Қоғам

Құлынжонда асыл тұқымды балықтар өсіріп жатыр

Құлынжонда асыл тұқымды балықтар өсіріп жатыр


Көкпекті ауданындағы Құлынжон ауылдық округінде албырт, көксерке сынды асыл тұқымды балық өсірумен айналысатын шаруашылық бар. Оған жеке кәсіпкер Владислав Гриценко жетекшілік етеді.

«Кез келген шаруаның табиғатқа қайтарымы болуы тиіс». Бұл – аудандағы ірі инновациялық-индустриялдық жобаны жүзеге асырушы Владислав Гриценконың басты ұстанымы. Бала кезінен балық аулаудың қыр-сырын үйренген ол кейіннен әке жолын жалғастыруды жөн деп шешкен.
– Балалық шағым Күршімде өтті. Өздеріңіз білетіндей, ол жақтағы негізгі табыс көзі – балық аулау. Кезінде әкемнің жанында жүріп, талай дүниені үйрендім. Мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнында экономист мамандығы бойынша білім алдым. Жазғы демалыс кезінде ауыл жаққа келгенде балықшыларды көріп: «Ертістің балығын ұстап, оны жылдан-жылға азайтқанша, көбейту жағын неге ойланбаймыз» деген ой келді. Содан бастап балық өсірумен айналысатын ғылым саласына көңіл бөліп, нәтижесінде осы саламен ғылыми түрде айналысып жүрген адамдармен жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп, тәжірибе жинаған соң өзім қолға алуға кірістім, – дейді Владислав Владимирович.

Көксеркеден шабақ алуға болатынын дәлелдеді

Осыдан екі жыл бұрын жалпы құны 70 млн теңгені құрайтын жоба жергілікті «Кузьмич» ЖШС бастамасымен қолға алынған. Қазір су қоймасында асыл тұқымды балық өсіруге арналған бірқатар заманауи қондырғылар орнатылған. Негізінен көксерке, сазан, бекіре тұқымдас балықты өсіруге бағытталған шаруашылықтың жұмысын тез арада жолға қойған Владислав Гриценко мемлекет тарапынан алған несиенің алғашқы қаражатына бассейндер салғызып, күннен қуат алатын батареялар орнатқан. Болашақта бұл жерде аэрацияны көп қажет ететін шақта сағатына 10 квт қуат өндіретін күн батареялары іске қосылатын болады. Аквафоника ғылымының негіздері бойынша уылдырықтан жас шабақтар үш айға дейін өсіріліп, содан кейін бассейнге жіберіледі, одан әрі қарай өзен мен көлдерге жөнелтіледі екен. Жеке кәсіпкер осындай тәсілді қолдана отырып, былтыр күзде Бұқтырма су қоймасына шабақтарды жіберіп үлгеріпті.

– Бұқтырма су қоймасындағы бағалы балық қоры біртіндеп азайып барады. Соңғы деректерге сүйенсек, облыс су қоймаларындағы балық қорының жағдайы қазіргі кезде табиғи су қоймаларында 11 мың тонна балық өнімін өндіруге болатындығын көрсетеді. Сондықтан балық аулаудың тиімді тәртібі қажет, балықты аулауға тіркеу және бақылау жүргізу керек. Көксерке санын қатаң түрде реттеу қажет. Оны өндіру көлемі бекітілген лимитке сәйкес келу керек. Су қоймаларда оның қорының көбеюі дерматофибросаркомамен ауруына әкеледі. Сол себептен көксеркені облыстың кіші су қоймалары және көлдерінде өсіру жолы мен әдісін ойластыру қажет деп ойлаймын, – дейді Владислав Гриценко.

Ихтиолог мамандар қажет

«Бағалы балық түрлерін, шаян өсіру, жылыжай көкөністері, сондай-ақ интегрирленген құрылымдағы комбикорм мен биогумус өндіру, туризмді дамыту бойынша интенсивті кешенді шаруашылық құру» жобасы бойынша жұмыс атқарып жүрген Владислав Гриценко «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алып, шаруасын дөңгелетіп, ауылдастарын жұмыспен қамтып отыр. Қытайдың оңтүстік өңірінен үш миллион теңгенің құнын құрайтын балықты кептіретін пеш, сүйек уатқыш станок, вакуумдік қаптағыш пен кептірілген және қақталынған балықты өңдейтін құрал-жабдықтар әкелген. Бүгінде цехта балықтың тартылған еті, балық ұны, филе сынды өнімнің бірнеше түрі сатылымға шығарылады.

