Ұлы даланың Ұлы мерекесін тойлады

Қасиетті де киелі қазақ даласына Ұлыстың ұлы күні -Наурыз мерекесі де келіп жетті. Осынау мерекені Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана да кеңінен атап өтті. «Ұлы даланың жеті қыры: Наурыз – бабалар өсиеті» атты мерекелік шараға оқырман қауым ерекше белсенділікпен қатысты.
Наурыз – Қазақстан халқының ең бір асыға күтетін мерекесі екені сөзсіз. Өйткені Наурыз – жақсылық пен жаңарудың, ізгіліктің мерекесі. Жаңа жылдың, жаңа күннің басы. Осынау мерекені облыстық кітапхана ұжымы да өз деңгейінде атап өтіп, оқырман қауымның ыстық алғысына бөленді.
Автобустан түсіп кітапханаға жақындай бергеннен-ақ ерекше көңіл-күйге бөленгендей боласыз. Кітапхана ғимараты алдындағы қызыл-сары қызғалдақтар көздің жауын алып, адамға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Әдемі қызғалдақтарды құшақтап суретке түсіп жатқандарды да көзіміз шалып қалды.
Кітапхананың іші де әсем безендіріліпті. Мұның өзі оқырмандар мен кітапхана қонақтарының көңіліне көктем сыйлап, гүл еккендей. Шараға жиналған қауымның барлығы бақытты. Енді ше, бүгін мұнда Наурыз, бүгін мұнда үлкен мереке ғой. Оқырмандар мен кітапхана қонақтары «Наурыз – көктем елшісі» атты кітап көрмесін тамашалап, өздеріне көп мағлұмат алғаны сөзсіз. Мерекенің ашылу салтанатынан кейін Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы бойынша «Тарих тамыры» атты студенттер арасындағы топтық сайыс басталып кетті. Бірнеше турдан тұрған сайыста студенттер өз оқу орындарының абыройын қорғады. Сайыс қорытындысы бойынша, I орынды Шығыс Қазақстан облыстық гуманитарлық колледжінің «Самұрық» тобы иеленсе, II орынды С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Шамшырақ» тобы алды, ал IIІ орынды ҚАЕУ мен медициналық колледж өзара бөлісті.

Наурызға арналған нағыз шара осынау сайыстан кейін басталды.
Уа, жарандар, жарандар!
Көңілің бар алаңдар.
Ата менен анаң бар
Наурыз тойы басталды
Бәрің бері қараңдар, – деген жүргізушінің саңқылдап шыққан дауысы нағыз тойдың енді басталғанын паш етуде. Мерекеге жиналған барша қауымға, үлкен менен кішіге Қыдыр ата ақ батасын берді. Тазша бала да бой көрсетіп, мерекеге арналған өзінің базарлығын тарту етіп жатыр. Наурыз-ару да көпшілікке өз өнерін көрсетіп, қошеметке бөленді. Осылайша ұлы той басталып кетті. Ән әуелеп, күй күмбірлей төгілді.
– Мен бұл мерекеге аластау рәсімін көрсету үшін келдім. Аластау деген қазақтың ежелден келе жатқан ғұрыптарының бірі ғой. Соның ішінде отпен аластаудың жөні бөлек. Өйткені жын-шайтан, жаманшылық атаулы оттан, жарықтан қорқады екен. Жас отаудың босағасын, баланың бесігін осы отпен аластаған. Жаңа қонысқа кіргенде, біреу науқастанғанда да отпен аластау рәсімі қолданылады. Біздің халық оттың жағымсыз күштерді жоятынына шүбәсіз сенген, – дейді ақ жаулықты апаларымыздың бірі, зейнеткер Сәуле Тұрсынханова. Өкінішке қарай анамыз қазіргі күні аластау рәсімі ұмытылып бара жатқанына, жастардың мұндай ырымдарға онша сенбейтіндігіне қынжылыс білдірді. Сәуле апамыз осы аластауға байланысты өзі куә болған бір жағдайды да айтып берді. Бір жылы жаңа босанған келінінің омырауы ісіп, қатты ауырып қалыпты. Сонда ол күн батып бара жатқанда келінін аластаған.
Алас, алас
Мың бір атты пәледен алас,
Жүз бір атты қатерден алас,
Көзі жаманның көзінен сақта,
Тілі жаманның тілінен сақта,
Ниеті жаманның ниетінен сақта.
Жер-Ана, күш-қуат бере гөр, тәу-тәу!
Атар таң, ақ нұр бере гөр, тәу-тәу,
Самал жел, жаңа леп бере гөр, тәу-тәу! – деп шын ниетімен аластаған соң, ертесінде келінінің омырауы жазылып кетіпті. Аластаудың құдіретіне сенбеске лаж жоқ. Ертеде біздің халық Наурыз мейрамы алдында үйді тазалап, адыраспанмен немесе аршамен аластаған көрінеді. Қалай десек те, мұндай ғұрыптардың халқымыздың өзімен ғасырлар бойы жасасып келе жатқаны сөзсіз.

