Қоғам

Ұлық мерекеде еңбегі жанғандар марапатталды

Ұлық мерекеде еңбегі жанғандар марапатталды

Кеше Өскемендегі Орталық мәдениет үйінде Қазақ елін жалпақ жаћанға жария еткен Тәуелсіздік күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Ұлтымыздың рухын биіктеткен айтулы жиынға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ қатысып, өңіріміздегі еңбегімен ерекшеленген тұлғаларға мемлекеттік наградалар табыс етті. Биылғы 16-желтоқсанда 85 жасқа толған жерлесіміз қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегеноваға темір тұлпар мінгізді.
Мерекелік кештің шымылдығы азаттық туралы өлеңмен түрілді. Артынша сахна төріне орналасқан оркестр музыка ойнап, үлкен экраннан тәуелсіз Қазақстанның 23 жылда жүріп өткен жолы бейнебаян арқылы тізбектеліп жүріп жатты. Сонау 90-шы жылдардан бастап бүгінге дейінгі еліміздің даму белестері, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жас мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, өркениеттер көшіне қосу мақсатындағы қажырлы еңбегі, ару Астананың бой көтеруі және бас қаламызда өткізілген жоғары маңызға ие ірі халықаралық жиындар, бәрі, бәрі таспа арқылы әсерлі берілді. Одан кейін сахнаға «Жас ұлан» әскери мектебінің жас сарбаздары Көк байрағымызды жеткізді. Жиналған жұрт тік тұрып, Әнұран шырқалды. Бұдан кейін сөз тізгінін алған аймақ басшысы барша шығысқазақстандықтарды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтады.
– Құрметті ағайын, сіздерді бүгінгі еліміздегі ең басты жалпыұлттық мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ата-бабамыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Еліміз 23 жыл ішінде тұрақтылық пен татулықтың арқасында зор табыстарға қол жеткізді. Қазақстанды дүниежүзі мойындады. Осының бәрі Ұлт Көшбасшы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясаты мен халықтың жасампаз еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік – бізге бабалардан жеткен аманат, бүгінгі ұрпаққа жүктелген жауапты міндет. Сондықтан біз байтақ жеріміздің тұтастығын, көпұлтты еліміздің бірлігін көздің қарашығындай сақтауымыз қажет, – деп атап өткен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ кемеңгер Елбасы мен бірлігі жарасқан халқы бар еліміздің қол жеткізген толағай табыстары туралы айтып өтті.
Аймақ басшысының сөзіне ден қойсақ, 23 жылда Қазақ мемлекеті халқының әлеуметтік ауқатын арттырып, экономиканың дамуын қамтамасыз ететін бірқатар маңызды реформаларды жүзеге асырды. Нарықтық қатынасқа экономикасын жылдам бейімдеген Қазақстан шетелдерден 160 млрд. доллардан астам инвестиция тартты. Мәселен, 1993 жылы әрбір қазақстандыққа шаққандағы ішкі жалпы өнім 700 долларды құраса, қазір ол 14 мың долларға жетіп отыр. Заманауи кәсіпорындар іске қосылып, озық технологияларды меңгере алдық, жүздеген мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау сияқты көптеген салаларда ауыз толтырып айтатын дүниелер жетерлік. Облысымызда әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, шағын және орта кәсіпкерлік саласы кең қанат жаюда. Ауылдық жердегі кәсіпкерліктің арқасында тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, бюджетке түсетін салықтық түсімдердің көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Қазақстан бүгінде әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуға жақын қалды. Ол бақытты сәтті көретін күн де алыс емес.
Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ 16-желтоқсанда 85 жасқа толып отырған жерлесіміз, КСРО-ның Халық әртісі Бибігүл Төлегенованы сахна төріне шығарып, зор құрмет көрсетті. Мерейтойға сый ретінде су жаңа темір тұлпардың кілтін табыс етті.
– Осындай қошемет-құрмет көрсетіп жатқан облыс басшысына, туған халқым, Сіздерге шексіз ризамын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын, елімізді бастаған Елбасымыз аман болсын. Атқамінер азаматтарымыз аман жүрсін, – деп ағынан жарылған әнші апамыз қалған лебізін әнмен жеткізді.
Бұл күнді өскемендіктер мен қала қонақтары көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүретін болады. Қатар келген қос қуаныш көпшіліктің көңілін көтеріп, күнделікті күйбең тірлікті бір сәтке ұмыттырды. Ақтарылған ақжарма тілектер, әуелеген ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би бәрі де Мәдениет үйіне лық толған қалың жұртшылыққа арналды. Тәуелсіздік мерекесімен қатар тойланған Бибігүл апамыздың мерейтойы думанды кештің сәнін кіргізді. Сексеннің сеңгіріне шықса да, шабыты шау тартпаған әйгілі әнші бұлбұл үнімен өзінің репертуарындағы «Дедім-ай», «Ауыл кеші көңілді», «Көктем вальсі» сынды белгілі туындыларды тамылжыта шырқағанда, жанды дауыста орындалатын әндерге шөліркеген тыңдарман ду қошемет көрсетті. Ұлтымыздың аяулы перзенті Бибігүл Төлегеновамен бірге шәкірттері Толқын Забирова мен Дана Таласбекованың трио болып құйқылжыта ән салуы тіпті керемет болды. Жерлесіміз, әйгілі әнші Майра Ілиясова да бар өнерін ортаға салды. Әрбір әнді тырп етпей тыңдап отырған залдағы жұрт әншілерге құшақ-құшақ гүл шоқтарын ұсынып, ниет-тілектерін білдіріп жатты. Одан басқа концертте «Ладушка» фольклорлық және «Флэш» хореографиялық ансамбльдері, «Визит» балалар вокалды студиясы өз өнерлерін ортаға салды.
Осы кештегі айтулы сәттің бірі аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ мемлекеттік наградалар табыс етуі болды. Президенттің Жарлығымен бекітілген ордендер мен медальдар еңбегімен ерекше көзге түсіп, қатарынан озған жерлестерімізге берілді (марапатталғандардың тізімі газетімізде жарияланып отыр).
– Бүгінгі марапат менің ғана емес, «Қазцинк» ЖШС ұжымының қол жеткізген табысы деп білемін. Осындай сый-құрмет көрсетіп, еңбегімізді елеп жатқандары үшін әуелі Президентке, содан кейін жергілікті басшыларға алғысымды білдіремін. Бұл награда жетістіктердің басы деп ойлаймын, алдағы уақытта еңбегіміз арқылы бұдан да биік белестерді бағындыруға ұмтылатын боламыз, – деді «Құрмет» орденінің иегері, «Қазцинк» ЖШС вице-президенті Тұрарбек Әзекенов.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button