Ұлы даланың ұлтарақтай пұшпағы да сатылмауы тиіс

Бала шақта табынның алдын тосқан шалдар айтып отыратын бір әңгіме есте қалыпты. «Құдай адамдарға екі түрлі кітап тастапты» деп басталатын.
«Бірі техника тілін үйретсе, екіншісі өнер тылсымына кілт ұсынады екен. Мұсылман қауымы соңғысын таңдаған. Өндіріс пен қару өнерінде кәпірлерден артта қалуымызға осы кітап себепкер», – дейтін шалдар. Шалдардың сөзіне күмән келтіру қайда, жаратушының мұндай әділетсіздігіне таңғалатынбыз. Қазақтың мұсылман болып жаралғанына іштей өкінуші едік. Кейін білдік қой, олай емес екенін.
Жұлмаланған аңыз, бұрмаланған тарих
Тағы да сол шалдар айтатын. «Орыс халқы дүниеге келер шақта анасы толғаққа шыдамай ағашқа асылыпты дейтін. Қытайдың анасы қара жерді құлаштай құласа, қазақтың анасы аттың жалын құшқан. Сол себепті орысқа – орман, қытайға – жер, қазаққа – мал біткен-мыс. Ойын баласы үшін әжептәуір ертегі болғанымен, қазір ойласақ, ең бір сұмпайы сөздер екен солар. Саясат пен идеологияның иісі мұрнына бармайтын ауыл шалдарына бұл тәмсілді кім, қалай таңды екен деп ойлаймын кейде. Тәубе, Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Малының саны сол алып аумақтың бір пұшпағын ғана толтыруға жетеді. Демек, толғақ жайлы болжамның кері кеткені аттың қасқасындай анық дүние.
Ал «аспаннан түскен» кітап туралы әпсана тым күрделі. Уақыт пен кеңістік өлшеміне салсақ, кез келген ғылыми-техникалық революцияның бастауында өнердің қиял формасы тұрады. Ұшатын кілем араға мыңжылдықтар салып, ұшаққа айналса, Ер Төстікке жолдас болған жер астының жеті кереметі қазір мұнай мен металл болып, адамзатты асырап тұр. Мұнайдан қуат алған ұшақ-зымырандар самұрық емей немене? Желаяқты желден жүйрік темір тұлпардың прототипі демеске лаж бар ма? Қазақ даласындағы сирек металдардан жасалатын цифрлы әрі сиқырлы технология ғарыш пен адамды байланыстырып, Саққұлақтың қызметін атқарып тұрған жоқ па? Үлбінің бойында өңделген уран қуатының Таусоғар мен Көлтаусардан несі кем? Демек өнертабыс атаулының атасы – қиял. Сөздің материалдануы десеңіз де өз еркіңіз.
Бабаларымыздың қиялы кескіндеме өнерінде аң стилін қалыптастырған. Архелогиялық қазбалар бұл стильдің зергерлік өнердегі орны орасан екенін әйгілеп берді. Бізше, аң стилі кескіндеу өнерін ғана дамытып қоймаған. Табиғатқа еліктеп, жануарды тотем еткен бұл ағым бионика ілімінің бастауында тұр. Өрмек пен кестені өрмекшіден үйренген адам баласы өзінен 50 есе ауыр салмақты көтере беретін құмырсқаның физиологиясына негіздеп жүк тиегіштерді ойлап тапқан. Түйе керуенінің негізінде теміржол түзілді. Жел диірменінің алғашқы сызбасы көбелектің қанатынан алынса, тікұшақтың құрылысы инеліктен көшірілген деседі. Өнердің қиял формасы техникалық революцияның ең бастапқы кезеңі деп отырғанымыз осы. Демек, біздің бабалар тұтынған аң стиліндегі зергерлік бұйымдар түрлі өнертабысқа тұздық болуы әбден мүмкін. Бұл – ұлы даланың ең ұлы қыры. Керек десеңіз, аң стилі біздің Елтаңбамыз бен көк Туымыздан да орнын ойып алған.
