Ұлылар өлкесіне саяхат

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық санаға серпіліс әкеліп, алаштың өзін-өзі тануға жол ашты. Әсіресе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындардың бірыңғай картасын жасауға септесті. Осыған орай Жарма ауданының мектеп оқушылары «Туған елім – алтын бесігім» жобасы аясында ұлылар өлкесіне сапарлап қайтты.

Күшікбай бұлағынан қуат алды
Жармалық балғындардың бұл саяхаты тікелей аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асты. Атап айтқанда, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының бас директоры Юрий Овчинников және облыстық мәслихат депутаты Тасболат Битенов балалардың киелі орындарға барып қайтуына қаржылай қолдау көрсетті. Абай еліне Қалба өңірінен 11 мектептен 100-ге жуық оқушы барды. Олардың араларында оқу озаттары, түрлі спорттық әрі өнер додаларында олжа салған дарынды балалар да жоқ емес. Сол сияқты әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндер де осындай мүмкіндікке ие болды. Семейден шыға берген бойда, жас саяхатшылар жолдың машақатын сезе бастады. Оның үстіне шіліңгір ыстық та жолаушыларға маза мермеді. Қуантарлығы, осы бағыттағы күре жолда жөндеу жұмыстары жолға қойылған екен. Әйтсе де бұл жармалық өрендерге тосқауыл болған жоқ. Барлығының мақсаты бір – ұлы шайырдың туған жеріне жету, сол арқылы хакімнің әлеміне тереңірек бойлау. Әуелі оқушылар Күшікбай асуына тоқтап, мұндағы бұлақтан сусындап, әл жинады. Әлімсақтан жеткен аңызға сүйенсек, Күшікбай алып тұлғалы, қайтпас батыр болған деседі. Сан алуан шайқастарда ол осы маңды жаудан қорғап, бұл асуды жайлаған-ды. Кезекті бір ұрыстарда қаһарман саңлақ қатты жарақаттанып, осы жерде жан тапсырыпты. Осындағы батыр моласынан аққан су қасиетті деп саналып, одан кез келген жолаушы дәм татпай кетпейтіні содан екен.
Бөрілідегі кемеңгер жазушының шаңырағы
Бөрілі ұлттық әдебиеттің классигі, абайтанудың негізін салған әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің ата қонысы ретінде танымал. Мұнда замана заңғарының мұржай үйі орналасқан. Бұл – кемеңгер жазушының балалық әрі жастық шағының алтын бесігі. Дәл осы мекенде ол Абайдың «Қара сөздеріне» қанығып, дана ойшылдың шығармашылығын зерттей бастаған. Мұражай жазушының 90 жылдығына орай ашылған. Оның экспозициясы сегіз бөлімнен тұрады. Осы жерде мыңнан аса жәдігер сақтаулы. Соның 600-ден астамы негізгі қорда. Жармалық жас меймандар Мұхтар Әуезовтің өмірі мен өскен ортасы туралы мағлұматтармен жан-жақты танысты. Сонымен қоса мұражай шырақшысы «Көксерек» шығармасы жөніндегеі көпке беймәлім ақпараттармен бөлісіп, балалардың таңданысын туғызды. Ұлы суреткер туған жеріне соңғы рет өзінің 60 жылдық мерейтойы кезінде келген екен. Сол сапарда жерлестерінің алдында сөйлеген сөзінің таспа жазбасы мұражайдың қорында әлі күнге дейін бар. Осыдан соң оқушылар «Омархан – Нұржамал» кесенесіне барып, бабалар рухына тағзым етті.
– Абай, Шәкәрім және Мұхтар сынды ұлылардың еліне келгенімізге қуаныштымыз. Отанға деген сүйіспеншілігіміз артып, рухани жан дүниеміз байыды. Өзіме Абайдың шығармашылығы қатты ұнайды, әсіресе оның лирикалық өлеңдеріне қызығамын. Атап айтқанда, «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Қараңғы түнде тау қалғып» секілді әндері адамның жанына ерекше әсер береді. – деді 8-ші сыныптың оқушысы Аяна Еркін.
