Қоғам

Ұлыс тойында ұлттық құндылықтар ұлықталды

Ұлыс тойында ұлттық құндылықтар ұлықталды


Шығыс елдерінің шынайы жыл басын Шығыс Қазақстан жұрты да қал-қадірінің жеткенінше тойлап жатыр. Зайсанның Біржан ауылында өткен аламан бәйге, Ұланның Ізғұтты ауылында өткен тай жарысы, Күршім ауданында өткен бұқа көтеру сайысы, Риддер қаласындағы қазақ күресі, биылғы ұлыс тойының шырайын кіргізген айтулы шаралар болды. Ал облыс орталығы ат шаптырып, балуан күрестірмесе де жаңару тойының қызуын тарқатқан жоқ. Бұл думанға облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысып, жүрекжарды тілегін арнады.

Алтайдың ауа райы ағаш егуге мүмкіндік бермегендіктен, қала әкімі бастаған топ Өскемен шетіндегі бұлақ көздерін ашудан бастады. Түнмен терезе теңестірген күннің алғашқы ақ сәлемін осылай қабылдаған қала жұрты келесі қызықты орталық алаңда жалғастырған.

Биылғы орталық алаңның ең басты жаңалығы деп «Ұлы даланың жеті қырынан» сыр шертетін жеті киіз үйді атауға болар. Қаз-қатар тігілген қазақ үйлерінде амандасқан ағайын, айқасқан құшақтар. Айдан аман, жылдан есен өткен жұрт жер-әлем бусанған осы бір мерекеде көңіл-күйлеріне де бір әдеттегіден өзгерек желік біткен. Таныс-білісімен желпіне қауқылдасады. Ал жаңағы жеті қырға жетелейтін киіз үйлерге кірген қала халқы осы бір табыла бермейтін құндылықтар қойылған үйлерде мейлінше суретке түсіп жүр. Бір үй жібек жолының ежелгі сүрлеуінен сыр шертсе, бір үйде алма мен қызғалдақтың «иісі» танауды қытықтайды. Келесі үйде аң-құстардың стилі бейнеленсе, тағы бір үйде даланы аңсап ер-тұрман тұр. Алтын адамға аспан астынан арнайы тұрақ бұйырыпты. Сонымен қоса қазақ дәстүріне қатысты әртүрлі ұлттық жасау-жабдықтар да елдің көз мейірін қандырды. Ал қалған шаралардың дені бұрынғы бағдарламалар.

Айталық Қырғыз елінен келіп аспалы арқанмен жүретін бір әулеттің өнері өскемендіктер үшін таңсық болмағалы қашан?! Тіпті, анау ағашқа өрмелеу сайысын да жыл сайын сүреңсіздендіріп барамыз. Ұлттық құндылықтар жырланатын ұлы тойда атпал азаматтарымызды азғана жүлдемен абыройдан айырып келеміз. Балақ түріп жарысқа түсетін азаматтар шалбарын шешіп ағашқа өрмелей жөнеледі. Өткен жылдары ағаш басына шыққан бір жігіттің іш киімі жыртылып, таныстары киімін лақтырып жеткізе алмай жатқаны біреуді күлдірсе, біреуді қызартқан. Биыл да сондай дүние қайталанбаса екен деген тілекте тұрдық. Қыздарымыз жалаңаштанып жатыр деп аттан салатын азаматтарымыз, аброй қорғауды өзімізден бастасақ құба-құп.

Түс әлетіне қарай той сүйер жұрттың қарасы да молайды.

Облыс әкімі ортаға озды.

– Ардақты ағайын, Наурыз тойы құтты болсын. Наурыз бізге жетістік, Наурыз бізге бақыт, Наурыз бізге думан. Наурыз біз үшін рухани келісім күні. Елбасының соңғы саяси шешімдеріне біздің өңірден 24 мың адам үн қосты. Осы ұлы тойдың қарсаңында барлықтарыңызды Тұңғыш Президентімізді сүюге, құрмет тұтуға шақырамын, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі орталықтағы халық қарасының молдығы болды. Содан ба екен, баласын жоғалтқан жандар концерт жүргізушісін жиі мазалады. Тіпті, кейбір жігіттердің «Бармысың бауырым?» бағдарламасында отырғамыз жоқ па?» деген әзілі сол жағдайды нақты көрсетері хақ. Мұны бір жағы халықтың көптігі десек, екінші бір жағынан қызыққа берілген ағайынның қылығы деп қабылдауымыз керек шығар.

Ал қой көтерудің биылғы нәтижесі 124 рет болды, 45 келілік қойды иығына салып алған жеңімпаз алаңдағы елдің арасымен көлігіне қарай аяңдап бара жатты. Бір жерде қыз-бозбалалар алтыбақан аясында тербелсе, жеткіншектер асық ойнап мәз. Қатысушылары ең көп болған ойын – жігіттер арасындағы қол күресі. «55 жігіт қатысқан дүбірлі доданың жүлдесі небары жеті-ақ мың теңге ме?» деп азырқанып тұрғандары да болды. Дегенмен жүлде емес қызық үшін сайысқа шыққан жігіттердің бәрін шынашақтай ұландық шымыр бозбала бет қаратпады. Тіпті, алп-алп басқан апайтөс жігіттердің өзі әлгі жігіттің алдында әлсіз түсіп жатты. Жеңімпаздың есімі – Ораз Басаров.

Наурыздан естелік сурет қалдырғысы келгендердің көбі үржарлық құсбегі Тәттімбек Кәпұлының маңайынан табылып жатты. Томағалы құстың бірі қасиетін сезініп келіп суретке түсіп жатса, біреу аспан серісін жанынан көргеніне мәз.

Түс ауа халық қарасы да азая бастады. Бусанған жердің буына кәуаптың түтіні қосылып Өскеменнің бұлыңғыр аспанында билей қосылып жатты. Жердегі халық та солай, осы мерекенің қуанышымен бірге қол ұстасып өз бағыттарымен кетіп жатыр. Олардың ендігі баратын жері – Өскемендегі ірі сауда орталықтары мен супермаркеттер. Өйткені олар да биыл тегін көжені суша сапырып таратып, елге концерттік бағдарламаларын ұсынып жатқан. Жалпы сауда орталықтары мұндай жомарттық таныта бермейтін. Биылғы жылдың бір жақсылығы осы. Айтпақшы, дәл осы алаңда кешке қарай ұлы даланың баласы Төреғали Төрәлі мерекелік кеш берді. Ұлыстың ұлы тойының түйіні мерекелік отшашумен қойылды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button