Ат – ел қанаты
Елтаңба дегеннен шығады, қытай барлаушыларының «бұлар атқа мінсе, арыстандай айбарлы, аттан түссе, күні құлдан төмен» деп сипаттама бергені біздің бабаларымыз болса керек. Атты алғаш ауыздықтаған біздің бабаларымыз. Соны мектеп қабырғасында естіп өссек, толғақ туралы аңыздың бұрмаланған нұсқасына сенбес едік қой. Орыс орман отап күнелтсе, қытайдың жер шұқып жан бағуға бейімдігін тәмсіл етсе керек ескі аңыз. Теміржол келген соң қазақ аттан түсті. Оны Оралхан Бөкей «Зымырайды пойыздар» повесінде тұспалдап толғады. Алтайдан тараған дейтін Америка үндістері де теміржол төселген соң аттан түсіп, біржола бодандыққа бой ұсыныпты. Қытай шежіресіне қанық қаламгер Тұрсынхан Зәкенұлы Еділ қағанның аузымен ғұн бабалардың көршілеріне жылқы сатуы, отырықшыларды Ұлы қорғаннан сыртқа шығарып, қоныстарын тарылтқанын айтады. Еділдің сол өкінішіне дәлел болып тарихта Терракот армиясының қыш ескерткіштері қалды. Ғылымға белгілі ең көне үзеңгіні тапқан Зейнолла Самашев сол ескерткіштегі әбзелдер Берелдегі сақ бейітінен қазылған ат әбзелдердің көшірмесі екенін айтады. Атқа міну өркениеті тарихтың көшін күн бағытына осылай бұрғызса керек.
Жылқы мәдениеті батырлық рухымыз сияқты бабалармен бірге тарихта қалып бара жатқаны өкінішті. Жалпақ Еуразияның апшысын ат тұяғымен қуырған көшпелілердің қара шаңырағында таза қанды төл жылқының қалмауы шынымен де қасірет. Совхоздар тарап жатқан кезде біздің Катонқарағай ауданына ағылшындар келіп жылқы сатып алды. Қасындағы аудармашы орыспен бірге қыл құйрықтың шашасына қарап таңдайтынын ауылдағылар жыр қылып айтатын. Бағасына бір мәшиненің құнын береді екен десті. Бәлкім таза қанды төл жылқымыздың соңғы тұяғы сол кезде шекара асқан шығар. Орнында барды оңалту атпаз атымтайлардың мойнында. Өйткені қазір жылқы баласына мемлекет субсидия төлемейді. Шошқаға бар субсидия жылқыға жоқ. Ай сайын өтіп жататын форум-шаралардың бірін дәстүрлі жылқы көрмесіне айналдырып, төл тұқымдарды қайта неге тірілтпеске?
Тұраннан Иранға, Ираннан ағылшындар арқылы бүкіл Еуропаға тараған шөген ойынын қазір әлем «поло» спорты ретінде біледі. Ат үстіндегі командалық ойын қазір ағылшын ақсүйектерінің сүйікті спорты саналады. Батысқа еліктегіш біздің байшыкештердің гольфқа ентелегендей шөгенге неге құмартпайтыны түсініксіз.
Металл мистикасы
Әсілінде, біздің «Алтын адамдардың» даңқы Мысыр пирамидаларымен дәргейлес болуы тиіс еді. Сақтың саф өркениетіне Есіктен алғаш сәуле түскенімен, советтің кержақ идеологиясы көлеңкелеп бақты. Тәуелсіздік алған соң Берел мен Шіліктіден, Үржар мен Елеке сазынан «алтын адам» тұтастай да, жұрнақтай да табылды. Біз үшін ол – әлемнің сегізінші кереметі. Өкініштісі, тек біз үшін ғана. Есік шаһарының аты шыққанына биыл тура 50 жыл болады екен. Кино әлемінде «Мумия», «Перғауын», «Пирамида», «Тутанхамон» фильмдерімен шендесе алатын бірде-бір көркем туынды ұсына алмаппыз. Сақтардың «алтын адамын» академиялық орта білгенімен, қарапайым әлем жұртшылығы танымай жатқаны содан болса ше?
