Ұлық мерекені жеті күн тойлады
Ұлыстың ұлы күнін зайсандықтар есте қалатындай атап өтті. Тауық жылы тарымыз көбейіп, татулық пен ынтымағымыз арта түссін дейді аудан тұрғындары.
Оның үстіне аудан халқы Наурыз мерекесін аудан көлемінде ұйымдастырып өткізуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 16 – 22 наурыз аралығы «Наурыз мейрамы» апталығы болсын деп шешкен. Осы апталықтың бірінші күні-16 наурыз – «Өніс» деп аталды. Бұл күні Зайсан аудандық ауруханасының перзентханасында дүниеге келген сәбилерді құттықтау шаралары ұйымдастырылды. Н.Дүтбаев және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсенбаева дүние есігін ашқан сәбилерге туу туралы куәліктерін салтанатты түрде табыс етіп, аналарды шын жүректен құттықтады.
17 наурыз апталыққа сәйкес «Қамқорлық» деп аталды. Бұл күні аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсенбаева аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жесірлерін құтттықтап, аудан әкімі Т.Қасымжановтың арнайы құттықтау хаты мен азық-түлік пакетін табыс етті. Наурыз мерекесіне арналған апталық әрі қарай «Тазалық», «Ырыс», «Ынтымақ», «Шаттық», «Ұлыстың Ұлы күні» атауларымен жалғасып, мерекелік шаралар өткізілді.
Апталықтың үшінші күні «Тазалық» деп аталды. Бұл күні «Бұлақ көрсең, көзін аш!» дәстүрі бойынша, ересектер жастар және балаларды ұйымдастырып, өзен, арық жағалауларын тазарту, кешенді сенбілік ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Апталықтың төртінші «Ырыс» күні ауылшаруашылық жәрмеңкесі, мерекелік концерттер ұйымдастырылса, апталықтың бесінші «Ынтымақ» күні «Алтыбақан» орнатылып, этномәдени орталық өкілдерінің қатысуымен концерттер, сайыстар өткізілді. Наурыз мейрамы апталығының алтыншы күні «Шаттық» деп аталды. Бұл күні мәдени-бұқаралық іс-шаралар, ән және би конкурстары, шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, жастардың би кештері, ауылдық округтерде бәйге ұйымдастырылды. Апталықтың жетінші күні «Ұлыстың ұлы күні» ең әдемі киіз үй сайысы, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар, бәйге ұйымдастырылды, мерекеге қатысушы қауым наурыз-көжеден дәм татты. «Қара жорға» би акциясы, ұлттық тағамдар сайыстары өткізілді.
Аудандағы барлық мекемелерде, кәсіпорындарда, ұйымдарда мерекелік жиындар өткізіліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып, қоғамда азаматтық белсенділік танытып жүрген қызметкерлерді марапаттау, мекемеде ұзақ жылдар нәтижелі қызмет атқарып, құрметті демалыстағы еңбегі сіңген ардагерлермен кездесулер өткізіп, үйіне барып құрмет көрсету шаралары кең көлемде жүргізілді.
Қаладағы мөлтек аудандарда, ауылдарда көше күндері, сайыстар өткізілді. «Қазақстанда жасалған» эмблемасымен әлеуметтік-мәдени бағыттағы жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
22 наурызда Зайсан қаласында және барлық ауылдық округтерде киіз үйлер құрылып, кең көлемді мерекелік шаралар, оның ішінде, наурызкөже пісіру, қазақтың ұлттық тағамдары сайысы, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер қою, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, мерекелік жәрмеңкелер, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, соғыс жесірлерін құттықтау, демеушілер арқылы сыйлықтар тапсыру шаралары ұйымдастырылды.
Өкен Есімбек.
Зайсан ауданы.