Абайдың жан сарайына қанықты
Жидебайға жеткен сәтте балғын саяхатшылардың шаршағаны басылғандай болды. Оның себебі де анық. Алыстан мен мұңдалаған «Абай – Шәкәрім» мавзолей кешені көздің жауын бірден алды. Тарихи нысанның сәулеттік келбетіде ерекше. Көкке ұмтылған ақшаңқан қос күмбездің көрінісі кез келген жанның таңдайын қақтырары анық. Бүгінде бұл жер – рухани тағзым етер құтты орынға айналды. Сәулеттік құрылым биігінен сатылай үш белдемге бөлінген. Абай қабірінің үстіндегі мұнараның биіктігі 32, 5 метрді құраса, Шәкәрім қажынікі 31, 5 метрден тұрады екен. Оның құрылысына Маңғыстау жерінен әкелінген ақ түсті әк шөгіндісі қолданылды. Ал кесененің едені флоренциялық мозаика техникасымен қаланған. Төрдегі шырағдан «Жеті жарғымен» астас мәнді аңғартқандай.
– Бұрын Абай мен Шәкәрімдей даналарымыз жайлы тек мұғалімдерден және оқулықтардан ғана білетін едік. Енді, міне, сол алыптардың туған өңіріне келудің сәті түсті. Қуанышымызда шек жоқ. Себебі естіген бір бөлек, көзбен көру мүлдем бөлек. Бұл саяхат ұлы бабаларымызды жаңа қырынан танытып отыр. Олардың тұрған үйлері мен қолданған заттарын көру арқылы қанаттана түстік. Бұл бізге ұлтымыздың тарихы мен әдебиетін зерттеуге деген құлшынымызды оятып отыр. Осында келгеніме өкінбеймін, – деп өзінің ойымен бөлісті Шуақ ауылы №236 орта мектебінің 6 сынып оқушысы Диана Мұқанова.
Еуразияның дәл кіндігіндегі хакімнің мұражай үйі
Ұлылар өлкесіндегі саяхат Жидебайдағы Абайдың мұражай үйінде тамамдалды. Мұндағы экспозиция бес бөлме және екі дәлізге қанат жайған. Ғимарат мұражай ретінде 1945 жылы ұлы ақынның 100 жылдығы қарсаңында қалыпқа келтірілді. Ал сахара шайырының 150 жылдығында мұражай әдеби экспозициямен толықтырыла түсті. Кіреберіс дәліз Абай дәуірі, ата-тек, ұрпақ шежіресі және қыстақтың тарихынан сыр шертеді. Сол сияқты дана ойшылдың ақындық мектебінің жалғастырушылары: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет және Уәйістің шығармашылығымен арнайы бөлімде танысуға болады. Тағы бір бөлім Абаймен қарым-қатынаста болған орыстың көрнекті қайраткерлеріне арналыпты. Бұдан бөлек, осында Құнанбайдың қажылық сапардан әкелген тақиясы, Абайдың ұлдары Тұрағұл, Ақылбай, Әбдірахман, сондай-ақ туған інісі Оспанның фотосуреттері қойылған. Жәнеде мұнда қазақтың ағаш төсегі, күмістелген қымыз ыдыстары, кестеленген орамал әрі Батыс-Сібір генерал-губернаторы барон Таубенің 1890 жылы бас ақынға сыйға тартқан мылтығы секілді бағалы заттар орын алған. Жармалық ұстаздар киелі өңірлерге саяхат жас буынның танымын арттырып, өлкетану ісін ілгерілетуде септігі мол деп есептейді. Осылайша, өз тарихын білетін, бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақты тәрбиелеуге жол ашылмақ.
– Жазғы демалыстарда мұражайларға саяхат ұйымдастырамыз. Осындай сапарлар арқылы біз оқушыларға Шығыс Қазақстанда тарихи әрі көрікті жерлердің аз емес екенін көрсетеміз. Бұл саяхаттың тәлімі мол деп санаймын. Киелі орындарға барып, көзбен көргеннен кейін ғана жас ұрпақтың бойында Отанға деген махаббатын арттыруға болады. Мысалы, кейбір балалар осындай қасиетті жерлердің барын білмейді екен. Бұл сапарды олар тың жаңалық ретінде қабылдады. Мұндай саяхаттарды өткізе отыра, Шығыстың тылсым жерлерінің сырлары жас ұрпаққа ашылғандай болады. Сол себепті оны үзбей, жалғастыра түсуіміз қажет, – дейді Шуақ ауылындағы №236 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анаргүл Оспанова.
Жарма ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Тоғжан Сқаққызы бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтынын атап өтті. Алдағы уақытта Қалба өңірінің өрендері Шығыстың өзге де інжу-маржандарына сапар шегуі жоспарланған.
Жақсылық Мұратқали