Ұршық иіріп, жүн сабап, кесте тікті
Ал Есмұрат Қыдырмолданов дейтін ақсақал осынау мерекеге жиналған қауымға Наурыз бата берді.
– Қазақ «Жаңбырменен жер көгерер, Батаменен ел көгерер», деп әсте бекер айтпаса керек. Бұрындары наурыз кезінде жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алған екен. Міне, осы батаны «Наурыз бата» деп атаған, – дейді ақсақал.
Сондай-ақ бұл күні кітапхана қонақтары мен оқырмандар үшін түрлі алаңдар жұмыс істеді. Жиналғандар «Ұлттық мұра» алаңында он саусағынан өнер тамған шеберлерден – ұршық иіру, кесте тігу, жүн сабау сияқты, ұлттық қолөнер түрлерінен шеберлік-сабақтарын алса, «Ақ мол болсын!» атты аспаздық шеберлік-сабақта ақ жаулықты әжелер жастарға ұлттық тағамдардың жасалу жолын таныстырып, қыр-сырымен бөлісті.
– Ұршық иіру, жүн сабау, кесте тігу деген қолөнер түрлері біз үшін жақсы таныс болғанымен, қазіргі жастарға таңсық дүние. Өзімнің балалық шағым Моңғолиядағы Баян өлгей аймағының Ұланқұс сумында өтті. Ауылдың үлкендерінен қолөнердің түр-түрін үйреніп, көріп өстік. Бүгін сол білгенімді жастарға көрсетіп, үйреткім келеді, – дейді Әлия Күсән дейтін келіншек.
Домбыраны тропикалық ағаштан жасайды
Ал есімі өңірімізге ғана емес, республикаға кеңінен таныс ұлттық аспаптарды жасаудың шебері Бақыт Кеңшілікұлы жастарға домбыраны жасау туралы кеңінен әңгімелеп берді. Айтуынша, ол ұлттық аспаптардың 29 түрін жасайды екен. Кейбір көнеріп қалған аспаптарды осы заманға сай жетілдіріп, қайта жасайды. Қазіргі күні Қазанғаптың домбырасын жетілдіріп, қайта жасап жатқан көрінеді. Ресейдің Брянск қаласындағы институттан ағаш технологы мамандығы бойынша білім алған Бақыт Кеңшілікұлының жасаған домбыралары арзан емес. Өйткені ол ұлттық аспаптарды тропикалық аймақтарда өсетін ағаштардан жасайды. Мұндай домбыралардың дыбысы ерекше. Тіпті, небір атақты күйшілердің өзі «сенің домбыраңды алып, біз тұлпар мінгендей сезімде жүрміз» дейтін көрінеді қуанып.
Ал «Жылқы – малдың патшасы» атты алаңда қолөнер шебері Дүйсен Шөкенұлы жастарға ат-әбзелдерін таныстырып, ертоқым, қамшы жасау туралы, атқа міну мәдениеті жайлы өмір бойы жиған тәжірибесімен бөлісті.
Осы білгенімді үйретіп, шәкірт тәрбиелесем деймін, – дейді ақсақал.
Сондай-ақ «Наурыз нақыштары» атты мерекелік жәрмеңкеден қонақтар ұлттық тағам мен киім, қолөнер бұйымдарымен қатар Ұлы даланың жеті қырының бірі болып саналатын алма мен қызғалдақты да таба алды.
Білек күші мен ептілігі ерен қонақтар үшін – қол күресі, тас көтеру, асық ойнау сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылса, интеллектуалды ойынқұмарлар «Чемпион» шахмат турнирі, «Тоғыз құмалақ», «Taboo» сияқты ойындарға қатысты. Сондай-ақ оқырмандар «Наурыз-бәйге» викторина алаңында ұлттық салт-дәстүрімізге қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады.
Ал Наурыз мейрамын кітапханашылармен бірге тойлауға келген кішкентай қонақтар «Тазшаның қырық өтірігі» атты өтірік-өлең құрастыру сайысына қатысып, тапқырлықтарымен көзге түсті. Мерекеге жиналған қауым дәмі тіл үйірер наурызкөжеден де дәм татты.
Мейрамтай Иманғали