Ұлылар еліндегі ұрпақ тәрбиесі

Тұңғыш Президент күніне орай ұлылар еліндегі ұрпақ қамында жүрген мектеп басшылары мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ әкімдіктегі азаматтар Қарауылдағы Абай атын иеленген мектеп-гимназиясында бас қосты.
Қарауыл гимназиясы – тәрбиенің қарауылы
Өңірдің атқа мінерлерін жиған бұл шара «Рухани жаңғыру: бүгінгі күн мен болашақты сабақтастыратын және ұлттық тәрбиені қалыптастыратын бағыт-бағдар» атты аудандық семинар болатын.
Абай елінде аталмыш оқу ордасы білім сапасы жағынан да, тәрбие беру жағынан да аудандағы өзге мектептерден озық келеді. Содан болса керек, ағымдағы жылдың бас мақаласын өзек өткен дүбірлі жинның күлтөбесіне айналып отыр. Осы орайда мектептің тамырлы тарихына да үңіле кеткен ләзім. Оқу орнының іргетасы сонау 1850 жылдары қаланыпты. Оның басында қазаққа қадірлі ұл сыйлаған Құнанбай тұр. Жидебайдан 15-20 шақырымдай қашықтықта аға сұлтанның салғызған қоржын үй үлгісіндегі білім ордасы 1929 жылы аудан орталығы Қарауыл болып бекітілігенде бес сыныптық шаруа жастар мектебі болып сонда көшіріліпті. 1935-1936 жылдары үкіметтің арнаулы қаулысымен Қарауыл орта мектебі болып құрылған. Ал Абай есімі 1940 жылы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай беріліпті. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алып қуанып жатқан тұста қасиетті шаңырақта аудандағы тұңғыш гимназия сыныбы ашылған. Содан бері ұлылар туған топыраққа аунаған талай түлекті түлетіп келеді.
– Бұл семинарды аудан әкімі Жарқынбек Борашұлының тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес өткізіп отырмыз. Биыл облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен іске асырылып жатқан «Туған мектеп» жобасы аясында аудан мектептеріне заманауи сынып комплектілерімен жабдықтауға кәсіпкерлер, мектеп қызметкерлері 10 миллион теңге көмек көрсетті. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Роллан Тілеуханов.
Қарауылда өткен алқалы жиында жаңа технология мен «Мәңгілік Ел» идеясы қарауылға алынды. Бір-бірлеп айтайық. Мектеп дәлізінен Абай өңіріндегі киелі жерлердің картасы тұрақ тауыпты. «Туған өлкем – тұнған шежірем» атты тақырыпты тарих пәнінің мұғалімі Ғалия Қапанова тарқатты. Семинарға келген мұғалімдерді төрт үлкен топқа бөліп, оларға «Абай», «Құнанбай», «Мұхтар», «Шәкәрім» ауылы деп атап беріп, өлке тарихын қатысушылар аузымен өрбітті ол. Жалпы ұлылар жерін ұлықтаған бұл сызбаға Ақшоқыдан басқа киелі жерлердің бәрі кірген. Абай мен Шәкәрім жатқан Жидебай, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған Бөрілі, махаббаттың ескерткіші саналатын «Еңлік-Кебек» мазары, сан ғасырлық тарихтан сыр шертетін Қырықүңгір, дертке шипа сыйлайтын қасиетті Қоңыр әулие үңгірі сынды киелі орындар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Шағын картаны көрген жан бүкіл Абай жерін шарлап шыққандай сауат ашады. Болашақта осылардың бір бұрышынан Құнанбай жатқан Ақшоқы да орын алар деген үмітпен әрі қарай жылжыдық.
Мерекелік шараның мәнін ұқтырып, мектепті таныстырып жүрген жолбастаушы мұғалім бізді «Мәңгілік Ел» сыныбына бастады. Мұндай сынып аудан көлеміндегі мектептерде екеу ғана бар екен. Соның бірі һәм алғашқысы болып осы мектепте ашылған. Ұрпақ санасына болашқтың нұрлы сәулесін сіңірген сыныпта Елбасының ерен еңбегінен тартып, ертеңгі күнге адастырмай апарар «Нұрлы жолдың» барлық бағыттары көрсетілген.

Құлтемірді қолдан құрастырып жүр
Қарымды қаламгерлердің бірі, қазақты Еуропаға танытып жүрген жазушы Роллан Сейсенбаев, білім мен ғылым саласына еселі еңбек етіп келе жатқан Нұрлан Сыдықов сынды егей ерелерді түлеткен аталмыш гимназияның бүгінгі оқушылары да болашағынан зор үміт күттіреді. Соның мысалы ретінде робот техникаларын құрастырып жүрген жеткіншектер. Облыс аумағында алғашқылардың бірі болып робот сыныбын ашқан оқу орнының бүгінде озық технологияға деген құлшынысы қуантады көргендерді.