– Бастапқыда көксерке балығын қолдан өсіру арқылы тәжірибе жүргізіп, оң нәтижеге ие болдық. Бұрын біздің аймақта көксеркенің шабағын алу мүмкін емес болатын, – деді Владислав Гриценко.

Айтпақшы, Көкпектіде облыс әкімінің балық аулау кәсібін ірілендіру бойынша тапсырмасына сәйкес ауданда құрылған «Көкпекті аквакультура» несиелік серіктестігі осы шаруашылық негізінде құрылған. Серіктестікке Сарыбел, Новостройка, Самар, Көкпекті, Қараөткел, Тассай, Үлгілімалшы ауылдарынан 32 кооператив мүше болып отыр. Бұл серіктестік те осы Құлынжон ауылдық округінде тіркелген. «Бұл қанатқақты жоба өте тиімді деп ойлаймын. Балық та заңсыз ауланбайды және кәсіптің дамуына зор ықпал етеді», – дей келе, Владислав Гриценко: – Балық шаруашылығын дамытуға қажетті маман – ихтиологтың жоқтығы бұл жобаны іске асыру барысында аздап қолбайлау болып тұр. Бірақ болашақта халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн мамандарды даярлап, балықшыларды қайта даярлау жүйесiн жетілдіретін боламыз.

Қазір бұл кооператив жағалаудағы жұрттың еңбек етуіне, ауланған балықты уақытында өткізіп, табыс табуына бұрынғыдан да қолайлы, тиімді жағдай жасап отыр.

Владислав Гриценконың айтуынша, аудан әкімі Рамиль Сағындықов арнайы инкубаторлар пайдалану арқылы Ертіс-Зайсан бассейніндегі ихтиофауна мәселесін шешуге болатынын айтқан.

– Меніңше, биотехнологияны пайдалану арқылы тірі организмнен қолдан өнім алуды арттыру керек. Бұл сала елімізде енді ғана дамып келе жатыр. Ғылымның жаңа саласы деп айтсақ та, бұл нан ашыту, сыра ашыту, қымыз ашыту саласында бұрыннан қолданылып келеді. Балық шаруашылығына келетін болсақ, қазіргі кезде биотехнология ұғымы балық шаруашылығында аквакультура ұғымымен аттасады. Бұл дегеніміз – балық пен шаяндарды қолдан өсіру, – дейді кәсіпкер.

Әуесқой балықшыларға арналған демалыс орнын салғысы келеді

Қазір Көкпектіде аквакультураны пайдаланып, өндірістік негізде балық шаруашылығын жандандыру қарқынды дамып келеді. Табиғи су көздерін пайдалана отырып, балық өсіріп отырған «Кузьмич» ЖШС-сі балықты табиғи жолмен алты түрлі тоғанда көбейтеді.
– Бас тоғанды жылытқыш ретінде қолдансақ, өндіріс тоғанын балық уылдырық шашатын кезде пайдаланамыз. Бұдан соң шабақ өсіретін тоған, қыстама, жайылымдық, аталық, аналық ұсталатын санитарлық тоған мен қосалқы тоғанды пайдаланамыз, – дейді В.Гриценко.
Аудандағы «Аквакультура» кооперативі болашақта балық шаруашылығын дамыту үшін интенсификациялау биотехнологиясын қолданбақ. Осы тәсілді қолдану арқылы аз шығынмен көп өнім алуға болады екен. Өйткені, бұл тәсіл шаруашылыққа кеткен шығынды шығармай, экономикалық пайда табуға тиімді.

Владислав Гриценко тоғандағы балықтарды табиғи жемнен басқа, қосымша құрама жеммен де қоректендіруге болатынын айтты.
– Құрама жемнің құрамында құнжара мен сүрлемнің көптеген түрлері, дән ұшықтары, тағам қалдықтары, ұн, кебек, ұсақ балықтар мен ет, сүйек ұны, өсімдіктерден жас қалақай, орамжапырақ жапырағы, сиыр жоңышқа, беде, жүгері сынды азықтарды береміз, – дейді жеке кәсіпкер.
Бүгінде «Кузьмич» ЖШС-нің иелігінде Бұқтырма су қоймасында 3,5, Бөкен өзенінің сағасында 1,5, Қарақас қайраңды өзенінің бойында бір гектар жер бар. Бұл аумақтан аталмыш шаруашылықтың балықшылары көксерке балығын аулайды.

Болашақта жеке кәсіпкер Владислав Гриценко Бөкен өзенінің сағасында әуесқой балықшыларға арналған демалыс орнын салып, тағы бір кәсіп көзін ашуды жоспарлап отыр.

Ажар Сағатбекова

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button