Ұлық мерекеде бірнеше отбасы қоныс тойын тойлады
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өскемендіктердің қуанышымен бөлісті. Баспаналы болғандарға пәтер кілттерін тапсырып, Жаңа Согра кентіндегі заманауи медициналық орталықтың ашылу салтанатына қатысты.
Жыл аяғына дейін 90 мың шаршы метр тұрғын үй салынады
Өскемен тұрғындарына 16-шағын аудан деген атпен белгілі Молдағұлова көшесінде «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған көпқабатты тұрғын үйлердің қатары жыл сайын артып келеді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы қаржы жинап, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мақсаттарына жеткен жаңа пәтер иелерінің қуаныштарында шек болған жоқ.
6699 әскери бөлімінің қызметкері Айдын Сұлтанов осы уақытқа дейін пәтер жалдап келіпті. Айына 40-50 мың теңге төлеп, пәтерден-пәтерге көшіп жүру кімге болса да оңай соқпасы анық. Айдын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бір жылдай ақша жинаған көрінеді. Енді, міне, су жаңа 3 бөлмелі пәтердің иесі атанып отыр.
– Жастар үшін баспана ең басты мәселе ғой. Бүгін шын мәнінде бақыттымыз, осы құрылысты жүргізіп, тұрғын үйлер санын жыл санап көбейтіп жатқан облыс басшылығына, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» зор алғысымды айтқым келеді, – дейді Айдын Сұлтанов.
Баспаналы болған балаларының қызығымен бөлісуге Айдынның әкесі Өміртай Сұлтанов Көкпектіден арнайы келіпті.
Көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізген Мархаба Кәрменова аталмыш банкке 2010 жылдан бері еңбекақысының бір бөлігін салып келіпті. Енді, міне, даңғарадай үш бөлмелі пәтердің иесі атанды. Жаңа үйдің бөлмелері жарық және кең, балконы, лоджиясы бар.
Облыс Әкімі пәтер кілттерін тапсыру салтанатында осының бәрі Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында баспаналы болып жатқан адамдар үшін бүгін қос мереке. Биыл жыл аяғына дейін Өскемен қаласында 90 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл – бұрын соңды болмаған, өте жоғары көрсеткіш. Бұл біздің Елбасымыз бен мемлекетіміздің азаматтарға жасап жатқан қамқорлығының нақты көрінісі. Баспана болса, бәрі де болады. Бүгін пәтер кілттерін алып, қуаныштары қойындарына сыймай тұрған жандарға несие беріп, баспаналы болуға көмектескендері үшін алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» зор алғысымды білдіргім келеді. Осы үйдің іргетасын қалап, қабырғасын тұрғызған құрылысшыларға айтар шексіз алғысым бар. Барлықтарыңыздың үйлеріңізден бақ пен береке кетпесін, -деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өзінің құттықтау сөзінде.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қадырхан Баймұханбетов те пәтер кілттерін тапсыру салтанатында баспаналы болып жатқандардан бетер қуанып тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, әр адамның шаңырағы – өзінің отаны. Сол себептен де бала тәрбиесі, басқа да отбасылық құндылықтар баспанамен байланысты.
– Құрметті тұрғындар, осы мемлекеттік бағдарламаны іске асырып, сіздерді қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – біз үшін үлкен мақтаныш. Аталған бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің көлемі бойынша біздің аймақ алғашқылар қатарында екендігін айта кетейін. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бұл іске қосқан үлесі зор, – деді Қадырхан Баймұханбетов.
Су жаңа көпқабатты үйдің лентасы қиылған соң, аймақ басшысы мен банк өкілдері пәтерлерді аралап көріп, қоныс тойы мен Тәуелсіздік мерекесін қатар тойлатқалы жатқан қуаныш иелеріне бағалы сыйлықтар табыстады.
19-шағын ауданда да 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа үй қолданысқа берілді. Бұл жерге көпбалалы отбасылар, ардагерлер, бюджеттік саланың қызметкерлері орналасқанын естеріңізге сала кетейік.
Аймақ басшысы өзінің құттықтау сөзінде 19-шағын ауданның келешегі мол аудан екенін, мұнда мектеп, бала-бақша сияқты әлеуметтік нысандардың салынып жатқанын атап өтті.
Облыс Әкімі Тәуелсіздік даңғылының бойындағы аллеяда арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға да қатысты. Қаланың белсенді жастары Тәуелсіздік күні қарсаңында көше бойын қызық пен думанға толтырды. «Сүйікті қалам» деп аталатын акцияның аясында жастар әр түрлі викториналар, тілек жазу бұрышын, өнерпаздар байқауын ұйымдастырыпты. Қолөнер шеберлері дайындаған бұйымдар да жұртшылық назарынан тыс қалған жоқ. Мерекелік думанға келген қонақтарға ыстық бауырсақ, дәмді палау ұсынылды.
Облыс Әкімі жастармен пікірлесу барысында көптеген түйткілді мәселелерге тоқталып өтті.
– Тәуелсіздік кез келген мемлекетке өзінің ішкі және сыртқы саясатын қалауынша басқаруға, экономикасын, әлеуметтік-мәдени саласын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттің байлығын, табиғат ресурстарын ел мүддесіне жұмсау үшін қажет. Ал біздің ең басты байлығымыз көп ұлтты еліміздегі бейбітшілік пен келісім болып табылады, – деді облыс Әкімі жастарға айтқан сөзінде.
Бағдат Шаяхметов атындағы медициналық орталық ашылды
Дәл осы күні Жаңа Согра кентінде заманауи жабдықтармен қамтылған жаңа медициналық орталықтың тұсауы кесілді. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ бастамасымен және қаржысымен салынған әлеуметтік нысан құрылысы бір жылдың ішінде мәресіне жетіпті. Салтанатты жиынға облыс Әкімі, комбинат ұжымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және басқа да қонақтар қатысты. Медициналық орталыққа комбинаттың бірінші президенті Бағдат Шаяхметовтың есімі берілгенін естеріңізге сала кетейік.
Облыс басшысы металлургтерді Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы қуаныштарымен құттықтады.
– Бүгінде комбинат әлемдегі түсті металлургия саласындағы көшбасшылар қатарында. Бағдат Шаяхметовтың бұған қосқан үлесі зор. Біз екеуіміз осыдан 3 жыл бұрын комбинаттың аумаған аралаған едік. Ол кісі сол кезде ескі ғимараттың жанына жаңа медициналық орталық салу керектігін айтқан еді. Емхананың ең алдымен комбинат жұмысшылары және кент тұрғындары үшін қажеттігін де айтқан болатын. Міне, сол мақсат бүгін орындалды, комбинат қажетті қаржыны бөліп, ойдағы іс жүзеге асты, -деді облыс Әкімі.
Жаңа медициналық орталық өз жұмысына толығымен алдағы жылдың бірінші тоқсанында кіріспекші. Мұнда қазір мамандар қабылдау, жаңа жабдықтарды игеру, оған машықтану жұмыстары жүріп жатыр екен.
Орталықтың бас дәрігері Қайрат Биделмановтың айтуынша, қазір мұндағы ішкі жабдықтау жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жоспарланған тағы да бірнеше медициналық құрылғылар қаңтар айында әкелінбекші екен. Бұл жерде тек Жаңа Согра кентінің тұрғындары ғана емес, маңайдағы Винное, Бобровка сияқты ауылдардың тұрғындары да емделетін болады.
Дарын Нұрсапаров