Руханият

Ұлы тұлғаның есімі ұлықталып жатыр

Ұлы тұлғаның есімі ұлықталып жатыр

Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150, ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына орай «Бөкейханов оқулары» атты акциясы басталды.
Азаттыққа жету жолында талмай күрескен, тәуелсіздікке жетуді басты мақсат еткендердің көш басында алаш арыстары Әлихан, Ахмет, Мағжан, Міржақып сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары тұрды. Алаш туының астында бас қосқан ұлт жанашырларының азаттық жолында жандарын да құрбан еткенін баршамыз білеміз. Алашорда тарихы біздің Шығыс Қазақстан өңірімен, оның ішінде Семей қаласымен тығыз байланысты. «Бөкейханов оқуларының» бағдарламасында «Алаштың Әлиханы», «Әлихан – ғалым, қайраткер», «Әлихан және алаш астанасы», «Әлихан және біз» атты тақырыптық лекциялар мен дәрістер бар. Мұражайда өткен «Алаштың Әлиханы» тақырыбындағы алғашқы шараға Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арнап сапарға шыққан «Мәңгілік Ел» пойызының қатысушылары және мектеп оқушылары қатысты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мәңгілік Ел» пойызының жетекшісі Ә.Әлпейісов құттықтау сөз сөйледі.
Жасөспірімдерді Ә.Бөкейхановтың қызметі, Алаш астанасының тарихымен таныстыру мақсатындағы аталмыш шара қаланың оқу орындарында жалғасын табуда. Музей қызметкерлері Л.Әлжан, Ш.Садықова, Г.Төртенова, Ш.Сейсембаева Семейдегі №31 және Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектептер мен қаладағы қазақ-түрік лицейінде екі тілде тақырыптық лекциялар жүргізді. Алаш ардақтысы Ә.Бөкейхановтың мемлекеттік, қоғамдық-саяси қызметі, 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың желтоқсан айына дейінгі бір жарым жылдай уақыт аралығында Алаш қаласында орын алған оқиғалар, Семейдегі тарихи орындар мен ғимараттар туралы дәрістер фотослайд, бейнефильмдермен сүйемелденді. Мектеп оқушыларын Ә.Бөкейханов тұлғасының қалыптасуы, Алашорда үкіметі, сонымен бірге Кеңес үкіметі тұсындағы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезіндегі ұлтына деген қызметі үлкен қызығушылық танытты. Көкейлеріндегі сауалдарын қойған жастар лекция оқушылардан толыққанды жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Шынар Мұратқызы,
Семейдің тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері.

Осы айдарда

Back to top button