Руханият

ҰЛЫЛАР МЕКЕНІ АСҚАҚТАЙ ТҮСПЕК

Апта басында  Қарауылға, Бөріліге, Жидебайға арнайы барып қайттық. Ұлы Абайдың тойына дайындық қамы басталған. Тасы мүжіліп, тозып, елеусіз қалған ұлы Абайдың әкесі Құнанбайдың қорымы қайтадан жаңғыртылып, қазақ үшін орны бөлек тұлғаға ел  тәу етіп, құрмет көрсететіндей  мемлекеттік қорыққа айналдырылуда. Абайдай дананы дүниеге әкелген Ақшоқыдағы Құнанбай мен оның ұпақтары жерленген қорымға былтыр күзден бастап  абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құнанбай қорымы қоршалып, сәулеттендірілді

Жолды қар басып қалыпты, қар бетіне түскен алдыңғы көліктің ізін қуалай ілесіп келеміз.  Ақ даланың ақ ұлпасын ұйтқыта зымыраған көлік сол екпінімен екі-үш үйлі қыстаудың арғы жағындағы төбешік басына барып бірақ тоқтады. Ақшоқыға келдік.   Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы мен оның әулеті  жатқан, арыстар жатқан  Ақшоқы. Құнанбай Өскенбайұлы, Ізғұтты Сәдуақасұлы, Ысқақ Құнанбайұлы, Әбдірахман Абайұлы, Тәңірберген (Тәкежан) Құнанбайұлы, Мағрипа Абайқызы, Мағауия Абайұлы, Мұхаметжан Майбасарұлы, Мұхтардың арғы атасы Әуез, Кәкітай Ысқақұлы сынды Өскенбай әулетінің ұрпақтары жерленген бұл қорым Семей-Қарауыл бойындағы жолдан 21 шақырым қашықтықта жатқан   Ақшоқы мекенінде.

Құнанбай қажы 1886 жылы 81 жасында осы мекенде дүние салады. Ұлы Мағауия дүниеден өтіп, мынау төбешікке  жерлеуге әкеле жатқанда Абай «Мағашымның сүйегін ауыртады» деп, жол үстінің ұсақ тасын теріп, алдыда жаяу жүріп отырыпты деседі. Ешкіммен сөйлеспей, қайғы жұтқан ақын 1904 жылы  Мағауияның өлімінен кейін тура 40 күн өткен соң өзі де қайтыс болады.

-2019 жылдың күзінде облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға қорымның айналасы түгел темір қоршаулармен қоршалынып, оған кіреберіс жолға, қорымның ішіне тұтастай плитка төселді. Былтырғы  күзге дейін қоршаусыз тұрған   Құнанбай ұрпақтарының қорымы бірнеше рет  жөндеуден өткенімен қабірдегі мүрделердің аты-жөндері, өмір сүрген жылдары жазылған құлпытас жазбалары көмескіленіп кеткен болатын. Олардың бәрі  күзде ауыстырылып, қайтадан жазылып қойылды. Құнанбай әулеті ұрпақтарының кейбірінің туған жылы, мезгілдері бұрын нақтыланбаған болатын, осы жолы Абай, Шәкәрім, Әуезов энциклопедиялары арқылы, Абайтанушы ғалымдардың көрсетуімен, келісімімен нақтыланып, анықталып жазылды. Ақшоқыға жалпы жиыны 27 миллион теңгенің жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілді,- деген Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Асхат Мұқатай биыл абаттандыру жұмыстарының одан әрі  жалғасатынын айтты.

Былтыр қоршаулы тас қорымның алдына бірнеше тас белгі қойылып,  «Құнанбай-дара», «Құнанбай-данышпан» «Құнанбай-дана», «Құнанбай-діндар» деген атаулармен топтастырылып, Абайдың әкесі туралы айтқан  сөздері қашалып жазылыпты. Олар Абайдың өз ұлы Әбішті жоқтаған «Арғы атасы қажы еді» деген жоқтау, жұбатуындағы  әкесінің ел сүйсінерлік ерен тұлғасы жайлы айтатын шумақтардан  алынған екен. Қорым ішіне кіріп Құнанбай қажы мен ұрпақтарына  құран бағыштадық.  Қорымның айналасына күзде 500 дана қарағаш, ақ қайың, терек егіліпті. Абайдың әкесі жатқан жерді құрметтеу, күтімге алу шаралары мұнымен аяқталмайды. Ұлы ақын тойына дейін бұл жерде, қорымның жанындағы төбе басында Құнанбай қажының өмірі мен қайраткерлігі туралы ақпарат беретін мұражай ашылмақшы. Мұражай ағаштан салынуы мүмкін. Абайдың 175 жылдығын ұйымдастыруға орай құрылған мемлекеттік комиссияның шешімімен мұражай салумен бірге Ақшоқыға апаратын жол да асфальтталмақ.

Осы сапарымыз кезінде бір күн бұрын  Ұлы Абай тұрған үй-Жидебайдағы Абай мұражай-үйіне  барғанда мұражай директоры, ақын Нұржан Бәйтөс  «1904 жылы ұлы Абай өмірден қайтқанда Кіші Шақпақ жайлауынан елі ақын сүйегін осы Ақшоқыға қарай алып шыққан екен. Күндіз жер қойнына аманаттап, түнгі салқынмен жүрген қаралы топ Жидебайға жеткенде өзі ет-женді Абай мүрдесін әрі қарай алып жүруге болмайтынын ескеріп, кеңесе келе  сол арада жерленген інісі Оспанның қасына қойған көрінеді. Егер Ақшоқыға жеткізілсе, Абай да әкесінің, аяулы ұлдарының, ардақты ағаларының қасына жерленер еді» деген болатын. Абайдың әкесінің жанында мынау Ақшоқыда емес, Жидебайда жатуының сыры осында екен.

