мерекеде наурызкөжені тоя ішу «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды. Сол себепті аула тұрғындары көжені тойға келгендердің бәріне жететіндей етіп әзірлеуге ерекше мән беріп отыр.
Тұрғын үйдің қазыналы қарттарының бірі, сексеннің сеңгіріне шыққан Алибас ата мен Жамбы апа болса ұлық мейрамда жастарға ақ тілектерін айтып, «Наурыз бата» беруге әзірленуде. Қариялар атаулы күнді аула ішінде тойлау – бір үйде тұратын көршілердің бір-бірімен араласып, достық, туысқандық пейілде болуына, қыстан аман шыққан халықтың бір-бірімен емен-жарқын жүздесіп, көрісуіне мүмкіндік беретінін айтып, бұл игі дәстүр дәріптеліп, жалғасын тапса деп отыр қуанып.
Ауладағы Наурызда ортаға әр подъездің білекті деген жігіттері шығып, арқан тартысып, гір тасын көтереді. Қазір аула тұрғындары балалар ойнайтын алаңқайды Наурыз мерекесін өткізуге орай реттеп, қалпына келтіруде. Сенбілікке шығып, қыстан қалған қоқыстарды жинастырып, мұз басқан батпақты жерлерді тазартып, асфальтты сыпырып, ретке келтіріп жатыр. Шарада қазақтың ұлттық ойындары ойналып, ауланың өнерлі тұрғындарының, балалардың қатысуымен концерттік бағдарлама өткізіледі. Жеңімпаздар құрқол қайтпайды, жүлде бар.
Алибас Бақтияров, Қазыбек би көшесі, 7/3 үйдің тұрғыны (суретте):

– Наурызды әрбір аулада өткізу туралы жаңалықты біздің аула тұрғындары қуана құптап отырмыз. Үлкен де, кіші де осы мейрамды, көктем мейрамын жыл сайын сағына тосады. Кооператив төрайымы Айнұр Тұрдыбекқызының бастамашылдығына, ұйымдастырушылығына тәмам жұрттың атынан алғысымды айтамын. Алаңдағы дүбірлі Наурыз тойынан ауладағы тойдың қызығы, қуанышы кем түспейді деген ойдамын. Өз үйінің алдында, өз ауласында өткен Наурыз балаларға, жастарға өзгеше көңіл-күй, жылы сезім сыйлайтынына шүбәм жоқ. Біздің ауладан бастау алған осы тұңғыш той, игі дәстүр әрі қарай жалғасын тауып, әр ауладағы бүкіл қазақтың басын қосып, ұлтты ұйыстырса деймін. Қазақтың қандай жақсы дәстүрлері бар, соның жақсысын қабылдап, көрсетуіміз керек. Осы тойда біркелкі ұлттық киім киіп шықсақ, тіптен бір ғанибет болмай ма! Айнұр қызымыз өзі сияқты жастардың арасынан суырылып шығып, шаруаның үлкенін де, кішісін де шешіп, тұрғындардың жағдайын жасап жатыр. Бір сөзбен айтсам, кооператив жұмысын ұршықша иіріп отыр.
Қазыбек би көшесіндегі жаңа үйлердің айналасын тазалау, көріктендіру Наурызбен ғана шектеліп қалмайды. Былтыр кооператив жұмысшылары үйлердің айналасына 28 түп шырша көшеттерін еккен. Ағаш отырғызу, гүлдендіру шаралары биыл да жалғасады. Айнұр кооперативтің өткен жылғы жұмысын қорытындылауды Наурыздан, Ұлыстың ұлы күнінен бастамақ. Сән-салтанатты мерекеде жылдың үздік ауласын, үздік подъезін, жұмысына жауакершілікпен қарайтын кооператив жұмысшысын таңдап, жеңімпаздар анықталмақ. Айнұрдың ойынша, осы үрдістің бәрі жыл басы Наурызда жүзеге асса, ұлық мерекенің маңызы бүгінгіден де арта түспек. Ұлыс күнін тойлауға екі ауланың 1000-ға тарта тұрғыны атсалыспақ.