Ұлы жібек жолы «алтын адамның» материалын сырттан әкелді дегізіп келген. Катонқарағай ауданының Майемер ауылы мен Қарақаба өзенінің бойынан табылған көне кен пештері металлургияның мұнда біздің заманымыздан 2-3 мың жыл бұрын дәуірлеп тұрғанын көрсетіп берді. Кеше ғана Тарбағатай ауданының Елеке сазынан тоналмай жеткен «алтын адамның» киіміндегі иненің жасуындай нәзік алтын маржандар зергерлік өнердің шыңы да Алтайда екенін паш еткен жоқ па!
Алтайдың алтыны туралы аңызды бесігінде тұншықтырып, шындығын жасырып қалған отаршыл жүйе Мұзтау маңынан тоналған қазынаға Ресей патшалығының теңіз флотын құрған деген деректер бар.
Археолог Зейнолла Самашев алтын өңдеу ісінің Алтайда пайда болуы бабаларымыздың өзге дәуірлестерінен ақылды болды деген сөз емес дейді.
«Қалба мен Алтай сілемдері алтынға бай екенін геологтар кеш білгенмен, бабаларымыз баяғыда-ақ анықтаған. Яғни тұтас Алтайды ежелден түркі баласы мекендеген», – деген пікір айтады. Ал біз Алтай мен Қалбатаудың алтынды сілемдері көшпелі бабаларымыздың мәрт пейіліне иіген бе дейміз. Әйтпесе, «көшпелі алтын», «алтынның буы», «қанға тоқтату» сияқты мистикаға толы тылсым түсініктер туындамас та еді. Меңсіз қара қойдың қанын тамызып барып көмбесе, тыққан алтынның орнын сипап қалуға болатынын бабаларымыз өсиет етіп кеткен екен. Көшпелі алтынды да сағымына қан тамызу арқылы ұйыту тәсілін кешегі шежіре шалдар айтып, ауыздан-ауызға таратып жеткізген.
Қазақта күміс туралы да мистика көп. Үржарлық зергер Ертай Сәрсеновтен сұхбат алғанымызда күміспен әндете отырып жұмыс істейтінін айтқан болатын.
Адам аурасына көзге көрінбейтін бактерияның 1,5 мың түрі шоғырланса, күміс соның 700-ден астамын өлтіруге қабілетті. Ертеде апаларымыз қамырды қолына күміс тағып барып илеген екен. Біздегі металлургия іргелі ілімдер мен тылсым түсініктердің үйлесімінде дамыған деп отрығанымыз осы.
Тылсым түсініктің көкесі қазақтың ұсталығында жатыр. Көрігі бар үйді қазақ киесі бар деп білген. Өздері ұста болмаса да, атадан қалған ескі көрікті әлі күнге дейін кие тұтып, үйінің құты ретінде сақтап отырған жандарды ауылдан жиі көреміз. Ұстаны осылай құрметтеуінің арқасында қазақ даласында ең асыл қылыштар соғылды, жебенің түр-түрі тарады. Отқару шыққанға дейін қазақтың өзгелерден үстем тұруының бір себебі осында, бәлкім. Абылай хан айтыпты дейтін «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деген аталы сөз осыдан шықса керек.
Біздің Алтай
Елбасы мақаласында Алтай ұлы даланың ерекше қыры ретінде аталды. Бұл біздің көкейде көптен бері күпті боп жүрген ауыр ойларды серпілтті. Өскеменде жыл аралатып «Үлкен Алтай», «Алтай – ортақ үй» атты үлкен жиындар өтіп жүр. Бірінің мақсаты – «туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту» болса, екіншісінікі – Алтайды ежелден түрлі ұлт-ұлыстар мекендегенін насихаттау. Саясат бұға берсе, сұға бермек. Күні ертең «Орал – ортақ пана», «Сібір – сүтті мекен» сияқты форумдардың қаптамасына кім кепіл? «Ұлы даланың жеті қыры» осыған тосқауыл болар деген үміт біздікі.
