Ұлы тұлға туралы ұрпақтары айтып берді

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Шығыстың ұлы тұлғалары» айлығы аясында Халық Қаһарманы, белгілі жазушы, халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің ерлігін жастарға насихаттау мақсатында еске алу кеші болып өтті. Кешке батырдың туған-туысқандары мен зиялы қауым өкілдері, мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Ұлы Отан соғысының батыры, әйгілі партизан, жерлесіміз Қасым атамыздың есімі шығысқазақстандықтарға ерекше қымбат. Өйткені оның есімі ерлік пен батырлықтың, қайсарлық пен өршілдіктің символы іспеттес. Батырдың ұлағатты өмірі – артындағы ұрпаққа өнеге. Еске алу кешінде ең алғашқы сөзді Қасым Қайсеновтің жерлесі, жазушы, журналист Айтмұхамбет Қасымұлы алып, батырдың биік тұлғасы жайында кеңінен әңгіме өрбітті.
– Қасым аға екеуіміз – жерлеспіз. Ол кісі Асубұлақтан болса, мен арғы жағындағы Тайынты деген ауылда туғанмын. Бала кезімізден Қасым ағаның ерліктерін естіп, шығармаларын оқып өстік. Ол кісінің «Жау тылындағы бала», «Ажал аузынан» атты кітаптарын бас алмай оқитын едік. Ол кезде, әрине, батыр ағамызды көреміз деген ой үш ұйықтасақ ойымызға да кірмейтін. Қасым ағамен кездесудің сәті кейін, «Дидар» газетінде жұмыс істеп жүргенде түсті. Қасым аға туған жеріне келген сайын міндетті түрде редакцияға бас сұғып шығатын. Ол кісімен алғашқы кездесуім әлі есімде. Онда редакторымыз Жұмаділ Әділбаев еді. Сол кісі бірде мені кабинетіне шақырып алып, Қасым ағаға: «Міне, мына жігіт – Қасымов», – деп таныстырды. Сонда батыр ағамыз мені туғанындай жақын тартып: «Ой, сен өзімнің балам екенсің ғой», – деп құшақтап, емірене маңдайымнан иіскеп еді. Жалпы, облыстық «Дидар» газетімен ол кісінің өзі де, Қасым ағаның жұбайы да үнемі тығыз байланыста болды. Ұлы Отан соғысы жылдары газет «Большевик Алтая», «Алтай большевигі» деген атпен шықты. Бұл ер-азаматтардың барлығы майданға кеткен қиын кез болатын. Жазатын журналистер жоқтың қасы. Сол кездегі газеттің редакторы Бейсек Исабеков Өскемендегі Жамбыл мектебінің мұғалімдерін журналистикаға тартты. Жамбыл мектебінің мұғалімі Әтина Жакетова кейін «Қазақстан әйелдері» журналын отыз жыл басқарып, Ленин орденімен марапатталды. Қасым атамыздың жұбайы Асылы апамыз да газет жұмысына тартылды. Асылы апамыз сонда «Мен қалай журналист боламын» деп тәуір-ақ қобалжыған екен. Бірақ ол кісі үш жылдай хаттар бөлімін басқарып, редакцияда жұмыс істеді, – деген Айтмұхамбет Қасымов әйгілі партизанмен Өскемендегі коммунистік саяси-ағарту техникумында бірге оқыған (Комполитпросвет) нағашысы Шаяхмет Боранбаев туралы да жиналғандарға әңгімелеп берді.

-1936-37 жылдары Қасым аға Өскемендегі коммунистік саяси-ағарту техникумында (Комполитпросвет) оқиды. Бірде қолыма ескі фотолар түсті. Сол фотоның ішінде Шаяхмет Боранбаев деген кісі бар екен. Ол кісі менің анамның туған бауыры болып келеді. Сол Шаяхмет нағашым Қасым аға Қайсеновпен техникумда бірге оқыған екен. Оны бітірген соң, Қасым аға Павлодарға кетеді де, ал Шаяхмет нағашым бұрынғы Самар ауданындағы Бастаушы деген мектепке мұғалім болып орналасады. Ал 1939 жылы Шаяхмет Боранбаев әскерге алынады да, қайтар кезінде соғыс басталып кетеді. 1945 жылдың 30 сәуірінде майдан даласында қайтыс болыпты, – деген А.Қасымов аға ұрпақ өкілдерінің ерлігі мен батылдығы кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екенін айта келіп, осынау шараны ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірді. Бұдан кейін сөз кезегін кеш қонақтары Қасым атамыздың туыстары – інісі Рахым Мусин мен оның қызы Раиса Даутова алды.
– Қасым ата Қайсадан туса, менің әкем Рахым Қайсаның кенже інісі Мұсадан туған. Мен тұрмысқа шыққан соң, Даутова болып тегімді өзгерттім. Әкем бүгінде қолымда тұрады. Күнде барып тұрмасақ та, Қасым атамыздың туыстарымен араласып, сөйлесіп тұрамыз. Асылы апамыз 97 жасқа келді. Қыздары Ләззат пен Толқын, ұлдары Мұрат пен Болаттың барлығы үбірлі-шүбірлі. Құдайға тәубе, Қасым атамыздың артындағы ұрпағы қанат жайып, көбейіп жатыр, – деді Раиса Даутова. Айтуынша, 23 сәуірде батырдың 100 жылдығын Ұлан ауданы Асубұлақ ауылының тұрғындары дүрілдетіп атап өтіпті.
Осынау шарада Қазақстан, Ресей, Украина мемлекеттері бірігіп түсірген «Қасым» фильмінде батырдың рөлін сомдаған актер Қуандық Қыстықбаев онлайн байланысқа шығып, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы ұжымының қойған сауалдарына жауап берді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс студенті, жас ақын Жаңабай Естай батырдың 100 жылдық мерейтойына арнап жырдан шашу шашты.
Кеш соңында еске алу кешіне жиналғандар Қасым Қайсеновтің туыстарымен естелік суретке түсті.
Мейрамтай Иманғали
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысымен әзірленді