Қоғам

Ұлы даланың ұлы мерекесі ұлықталды

Ұлы даланың ұлы мерекесі ұлықталды


Ұлы дала елінде тағы да дүбірлі той. Бұл – қазаққа тәңірдің өзі тарту еткен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойы. Бұл -егеменді елдің ең қасиетті мерекесі. Ширек ғасыр бойы шынайы азаттықтың дәмін татқан барша қазақстандықтар Тәуелсіздік күнінің қадірін де, қасиетін де жақсы біледі. Осынау мерекені еліміздің өзге өңірлері секілді шығысқазақстандықтар да кеңінен атап өтуде. Өскемендегі облыстық драма театрында өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиынға облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВ қатысты.

Уақыттан асқан жүйрік бар ма? Ата-бабаларымыздың асыл арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңының арайлап атқанына да 25 жыл уақыт болыпты. 25 жыл… Кәрі тарихтың көзімен қарағанда, бұл тым аз көрінгенімен, осынау ширек ғасыр тәуелсіз жас мемлекет үшін айрықша қымбат. Бұл – жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының 25 жылы… Бұл – шыңдалу мен ширығудың 25 жылы… Осынау жылдардың ішінде жас мемлекеттің буыны бекіп, бұғанасы қатты, ат жалын тартар жасқа жетіп, төрткүл дүниеге аты мәшһүр болды. Бүгінде Қазақстан дейтін мемлекетті бүкіл әлем біледі. Азуын айға білеген алпауыт елдердің өзі жас мемлекеттің айтқанымен санасатын болды. Қазақстанның бүгінгі таңдағы жетістіктері мен жеңістерінің барлығы әрине, Тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз. Мұны салтанатты жиында сөз алған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ та ерекше атап айтты.

– Баршаңызды ұлттық рухымызды жаңғыртып, әлемге дербес Қазақстан мемлекетін жариялаған – Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздік, бұл – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайтпас намысының жемісі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ: «Қазақстанның тәуелсіздігі тағдырдың қазақтарға бере салған сыйы емес, оның өз жерінде, өз мемлекетін құруға деген заңды арманының іске асуы…» деп атап көрсетті. Бұл сөзде терең мағына, үлкен саяси сипат жатыр. Тәуелсіздік – жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекетінің 25 жыл ішіндегі барлық тарихи жеңістері мен баға жетпес байлықтарының бастауы. Бүгін – қазанына құт бітіп, ырыс дарыған заман! Бүгін – жаңа Астана салып, дүркіреген елдермен туыс болған заман! Осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасы! – деп сөзін бастаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тәуелсіздік жылдарында облыстың қол жеткізген жетістіктеріне де кеңінен тоқталып өтті.

Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнімнің көлемі 24 мың теңгеден 1 млн. 656 мың теңгеге дейін көтеріліп, 69 есе өскен көрінеді. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 29, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 36 есеге артқан.

Өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік те қарыштап дамып келеді. Сыртқы сауда айналымының көлемі 5 есеге ұлғайған. Осынау жылдар ішінде аймаққа 2 трлн. 600 млрд. теңгенің инвестициясы тартылыпты. Тек индустрияландыру картасы арқылы облыс экономикасына 1 триллион теңге инвЕстиция келген. Аймағымызда құны 236 млрд. теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылған. Олардың ішінде ең ірілері – «Қазмырыш» ЖШС мыс балқыту зауыты мен Өскемендегі титан-магний комбинатының титан құймалары мен қорытпалар шығаратын жаңа зауыттың іске қосылуы болды.

Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің экономикасын өрге сүйрейтін жобалардың әлі де іске асып, құрылысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Солардың бірі Ақтоғайдағы тау-кен байыту комбинаты мен Өскемендегі автозауыт. Тек осы жобалардың аясында ғана 20 мың адам екі қолға бір күрек тауып, жұмыспен қамтылмақ.

Тәуелсіздік жылдарында өңірдің әлеуметтік саласының да әлеуеті артып, 165 жаңа мектеп пен балабақша, 100-ден астам денсаулық сақтау, 300 спорт, 40-тан астам мәдениет үйлері бой көтерді. Әрбір оныншы шығысқазақстандық отбасы баспанаға қол жеткізді.
Осының бәрін тізбектеген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ:

Біз азаттық таңын көріп, біртуар Ұлт перзенті Нұрсылтан НАЗАРБАЕВТЫҢбасшылығымен жас Қазақстан мемлекетінің алғашқы 25 жылдық тарихын жасаған, оның айтулы жетістіктері мен мол табыстарына үлес қосқан бақытты ұрпақпыз. Бұл – біз үшін зор мақтаныш, жауапты міндет. Шығыс Қазақстанның қашанда белсенді және еңбекқор, көпұлтты халқы Ұлы мұраттар жолындағы – Ұлт жоспарын абыроймен орындай береді деп сенемін! – деп түйіндеп, барша қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, денсаулық, бейбіт өмір, баянды бақыт пен әрбір отбасына сарқылмас ырыс, ынтымақ пен береке тіледі.
Мұнан кейін сөз кезегін еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов алды.

Құрметті Шығыс елі! Ұлы мерекеміз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Осынау 25 жылдың ішінде егеменді еліміз бай, қуатты мемлекетке айналды. Біз әлемге береке мен бірліктің алтын бесігі ретінде танылдық. Мұның барлығы, әрине, тұңғыш Президентіміз Нұрсылтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, – деген министр тәуелсіздік жылдарындағы табыстарымыздың толағай екенін айтып, жас мемлекеттің бағындырған биіктері мен жетістіктеріне тоқталып өтті.

Салтанатты жиын соңы үлкен мерекелік концертке ұласты. Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Мәдениет қайраткері Мапруза Утуленова секілді, т.б. әншілер мен «Асыл» тобының орындауындағы әдемі әндер мен сахна төрінде күмбірлеген күй жиналғандардың құлағының құрышын қандырды. Халықтың сүйікті әнші қызы Роза Рымбаева концерт барысында өзінің тұңғыш ұлы Әли Оқаптың тәуелсіздіктің құрдасы екенін де ерекше мақтанышпен айтты. Сондай-ақ, халықтың ерке қызы облыс басшысы Даниал АХМЕТОВКЕ өзінің сахнада жүргеніне 40 жыл болғанын, Өскеменде жеке концертін өткізгісі келетінін де құлаққағыс етті.

Осылайша Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойының құрметіне төгілген әсем саз сан жүректерді тербеп, қуаныш сыйлады.

Ерлан Зәйтенов, «Зәйтенов» шаруа қожалығының басшысы, «Парасат» орденінің иегері:

–Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде талай қуаныштар да, қиындықтар да кездесті. Сүрінсек тұрдық, алға ұмтылдық. Еліміздің қажетіне жарауға тырыстық. Сөйтіп, осындай биікке көтерілдік. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ Елбасының қамқорлығын сезініп келеміз. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Субсидияға да ие болып, жеңілдікпен несие алуға да болады. Ендеше неге алға ұмтылмасқа? Қазіргі күні менің шаруашылығымда 650 бас сиыр бар. 250-ден астам адам еңбек етеді. Мақсатымыз – алдағы уақытта сүт өндіру бойынша аймағымызды бірінші орынға шығару.

Юлия Миронова, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:

–Мен Тәуелсіздіктің нағыз құрдасымын және тәуелсіздіктің құрдасы болғанымды мақтан етемін. Біздің мемлекетте кез келген адамның рухани дамуы, алға басуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Әсіресе, жастарды қолдауға арналған бағдарламалар өте көп. Мұның бәрі, әрине, тәуелсіздіктің арқасы!

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button