Қоғам

«Ұлы ұстаз» көшбасшылығын танытты

«Ұлы ұстаз» көшбасшылығын танытты


Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – мәңгілікке бастар жол» тақырыбындағы аймақтық пікірсайыс турнирі өтті.

Оған Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен мен Семей қалаларының командалары қатысты. Турнирде «Мәңгілік Ел», «Қолжетімді баспана-2020», «Еліміздің білім беру жүйесіне өзгерістер қажет пе?», «Жастар арасындағы суицидпен күресудің тиімді механизмі», «Жұмыссыздық мәселесіне жастар кінәлі ме?» деген тақырыптарда пікір алмасып, азаматтық көзқарастарын жеткізді.

– Мұндай шаралар жастардың көшбасшылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың жұрт алдындағы сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Пікірсайысқа Курчатов, Риддер қалаларынан, сондай-ақ, Күршім, Көкпекті, Жарма, Абай, Глубокое аудандарынан келген командалардың да белсене атсалысқанын айта кеткен жөн. Отыз алты команда өзара бақ сынасқан турнирде Қуаныш Молдақашев – «Үздік спикер» аталымына ие болды, – дейді жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Пікірсайыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Астана қаласынан келген «Ұлы ұстаз» командасы жеңіп алса, екінші орынды Абай ауданының «Абайдан соң» командасы иеленді. Ал Семей қаласының «Гельятино» командасының мүшелері үшінші орын алды. Осы орайда, халықаралық халықты қоныстандыру қорының демеушілігімен жеңімпаз командаларға ультрабук, гитара, смартфон сынды бағалы сыйлықтар берілгенін айта кеткен жөн.

– Университет жанынан құрылған түрлі үйірмелердің ішінен қабілетіңіз жетеді-ау деген ұйымды таңдап, белсенділік танытыңыз. Сіз ол ұйымда жүріп тәжірибе жинақтайсыз, адамдармен танысасыз, өзіңізді ұстауды үйренесіз. Әртүрлі шараларға баратын еріктілер қатарына жазылыңыз. Бұл да жеке өмір сүруді үйрену үшін таптырмас көмекші бола алады. Сонымен қатар, мәдени ошақтарды да ұмытпаңыз, театрға, балетке, операға барыңыз, қызықты кітаптарды оқуды әдетке айналдырыңыз. Арнайы жоспар құрып, сонымен жүретін болсаңыз, мұның бәріне уақыт табуға болады. Қатарластарыма айтарым, студенттің ізденуші екенін ұмытпайық. Өйткені, жақсы маман болу үшін көп оқып, іздену қажет, – дейді Қуаныш Молдақашев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button