Ұлы даланың әуені естілді

Өскеменде Пушкин атындағы облыстық кітапханада Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы даланың әуезді әуендері» атты музыкалық кеш өтті.
Бұл кеш бұрынғы кештерден өзгерек болды, себебі әнші-күйші қауым салтанатты сахнада емес, қазақы дастархан басында отырып шырқады. Әуелі ұлы даланың көрінісін тамашалаған көпшілік енді әуеніне құлақ түрді.
Аймаққа аты шыққан танымал музыкант, композитор Уатхан Жүнісов шәкірттерімен бірге ел алдында өнер көрсетті. Оқытушының жетекшілігіндегі шығармашылық топтар «Ел бірлігі» және «Біз біргеміз!» атты қос бірдей музыкалық бағдарламаны Тәуелсіздіктің тойына тарту етті. Мінсіз музыка, әсерлі әуен, биік өнер көпшілікті тәнті етті.
Осы тұста композитор Жүнісов туралы айта кету ләзім. Ол – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың музыкалық білім кафедрасының аға оқытушысы. Ұлттық музыканы ұлықтап жүрген жас таланттарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Шәкірттердің шеберлігін шыңдап, ерінбей еңбек етуде.
Кеш барысында композитордың «Ұлы даланың әуезді әуендері» музыкалық жинағы көрермен қауымға ұсынылды. Жинаққа қазақ, қырғыз және Алтай аймағының ән-күйі топтастырылған екен. Сондай-ақ облыстың музыкалық аспап жасаушы шеберлерінің шығармашылық жұмыстары туралы баяндалды. Кітап музыкалық білім алушылар мен жалпы өнерсүйер қауымға арналған.
Бұл кеште тыңдармандар «Әлдикөк», «Серпін», «Қазына» ансамбльдерінің орындауындағы халық әндерімен де сусындап қайтты.
Оразай Жеңісұлы