КӨРШІ ТАТУ БОЛСА – ҚҰТ
Қазыбек би даңғылындағы думанды тойда бір кооперативтегі пәтер иелері, бір үйдегі көршілер ғана бас қоспайды. Осы екі үйге іргелес тұрған көршілес үйлердің тұрғындары, туған-туыстар да шақырылып отыр ауладағы тұңғыш Наурызға. Қазақта «Жаман көршің асыңды бағалар, жақсы көршің басыңды бағалар» деген сөз бар емес пе. Тұрғындардың мейман көңілі жүретін жолы, тұратын мекені, мақсаты, тілегі, ниеті бір -бір көшенің бойындағы ел жұрттың бәрін де көрші деп біледі.
Талай жыл Үлкен Нарын ауданындағы Калинин колхозының төрағасы болып, абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыс орталығына қоныс аударған Алибас қария көршілік татулық, қоңсылық парыз ұғымдарын бүгінгі ұрпақ алдымен есте сақтауы тиіс тәрбие басы деп біледі.
– Солдатово ауылында тұрғанда Нұрғұмар Мұратбаев, әйелінің аты Қатира, Әнуарбек Көшербаев, Тоқтарбек Иманбаев, тағы да басқа туыстай болып кеткен көптеген көршілеріміз болды. Нұрғұмар сол кезде Солдатово ауылындағы орта мектептің директоры қызметінде істеген еді. Қазір бар, Өскеменде тұрып жатыр. Осы көршілерімізбен, барлық ауылдастарымызбен арамыздан қыл өтпестей тату-тәтті тұрдық. Қазіргі кезде ағайынды жақындастыратын әдет-ғұрыптар бұрынғыдай сақталмай жүр. Көршімен тату болу, оған қарайласу, сыйласу қазақтың баласына әке-шешенің тәрбиесімен, үлкендердің көрсеткен үлгісімен, атқарған ісімен берілуі тиіс. Аулада көрші-қолаңның осылай жамырап, жиналып, Наурызды қарсы алуының өзі көршіні сыйлағандық, балаларға көршінің қадірін ұқтырғандық болады біле білсек, – дейді қария.
Бүгінде қалада бір подъезде, бір үйде көршілес тұратын қазақтардың бір-бірімен салқын сәлемдесіп қана өте беретіні – бәрімізге белгілі жайт. Бұл – ұлтымызға жат қылық. Әсіре сақ болып, бауырмалдықтан гөрі бақай есепке жақын болып кеткен қазіргі қазақтың кейбірі «Көрші ақысы – тәңір хақысы» дегенді де әлдеқашан ұмытқан. Сондықтан адамгершіліктің бастауы болып келе жатқан көршілік татулық, көршілік сыйластықтың түбімен жоғалып кетпесі үшін де Ұлыстың ұлы күнін осылай аулада, үй алдында құдайы көршілермен мерекелеудің алар орны, көрсетер өнегесі – өз алдына бір бөлек тәрбие. Ауладағы Наурыз тойы тұрғындардың ұйымшылдығын, береке-бірлігін де арттырары анық.
ВАТСАПТЫҢ «ЧАТЫНА» ТҮСКЕН БАР МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕДІ
Наурызды аулада атап өтуге бастама көтеріп жатқан Өскемендегі «Өрлеу» ПИК-інің құрылып, жұмыс істеп жатқанына екі жылдай ғана уақыт өтті. Осы кооперативке қарасты қос көпқабатты тұрғын үй екі жыл бұрын басқа кооперативтердің құрамында болыпты. Тоғыз қабатты Қазыбек би, 7/3 мекенжайындағы үй «Өтепов 31/4» кооперативінің қарамағында болып келсе, Қазыбек би, 7/2 тұрғын үйі салынып біте салысымен қала ішіндегі әлдебір кооперативтің құрамына енгізілген екен.