Абайтанушы Асан Омаров 1876-1893 жылдар аралығында Абай осы  үлкен ауылы Ақшоқы мен кіші ауылы Аралтөбеде алма-кезек өмір сүріп, Абай шығармаларының көбі осы мекендерде дүниеге келгенін айтады. Ақшоқы ойпаңдау жерде тұрғандықтан Қарауыл жаққа қарағанда қар мол түсетін көрінеді. Айналада ақ көрпеге қымтанған атыраптан өзге ештеңе көрінбейді, ызғар күшейе түсті. «Дем алысы- үскірік аяз бен қар».

КӨЗГЕ ЫСТЫҚ ҚАСҚАБҰЛАҚ

Ақын Абайдың, хакім Абайдың әкесі Құнанбай мен оның әулеті мәңгілік мекен етіп жатқан Ақшоқыны артқа тастап,  Семей-Қарауыл жолынан  бір жарым шақырымдай бұрылыстағы Сырт Қасқабұлақ мекеніне, Абайдың кіндік қаны тамған бұлақ басына бардық.   Бұл жердегі төбеде  Абайдың туған жері екендігі туралы белгі тас тұр. 2004 жылы Курчатовтағы «Дегелең тас» фирмасының демеушілігімен  қойылыпты. Абайдың 175 жылдығы мерейтойына дейін Қасқабұлақтың басы да бастан аяқ  көріктендіріледі. Тасжол бойынан осы жерге баратын 1,6 шақырым жолды  жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Күзде жолға қиыршық тас төселінген, жолды асфальттау жұмыстары биылға қалдырылыпты. Төмендегі еңістен төбеге шығар жерге дейінгі жол домбыра үлгісінде қоршалып, оған көтерілетін баспалдақтар домбыра пернелері іспетті салынбақ. Ауыл әкімі төбеге Абайдың қара сөздері жазылған гранит тастар қойылатынын, тапсырыс беріліп, жасалып жатқанын айтты. Қазір Сырт Қасқабұлақ басына салынатын сәулет нысанының эскизі  дайын. Сырт Қасқабұлақты көріктендіруге 22 млн. теңге мөлшерінде қаржы бөлінбек. Жобада саябақ, сондай-ақ  жазға салым  бұлақ басына қос киіз үй тігіп, кішігірім демалыс аумағын ашу да қарастырылған. Былтыр бұлақ көздері аршылып, маңайына 175 дана  ағаш егіліпті. Осы маңдағы Қасқабұлақ ауылының су шарбағынан саябақты суаратын су құбыры тартылмақ.

Сырт Қасқабұлақ биыл аудандық Мәдениет үйінің балансына алынған. Алдағы уақытта Ақшоқы қорымы Ұлылар мекеніндегі Абайға, Құнанбайға қатысты басқа да бірнеше тарихи орындар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық мұражайымен біртұтастандырылып, оларға республикалық дәреже беріліп, мемлекет қамқорлығына алынбақшы.

Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Асхат Мұқатай сонау сайда жылтырап мұз боп жайылып  жатқан бірнеше бұлақтың басы – Қасқабұлақтың суы екенін айтты. Абай тамыз айында ел жайлаудан күзеуге түсіп келе жатқанда дәл осы бұлақтың басында іңгәләп дүние есігін ашқан. Қасқабұлақтың көзге ыстық көрініп, әр ақынның жырына  арқау болатыны, бар қазақтың жанына жақын болатыны содан.

БАЛАЛАР БИЫЛ ЖАҢА МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ

Ұлы Абайдың мерейтойы қарсаңында Ұлылар мекенінің ақын өмірімен байланысты өзге де  тарихи-мәдени орындары, ескерткіштері жаңғырып, жаңартылып,  толықтырылып салынып жатыр. Биыл аудан орталығында  жаңа білім ошағы да бой көтермек. Абай ауданының орталығы Қарауылда  300 орындық мектеп салынып жатыр. Өткен жылдың қараша айында басталған мектеп құрылысы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына дейін салынып бітпек.

Құны 1 млрд. 11 млн. теңгеге бағаланған қос қабатты  мектепті семейлік «Азия» компаниясы салып жатыр екен. Аудан әкімінің орынбасары  Талғат Есімжановтың айтқанындай, құрылыс кестеге сай жүргізілуде,  нысан тамыз айында салынып бітеді.

Құрылыс басында жүрген учаске басшысы Ертай Ибраев 55 жұмысшы жұмылдырылған жаңа нысанның іргетасы қаланып, қабырғалары көтеріле бастағанын айтты. Құрылысқа пайдаланылып жатқан негізгі құрылыс материалдары Семей мен Өскеменнен жеткізілуде дейді.

Қазір  Қарауыл ауылындағы гимназия мен лицей оқушылары екі ауысымда оқып жатыр. Тар жерде, қыстырылысып оқып жатқан  ауыл балалары мен ұстаздар қауымы  жаңа мектептің салынуын асыға күтіп жүргені аян.

Жанаргүл Мұқатай

Абай ауданы.

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button