Семинарға қатысушылар үш тілді еркін меңгерген өрендердің өздері құрастырған құлтемірлерін де тамашалады. Техника тілін меңгерген оқушылар әуелі екі доңғалақпен ғана адамша тік жүре алатын машинаны таныстырды. Алдын ала жасаған бағдарлама арқылы сыртқы ортаның әсерімен, болмаса ұялы телефонның басқаруымен жүретін әлгі құлтемірлер әр жылжыған сайын діттеген жеріне жете алады екен. Жиналған елді елең еткізген тағы бір құрылғы – жол талғамайтын көлік. Қиын жерлерден өтуге арналға текхника үлгісі бүгінгі заман талабынан алшақ емес. Алты доңғалақтың алдыңғы төртеуі соңғы екі доңғалақтың көмегімен тұрған орнында тік жоғары көтеріледі де, соңғы доңғалақтарды тартып алады. Бұл робот семинарға келеген үлкен-кішінің шынайы қызығушылығын тудырды.
– Бұл сынып өткен оқу жылынан бастап ашылған. Қазір мұнда 5-11 сынып аралығындағы 500-дей бала келіп жүр. Өскеменде өткен облыстық мұғалімдер конференциясында біздің оқушылардың еңбегі көрсетілді. Былтыр Алматыда өткен құлтемірлер байқауына барып, бақ сынап қайттық. Нәтиже жаман емес, – дейді мектеп директоры Роллан Тілеуханов.
Балалар бұл құлтемірлердің бөлшектері мен арнайы тетіктерін ғана сатып алады екен де, бағдарламасы мен құрастыруын, жобасын өздері ойластырады. Оқушылар бесінші сыныптан бастап осы технологияның тілін меңгереді. Қазір мектептің базасында 19 робот бар. Өрендер жадына өркениеттің тұқымын сіңіру үшін қазір бес мұғалім білек сыбана жұмыс істеп жатыр. Олар аудандағы өзге мектептің оқытушыларын да осы пән бойынша оқытуды міндеттеріне алған. Ал Абай атындағы мектептің бұл сыныбына Семейдің Шәкәрім атындағы университеті көмек көрсетіп отыр.
Семинарға келген мектеп директорлары мен мұғалімдердің ортасында «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында пікірталас өткізді. Екі топқа бөлінген педагогтардың бір бөлімі латын әліпбиіне көшу ұлттың ұлы мұраты, ұтарымыз мол деген сыңайда ой өрбітсе, қарсыластары әліпбиді ауыстыруға кететін қисапсыз шығынды айтып, әңгімені ширатты.
– Біз 2022 жылдан бастап бірінші сыныпты осы әліпбимен оқытамыз деп отырмыз. Қазіргі балалар үш тілді қатар оқып жүргенде оған жаңа әліпби қосылады. Бүгінгі таңдағы ұлттың жағдайын ойласақ бұл бізді әлсіретпесе, елімізді күшейтпейді деп ойлаймын. Шынын айтсақ бұл қаріпке оқушыларды қойып, мұғалімдер де дайын емес. Оның үстіне қазіргі ұсынып отырған нұсқа да шикі. Сондықтан латынға қазірден көшу асығыстық болады, – деп ой қорытқан Көкбай орта мектебінің тәлімгері Маржан Тақановаға қарсы Шәкәрім атындағы орта мектептің директоры Пәкизат Ысқақова өз уәжін айтты.
– Бүгінгі семинардың ең үлкен тақырыбының бірі – латын әліпбиі. Бұл бүгінгі күннің де басты тақырыптарының бірі. Әр нәрсенің екі жағы болады. Десе де ұстаздар қауымы Елбасының осы саясатын қолдауда алдыңғы қатарда жүруіміз керек. Себебі ауылды жерлердегі ең негізгі рухани көшбасшылар – мұғалімдер. Олар халыққа да, оқушыларға да толық түсіндірсе, қаріп ауыстырудың қиындығы болмайды. Өз басым осы мәселеге байланысты бір ұсыныс айтар едім. Әліпби мәселесімен айналысып жатқан комиссия құрамында әр саланың мамандары болса. Әрине бұл қатардан мұғалімдер де болуы керек, – деді ол.
Қазақ руханиятының қағбасы саналатын ұлылар еліндегі ұрпақ тәрбиесі туралы семинар түс ауа түйінделді. Жергілікті жұрт қандай оймен қайтқаны өздеріне мәлім. Ал біз Абай жерінен рухтанып қайттық.
Мұратхан Кенжеханұлы