Руханият

Ұлы даланың ұлы есімдері

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияға Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары музейлерінің қауымдастығы өкілдері қатысып, қазақ даласында ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың мәдениетіміз бен әдебиетімізге сіңірген еңбектері және қоғамдық қызметі жайында ғылыми-танымдық баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев Абайдың  ақындық талантына, тұлғалық даналығына тоқталды. ы Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір  келген қонақтарға алғысын білдіріп,  «Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары музейлері қауымдастығы» бірлестігінің атқаратын жұмыстарына орай ұсыныстар қарастырылып, ортақ шешімдер нақтыланатынын  айтты. Конференцияға Петропавл, Қостанай, Торғай, Түркістан, Павлодар қалаларынан келген музей қызметкерлері қатысты. Ассоциация құрудың мақсаты -барлық тарихи-әдеби мұражайларды біріктіру және бірге жұмыс істеу.  Сол себептен шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды.

Торғай мұражайлар кешенінің басшысы Г.Сәрсекей, І.Жансүгіровтің әдеби музейінің меңгерушісі Н.Жауынбаева, Қостанай облысының Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы М.Оспанов, Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінен Д.Опабекова, Түркістан облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталығы директорының орынбасары Т.Акимов, І.Есенберлиннің әдеби музейінің меңгерушісі Ұ.Комбатурова, Ақтөбе облысындағы Әйтеке би музейінен А.Жалмұханбетов, Павлодардағы «Дом-музей Павла Васильева» музейінен Т.Карешекова және Абай музейі директорының орынбасары М.Қайрамбаева баяндама жасады.

Конференция аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі және Қазақстанның көрнекті тұлғалары музейлері қауымдастығының өкілдері ұйымдастырған «Тарих және тұлға» атты көрме ашылды. Көрмеге  келген  қауым   баһадүр батырлар мен аса көрнекті тарихи тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылығы, әдеби мұрасы, қоғамдық қызметіне қатысты жәдігерлермен танысты. Еліміздің 20 әдеби-мемориалдық музейінен 200 экспонат қойылған бұл көрме екі күн бойы келушілерді қазақ халқының көрнекті тұлғаларының тарихымен таныстырды. Экспозицияларда Мұқағали Мақатаевтың, Ыбырай Алтынсариннің, Сәкен Сейфуллиннің, Аблай ханның жеке заттары қойылған. Сондай-ақ «Абай халық жадында» деген тағы бір көрме залының ашылуы болды.

Сөйтіп, алғаш рет ұлылар мекенінде ұйымдастырылған  көрме  Қазақ  халқының  көрнекті  тұлғалары жайында сыр шертті.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button