Руханият

Ұлылардың ұрпағы ұлтқа қызмет етіп жүр

Ұлылардың ұрпағы ұлтқа қызмет етіп жүр
Жаздың басында Жидебайға жолымыз түсті. Ұлы ақынның басына тәу етіп, мұражай-үйін тамашаладық. Түскі ас та осы жерден бұйырды. Ас үстінде Жидебайдағы осы халыққа қызмет көрсету кешеніне ие болып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың Абайдың жалғыз ағасы Тәкежанның ұрпақтары Құсман Берлешов пен оның зайыбы Үміт Тәшенова екенін білдік.

Жидебай – ата-қонысым
Ұлылардың ұрпағы ұлтқа қызмет етіп жүр
– Жидебай – менің ата-бабаларымның қонысы ғой. Бұл жерде Абай атам 11 жылдай жайлаған. Ал халыққа қызмет көрсететін бұл кешен 2008 жылы салынды. Кешен құрылысы біткеннен кейін де қаңырап көп тұрып қалды. Енді оның әңгімесі көп. Тек облыс басшылығына Даниал Ахметов келген соң ғана ол дау-дамайға нүкте қойылды. Облыс әкімі кешен халыққа қызмет істеуі керек деп шешті. Міне, былтырғы шілде айынан бері осы жерде жұмыс істеп жатырмыз, – деп бастады өз әңгімесін Құсман Ғимранұлы.
Айтуынша, Құсман ағамыздың негізгі мамандығы – экономист-инженер. Мамандығы бойынша 1995 жылға дейін жұмыс істеп, кейін совхозда директор, аудандық кәсіподақтың бастығы болып еңбек етеді. Бір жылдары аудандық мәслихаттың депутаты да болыпты. Ал кейінгі 15 жылдай уақытта Қарауылдың әкімі қызметін атқарған. Зайыбы Үміт апай да он сегіз жыл бойы Қарауылдағы азаматтық хал-актілерді тіркеу бөлімін (ЗАГС) басқарған екен. Тіпті, министрліктің бірінші санатты заңгері деген төсбелгісі де бар көрінеді. Құсман аға мен Үміт апай зейнетке шыққан соң, бос қарап жатуды жөн көрмейді.
– Енді зейнетке шықтық деп, бос жатамыз ба? Оның үстіне Жидебай жат жер емес. Осы халыққа қызмет көрсету кешенін үш жылға тендермен ұтып алдық. «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» деп, Абай атамыздың өзі де айтып кетті ғой. Бұрын кәсіпкерлікпен айналысып көрмесек те, тәуекелге бел будық. Негізі дара кәсіпкер – мына кісі (көзімен әйелін меңзеді), мен осы кісінің көмекшісімін, – дейді Құсман Ғимранұлы жымиып.
Айтуынша, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты Жидебайға келушілердің қарасы тым көп екен. Әсіресе, аймақтағы мектеп оқушылары топ-тобымен күн құрғатпай ағылуда. Тіпті Ресейден, өзге де шетелдерден келіп жатқандар бар. Соларға мінсіз қызмет көрсету – басты мақсат. Бұл кешенде шағын асханамен қатар, қонақүй де бар. Кешенде барлығы бес адам жұмыс істейді.
Былтыр қиындау болды. Өйткені, біз бұрын жеке кәсіпкер болып жұмыс істемегенбіз ғой. Өмір бойы ағаң да, мен де мемлекеттік қызметкер болдық. Биыл кішкене қалыптасып қалдық. Күні-түні қайтсек халықтың көңілінен шығамыз деп, тыным таппаймыз, – дейді әңгімеге араласқан Үміт Қамзақызы.
Жидебайға келушілер Құсман аға мен Үміт апайдың Абайдың туысы екенін естігенде, қастарынан үйіріліп шықпайды екен. «Бірге суретке түсейікші» деп өтініш жасап, қиылатындары да жетерлік. «Бірақ мен көбіне Абайдың туысы екенімді ешкімге көп айта бермеймін. Тіпті Абайдың ағасы Тәкежанның ұрпағымын деп осы уақытқа дейін газет-журналдарға да сұхбат берген емеспін» дейді Құсман Ғимранұлы.
Иә, сонымен біздің кейіпкерлеріміз Абайдың жалғыз ағасы Тәкежанның қалай ұрпағы болып келеді? Құсман ағаның айтуынша, Тәкежанның Әзімбай, Мақұлбай, Баймұса атты үш баласы болған. Мақұлбай мен Баймұса ертерек қайтыс болып кетеді де, Әзімбай жалғыз қалады. Ал Әзімбайдың үш әйелінен он бала тарайды. Құсман ағаның әкесі Берлеш бәйбішеден 1885 жылы туып, 1965 жылы қайтыс болады.
– Ол кезде мен оқушымын. Менің әкем Ғимран 1927 жылы ақпан айының 15-інде дүниеге келіпті. Қиыншылық жылдары Берлеш атам Қытайдың Алтай аймағына өтіп кетіп, 1955 жылы кері оралған екен, – дейді Құсман Ғимранұлы.
– Осы Жидебайдағы Абай атамыздың мұражай-үйіндегі шежіреде Абай атамыздың туыстарын таратып келеді де, біздің Тәкежан атамыздың ұрпағы әрі қарай тарамай, тұрып қалады. Негізі біз тікелей Абай атаның туыстарымыз ғой. Музейде жоқ тарихты бұл кісі толықтырып, өзінің білгенін, Берлеш атамыздан естігенін келушілерге айтып отырады, – дейді Құсман ағамыздың жұбайы Үміт апай.
Ұлылардың ұрпағы ұлтқа қызмет етіп жүр