«Өрлеу» ПИК төрайымы Айнұр Тұрдыбекқызының өзі де бірнеше жыл бұрын Қазыбек би көшесіндегі осы үйлердің қатардағы тұрғындарының бірі болатын. Жаңадан салынған үйлердің біресе жарығы өшіп, біресе суы тоқтап қалып, жылуға дер уақытында қосылмай, таусылмайтын мәселелер тұрғындармен бірге өзін де әбден қажытқан. Бастарындағы жағдайды айтып кооперативтеріне қанша рет барғанымен, тұрғын үйлердің мәселесінің бірі шешілсе, екіншісі шешілмей, пәтер иелерінің мазасы одан сайын кетеді. Ашынған тұрғындардың арасынан кооперативке төлейтін коммуналдық қызметақысын төлеуден біржолата бас тартқандар да шығады. Осындай шырғалаңға түскен қиын шақта Қазыбек би,7/3 үйі қарайтын «Өтепов, 31/4» ПИК-і бұл үйден мүлде бас тартып, жаңа үй бір-ақ күнде «жетім» қалады. Енді қайда бармақ керек?
Бағып-қағып, өсіріп жатқан бес баласының тамағын пісіріп, киімін жуып, жұмыстағы ерінің жағдайын жасап үйде отырған Айнұр осы уақытта өзі сияқты жас отбасыларын жинап алып, ақылдасып, көппен бірге қарекет етудің амалын қарастырады. Алайда қарызы қатталып қалған үйді ала қоятын кооператив табыла қоймайды. Ақыры, үй иелері жаңа кооператив құруға бел байлап, оның төрайымы етіп араларындағы «еті тірі» деген Айнұрды сайлайды. «Өрлеу» кооперативі осылайша аяқ астынан құрылады. Құрыла салып міндетіне кіріскен Айнұр ватсап желісінен тұрғын үй иелерінің ортақ тобын – «чатын» ашып, бар мәселені осы топ арқылы көпке жария ете анықтап, нақтылап, шұғыл шешіп отыруды қолға алады. Тұрғындардан «чатқа» сағат сайын «топылдап» түсіп жатқан көп мәселе бірте-бірте саябырлай бастайды. Күпті көңілдері орындарына түсіп, жағдайлары жақсарған көрші үйдің оңды тірлігін көрген Қазыбек би даңғылының бойындағы жаңа үйлердің бірінің тұрғындары да өз кооперативтерінен шығып, осы кооперативке келіп қосылады. Бүгінде екі тұрғын үйдегі түйткілді шаруалардың бәрінің дерлік түйіні тарқатылған. Қарыздар жойылған. Түн ішінде соғылған қоңырауларға да жауап беріп, қай кезде де тұрғындар жанынан табылып келе жатқан кооператив басшысы олардың ешбір тілегін, өтініш-арызын аяқсыз қалдырып көрген емес. Кооператив енді тұрғындардың қаржысын ұқыпты пайдалана отырып, қос үйдің айналасын көріктендіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Подъездерге бейнебақылау камералары қойылған. Құрылыс материалдары шашылып, кесек-кесек тас үйіліп жатқан алаңқайлар тақтайдай тегістеліп, асфальт төселген. Айнұр алдағы уақытта жаңа үйлердің алдынан балалар алаңқайларын, спорт алаңдарын ашуды, бұл орайда қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Айнұрдың арманы – өз кооперативіндегі жаңа баспаналардың күтіліп, сақталуын, коммуналдық жүйелерінің сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз ете отырып, оларды «Үлгілі қызмет көрсететін үй» деңгейіне дейін жеткізу.
Кезінде ешкімге керексіз болып, өз қиындықтарымен бетпе-бет қалған тұрғын үйлердің бала-шағасы енді бүгін тайлы-таяғы қалмай өз көшелерінде Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналып жатыр. Наурызды елден ерекше қарсы алғалы отырған «Өрлеу» кооперативінің бұл игі ісі оның тұрғындарының жақсылыққа да, жетістікке де ауызбіршіліктің арқасында жететінін жете түсінгендігінен болар, бәлкім.
Жанаргүл Мұқатай