Алтайды қара шекпенді келімсектер екінші Америка деп ойлаған. Көне қорымдардағы ырғын қазына мен жердің бетіне шығып жататын сом алтындар туралы аңыз оларға тау-тас кездіртіп қойған. Өлермендердің ізінде кеншілікке кіріптар шағын шаһарлар мен кенттер қалды. Кеше ғана Алтайдың атын алған Зырян қаласы соған дәлел. Алтай алтыны оңай олжа іздегендерді әлі де өзіне магнитше тартуда. Археолог Зейнолла Самашев «қара археологтардың» сақ пен ғұн қорымдарына ауыз салып жүргенін айтудай-ақ айтып келеді.
«Елеке сазында күзде белгілеп кеткен қорым көктемде келсек, ортасына түсіп жатыр. Кейін ауыл адамдары жәшік-жәшік алтын жәдігерлердің суреті WhatsApp аралап кеткенін айтып жүрді», – деген өкінішін ет құлағымызбен өз аузынан естідік. «Енді неге құзырлы органдарға ұстап бермегенсіздер?» дейміз ғой. Катонқарағай мен Күршім ауданында ондай пысықайлар ұсталып, сақшылардың қолына тапсырылған да екен.
«Көп өтпей қабір тонаушылар бостандыққа шығыпты. Сонда ішкі істер өкілдерімен ауыз жаласып алған ғой», – дейді археолог күрсініп. 2019 жылы алтын шаюшыларға рұқсат беретін заң күшіне енуі мүмкін. Онсыз да айылын жимай жүрген қабір тонаушылар ауа жайылып кетпесе игі еді. Алтын іздегендер арасында турист атын жамылғандар да көп көрінеді. Шөп арасындағы инені де табатын спутник арқылы осы қорымдарды неге күзетпеске?
Жібек жолының жаңа дәуірі
Біздің бабаларымыз алтын мен күмісті жақсы көргенімен, негізгі валютасы уәде болғанын Таласбек Әсемқұлов айтып кеткен. Сертке беріктігі мен қара қылды қақ жарған әділдігі Ұлы Жібек жолын қазақ жерінен көктей өткізді. Кез келген даудың бір ауыз сөзбен әділ шешілетінін, қонақжай көшпелілердің «обал», «ұят», «жаман» деген тыйымдардан аттап баспайтынын жердің жыртығын жамаған әлем саудагерлері жақсы білген ғой. Бүгін сол Ұлы Жібек жолының сүрлеуімен Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі салынып жатыр. Ал Арқа төсінде әділдік прицниптеріне құрылған халықаралық қаржы орталығы есігін ашты. Ұлы жібек жолы ХХІ ғасырда қайта дәуірлеп жатса, таңғалмаңыз.
Алатау мен Тарбағатайда жұрнағы қалған алма атасының Сиверс деген ғалым атымен аталатыны да қызық. Қазақ қызының символы болған қызғалдақтың отаны қазір Голландия. Бүркітші қарындасымыз Айшолпан болмағанда саятшылық өнер біржола Монғолияға телініп кетер ме еді, кім білсін?
Ұлы даланың ұлы перзенттері Еділ қаған мен Мөдеге, Бумын мен Білгеге айшықты бір ескерткіш орнатпаппыз. Ғалым Жанұзақ Әкім Еуропаның өзі Атилланы варвар ретінде қараудан бас тартып, ескерткіштер орната бастағанын айтады. Римнің езгісінен оятып, құлиеленушілік жүйені жойған тұлға ретінде дәріптеліп жатса керек. Ал біз Таласбек Әсемқұловтің «Тұмар ханша» атты дайын сценарийін әлі киноға айналдыра алмай жүрміз. Бабадан қалған руна жазуы Күлтегін сынтасының көшірмесінде ғана мүлгіп тұр.
Ұлы даласының қадір-қасиетін қазақ білмейді емес, біледі. Мөденің өсиетіне адалдық танытып, Жер кодексінің даулы баптарып кідіртіп тастауы соның дәлелі. Елбасы да мемлекетшіл отандастарының пейіліне ризашылық танытты сол жолы. Демек, ұлы даланың ұлтарақтай пұшпағы да сатылмауы керек. Елбасы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала осы ойларды санада қайта жаңғыртты.
Есімжан Нақтыбайұлы