Тәкежан өте жуас адам болған

Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында Абайдың ағасы Тәкежанды дүниеқоңыз, сараң, қатыгез етіп суреттегені оқырманға мәлім. Тіпті Абайдың өзі 1886 жылы жазған «Көжекбайға» атты өлеңінде:
Әркімде-ақ бар ғой туысқан,
Қайсысы жауды қуысқан?
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда,
Арылмас міндет болған соң,
Әркімнің көңілі суысқан, – деп мұң шағады.
Жалпы, өмірде Абай мен ағасының ара қатынасы қандай болған? Эпопеядағы Тәкежан бейнесі қаншалықты шынайы? Бұл жайлы сұрағанымызда Құсман Ғимранұлы іркіліп қалған жоқ.
– Құнанбайға тартып туған ұл Тәкежан екен. Бет-әлпеті жағынан да аумайтын көрінеді. Қалғандары Ұлжан анамызға тартқан домалақ бетті болып келеді екен. Жалпы, Тәкежан өмірде мүлдем басқаша адам болған. Өте жуас адам дейді. Дүниеқоңыз емес, керісінше жалшыларына қарасқан, жағдайын жасаған адам екен. Мал біткен адам болған соң, кейде өктем де болған шығар. Бүкіл Құнанбай әулетінің малы Тәкежанда болған дейді. Ал енді Мұхтар Әуезов шындықты бұрмалаған секілді. Өйткені, Берлеш атам Мұхтарға үнемі ренжіп отыратын. «Менің атам ондай болмаған» дегенін өз құлағыммен естідім. Енді әдеби кітаптың аты әдеби кітап қой. Жазушы қиялынан туатын дүниелер болады. Мысалы, Мұсақұл майданы дегеніңіз тіпті тарихта болмаған оқиға. Жігітек пен Ырғызбайды қырқыстырып қояды. Янушкеевичтің берген мінездемесінен артық ештеңе жоқ. Оның үстіне Мұхтардың Тәкежан бейнесін жағымсыз етіп суреттеуіне заманы да әсер еткен сияқты, – дейді Құсман Берлешов.
Айта кетерлігі, Мұхтар Әуезов 1940 жылдары «Абай жолын» бастағанда Берлеш Қытайда болады. Бірінші кітабы шығады, Берлеш жоқ. Екінші кітабы шығады, Берлеш жоқ. Берлештің қолына Мұхтардың кітабы елге оралған соң ғана тиеді. Туған топыраққа табаны тиген соң, 1956 жылы ма, әлде 1957 жылы ма, ол жазушыға барып, «Сенің мынауың не?» дейді. Сонда Мұхтар Әуезов үнсіз отырып қалған екен.
Көп оқиғалар бұрмаланған. Романдағы кейбір оқиғалар ойдан алынған, – дейді Құсман Берлешов.
Құсман аға Берлешов Досхан Жолжақсынов түсірген «Құнанбай» фильміне де көңілі толмайтынын айтады. Мүнда да көп нәрсе бұрмаланған.
-Досханның жанында жүрдім. Кино түсіруге қажетті үйлерді, жердің бәрін дайындастым. Ол кезде Қарауылдың әкімімін. Әр ауданнан он үйден 150 үй жинадық. Бірақ «Байқаңдар, Құнанбайдың аруағы разы болмаса, қиын болады сендерге» деп ескерттім. Кино түсірер алдында Құнанбайдың басына барып, құрбандық шалып, қатым түсірді. Фильмнің сценарийін жазған Таласбек Әсемқұлов қой. Бірақ көп материалды Төкен Ибрагимовтен алғандарын айтты. Маған бір эпизодқа болсын, түсіңіз деді. Бірақ мен түспедім. Өйткені, разы болмадым. Құнанбай атамызды шынжырлап түсіргені дұрыс емес, – дейді Құсман Берлешов. Құнанбайға поляктың саяси қайраткері Адольф Янушкевичтің берген анықтамасынан артық анықтама жоқ екенін айтады. Ол өзінің сапарнамалық күнделігінде: «… Құнанбай – өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі. Іскер аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай ауылдардан келіп жатады. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған, әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы қалқан болған», – деп жазған болатын.
Құдайға тәубе, бүгінде Абайдың ағасы Тәкежаннан тараған ұрпақтар баршылық екен. Астана жақта Зұлпатанның, Ұзынағашта Мәжиттің ұрпақтары тұрады. Зұлғарыштан да ұрпақтар бар. Ал Қатира Әзімбаева деген апамыз ұзақ жылдар радиода қызмет істеп, еңбегімен елге танылыпты. «Керемет батыл кісі еді» дейді Қатира апай туралы Құсман аға.
P.S. Иә, ұлылардың ұрпағымын демей, зыр жүгіріп, ұлтқа адал қызмет етіп жүрген Құсман ағамен жылы қоштастық. Үміт апайдың да шуақты жүзі жадымызда қалды. Бірақ «әттеген-ай, уақыттың аздық еткені-ай, бұл кісілердің әңгімелерін әлі тыңдай түсу керек еді» деген бір өкініш кеудемізді тырнап өтті. Десе де, Жидебайға әлі де жолымыз түсетініне сендік…

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button