Руханият

Құлыптың 40 түрі көрмеге қойылыпты

Құлыптың 40 түрі көрмеге қойылыпты

Облыстық архитектуралық-этнографиялық және табиғи ландшафты мұражай-қорығы ХIХ ғасырда қолданылған құлыптар коллекциясымен толықты.
Аталмыш мұражайдың ғылыми қызметкері Наталья Честнейшинаның айтуынша, құлыптың 40 түрі көрмеге қойылыпты.
– Мұндағы ұсынылған құлыптың барлығы бұрынғы Ресей патшалығының кезінде жасалған. Көрермен назарына ұсынылған коллекцияның ішінде сирек кездесетін экземплярлар бар. Соның бірі – екі жағында суреті бар құлып. Оның бір жағында ресей патшасының тәжі болса, екінші жағында ресей патшалығының елтаңбасы бейнеленген. Айтпақшы, осындай суреті бар құлыптарды хан сарайына тек қана «сарай жеткізушісі» алып келіп отырған екен. Білуімізше, сол кездері құлыпты Варыпаев пен Шлыков есімді адамдар сарайға жеткізіп беріп тұрыпты, – дейді Наталья Честнейшина – Құлыпты сарайға әкелетін адамды «Сарай жеткізушісі» деп атаған. Тіпті, осы атты иемдену үшін біраз тер төккен жандар да бар. Мысалға, құлып шығаратын зауыттың басшысы ауысып кетсе, онда жаңадан келген басшы «Сарай жеткізушісі» мәртебесін алуға біршама еңбектенген.

Құлыптың 40 түрі көрмеге қойылыпты

Мыстан жасалынған бұл құлыптардың көпшілігінде үй иесінің аты жазылған екен. Мысалға, Семен Рыженьков, Костянкин Рыженьков, Михаил Акирьев деген сияқты жазулар бар. Бір қызығы, сұранысқа ие құлыптардың пішіні қызылша тәріздес етіп жасалыныпты. Сондықтан болар, құлып жасау цехында жұмыс істейтін шаруаларға хан сарайындағыдай құлыпқа тапсырыс берушілердің қарасы мол болған көрінеді. Мұражайдың ғылыми қызметкері Наталья Честнейшина сол кездің өзінде де жасанды құлыптар жасалғанын айтады.
– Әсіресе, ХIХ ғасырда цехта жұмыс істейтін шаруалар хан сарайындағыдай құлыпқа тапсырыс берушілерге оның жасанды түрін сатып отырған. Тіпті, олар құлыптың жасанды екенін білдіртпес үшін ондағы әріптің жазылу стилін өзгертіп отырыпты. Десе де, жасанды құлыптардың өзі ХIХ ғасырдың тарихынан сыр шертеді емес пе?! – дейді Наталья Честнейшина.
Алдағы уақытта мұражай қызметкерлері бұл құлыптарды арнайы ғылыми зерттеуден өткізу қажеттігін айтады. Тіпті, бұл коллекцияларды жинастырушының айтуынша, құлыптардың басым көпшілігі Шығыс Қазақстан мен Павлодар аумағынан табылса, тек кейбірі ғана коллекционерлерден сатылып алынған екен.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button