Экономика

Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртпақ

Семейде «Ұлы Жібек жолы. Жаңғыру» деп аталатын тұңғыш көпес жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келген саудагерлердің қатары да өте көп болды. Африканың Конгосынан бастап, Ресейдің Новосибирь, Орынбор, Алтай өлкесі, Башқұртстан, Өзбекстаннан келгендер сауданың көрігін қыздырып, келушілердің де легі толастамады. Орынбордың жылы шәлісі, павлопасадтық орамалдар, малахит сандықшалар, армян зергерлерінің қолдарынан шыққан күміс сақина-білезіктер дейсіз бе, жәрмеңкеде бәрі болды.

Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртпақ– Біз семейліктерге Алтай өлкесінен ыстық сәлем жолдаймыз, – деді осынау халықаралық мәдени жобаны ұйымдастырушылардың бірі, Барнаул қаласындағы қолөнер және көркемсурет үйірмесінің жетекшісі Наталья Шишкина. – Біз Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртқымыз келеді. Осы мақсатпен, міне, үш жыл бойы елді мекендерді аралап келеміз. Қарағандыда болдық, Екібастұзда «Жаңғыру» тақырыбында жәрмеңкелер өткіздік. Ал Астанада өткен «Сұлулық. Денсаулық. Қолөнер» және «Ресеймен бірге бес күн» деп аталатын көрмелерге келген қазақстандықтардың қатарында шек болмады. Павлодарда біз «Асар» қайырымдылық марафоны мен «Көксерке балықтың күні» фестивалін өткіздік. Бүгін міне, Семейдеміз. Біздің көпестер мен саудагерлердің даңқы әлемге белгілі болған. Олар тек көпес қана емес, ел мен елді жалғастырған елші қызметтерін де атқарған. Ресей мен Қазақстанның көпестері өз ісіне адал, қайырымды, сөздерінде тұратын адамдар еді. Елді алдап кету, таразыдан жеу оларда мүлде болмаған. Біз осы қасиеттерді де жаңғыртқымыз келеді.

Осылай дей келе Ресей көпестерінің өкілі Наталья Шишкина Семей қаласына Орынбордың түбіт шәлісін сыйға тартты. Бұл шәлінің базарларда сатылып жатқан шәлілерден жүз есе ерекше әрі сапалы екендігі көзге ұрып тұрды. Сондықтан болар, көпес жәрмеңкесінің саудасы қыза түсті. Әсіресе, әйелдер қауымы түбіт шәлінің қалай тоқылғандығын сұрап, тамсанып жатты. Шәліні саудаға шығарушы ресейлік Елена Кремлева жапа-тармағай қойылған сұрақтарға мүмкіндігінше жауап берді. Құндылығы сонда, шәліні тоқу кезінде тек ешкінің жүнін ғана қолдану керек. Кез келген аязда мұндай шәлілер басыңды ғана емес, арқа-мойныңды да жылы ұстайды.

Семейде өткен көпес жәрмеңкесінде қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева жиналған қауымды екі елді жалғастырған Ұлы Жібек жолының жаңғыруымен құттықтады.

– Біз «Ресей мәдениет қызметкерлерінің шығармашылық одағы» деп аталатын Алтай өлкелік қоғамдық бірлестігінің бастамасын үнемі қолдауға әзірміз, – деді ол өз сөзінде, – тату көршілердің бір-біріне үлгі етер, көрсетер осындай ізгі амалдары болады. Біз өткенде ғана Қазақстан – Ресей достық қарым-қатынасының 20 жылдығын атап өттік, алдағы уақытта сауда-саттық өкілдігінің ашылуы туралы келісімнің 20 жылдығын атап өтпекпіз. Осы жылдарда екі ел арасындағы сауда-саттық бес есеге өсті. Мәдениет пен бизнес жаңа қырынан даму үстінде. Соның бір дәлелі – бүгінгі өтіп жатқан осынау көпес жәрмеңкесі.

Маргарита Раивская павлопасадтық орамалының 500 түрін әкеліпті. Ал армениялық шебер, зергер Ашхе Вартикян өзінің 40 шақты қолөнер бұйымын саудалады. Оның айтуынша, Қазақстанға Арменияның барлық зергерлері келе алмаған. Сондықтан да көбі оған өз бұйымдарын беріп жіберіпті.

– Арменияда зергерлік зауыттар жоқ. Өткенде Қазақстанға келген кезде біраз агат тастар алып кетіп едім, енді міне, армян тастары мен қазақстандық агаттарды қолдан әдемілеп, өрнектеп әкелдік, күмістелген таза қолөнер туындысы деуге де болады,– дейді ол.

Ал Конго елінен келген Коко малахит таспен безендірілген бұйымдарын, Башқұртстаннан келген Лариса Чубарова ара балының түрлерін, өзбекстандықтар түрлі маталар мен түйе жүнінен көрпелер сатты. Осылайша таң ата басталған көпес жәрмеңкесі күн батқанша қызып, жалғасын тауып жатты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button