Ұлы дала заңдары ұлықталды

Газетіміздің 18 мамыр күнгі санында Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық -заң университетінде қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Қазақ даласындағы Ресей мемлекеті бекіткен заңдар және Қазақ елінің құқықтық жүйесі мен сот қызметі, билер дайындаған ережелер, Абай Құнанбайұлы жазған «Қарамола ережесі», тағы басқа да заңдардың қазақ елінің құқығы мен билер сотын жаңғыртуға қосқан үлесі» тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өткенін хабарлаған болатынбыз. Бүгін оқырмандар назарына сол аймақтық ғылыми конференцияның өту барысы жайында кеңінен, жан-жақты жазылған мақаланы ұсынып отырмыз.
Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің конференц-залында өткен қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференция облыстық соттың төрағасы Досжан Әміровтің алғы сөзімен ашылды.
– Қазақ тарихында туған тіл, туған жер үшін өз өмірлерін қиып, бүгінгі күнге, Тәуелсіздікке дара әрі сара жол салған қазақ хандары мен билерінің еңбегі ерекше сот төрағасы өз сөзінде, – Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы сияқты мерейлі тарихи күндерді ел болып атап өтіп, ата-бабаларымыздың сіңірген еңбегін жоққа шығармауды ұсынды. Қасиетті Семейде елдің мұң-мұқтажына назар салған, ақын, қазақ мемлекеттілігіне үлес қосқан Абай атамыз еді.
Бұдан кейін сөз алған қала әкімі Айбек Кәрімов аталмыш шараның Семей қаласында өткізіліп отырғандығын қолдайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, шараны ұйымдастырушы Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінің ректоры Шырын Құрманбаева да бүгінгі күндегі оқу процесінде қазақ билері мен ойшылдарының еңбегін насихаттаудың маңызына ерекше тоқталды. Жастар мен ғалымдар елдікті, ерлікті ұрпаққа аманат етері сөзсіз деген ректор конференция жұмысына сәттілік тіледі.
– Қазақ хандығының 550 жылдығына орай конференцияларды Қазақстанның бес аймағында өткізу жоспарланған. Міне, Семейге де келіп жеттік. Мақсатымыз Қазақ хандығы тұсында билер мен хандарымыз жергілікті жерлерде қандай үлес қосты, қандай заңдарымыз болды, жергілікті халықтық сот билігінің жоғарғы хан билігіне қандай әсері болды, міне, соны анықтамақпыз. Ресейдің қол астына кіргеннен кейін Семей елінде тұңғыш рет «Қарамола ережесін», Абай арнайы жиында бекіттірген. Тарихты жете зерттеу арқылы біздің қазіргі күнде жеткен жетістіктеріміз де сараланады. Осы арқылы біз «Мәңгілік ел» болсақ деген арманымызды қуаттай түсеміз. Бұл жиын Семейге дейін Шымкент, Қызылордада өтті, бұдан соң Астана, Алматыда өтетін болады. Конференциялар барысында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәуке заманындағы «Жеті Жарғы» мәселесі де кеңінен қарастырылмақ. Осы конференцияны жинақтап, қыркүйек айында Жоғарғы Соты республикалық конференция өткізеді, – деді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының судьясы, модератор Әділ Құрықбаев.
– Елдік мәселесін, міне, конференция түрінде бірінші боп сот жүйесі көтеріп отыр, бұл – тамаша дүние, таңданып әрі сүйсініп отырмын. Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәми өз шешімімен еліміздің үш аймағында – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жиналыс өткізуге бет бұрғаны – ғалымдар, ойшылдар, қоғам қайраткерлері тарапынан құптарлық іс, – деді Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есімов өзінің «Қазақ Ордасына немесе хандығына – 550 жыл» тақырыбындағы баяндамасында. Сондай-ақ, ғалым маңызды шараның жастарға беретін тәрбиелік мәніне де тоқталды.
– Иә, қазақ жерінде мемлекет болды. Мәселен, қазіргі жаңарған Қазақстанда көптеген реформаларды Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ енгізіп отыр. Сондықтан да қазақ мемлекеттілігінің даму кезеңдеріне орай заңдар жиынтығы ескеріліп, жаңартылып отырылады. Бұрындары Кеңестік кезеңде хандар туралы айтуға тыйым салынды. Хандар мен байлар-бағландар халықты тонаушы ретінде көрсетіліп, қоғамды құрған жұмысшы мен шаруа одағы делінді. Ал мемлекет болғандықтан да, оны құрушылардың өз қуанышы, қайғысы, кемшілігі мен жетістігі болады, себебі бұл дегеніміз – тірі тарих қой. Тарихты жасаған адамдарды ұмытуға болмайды. Билердің соты әрқашан маңызды. Бұл халық пен билік арасындағы алтын көпір іспетті. Кезінде билердің билігі қазіргі мәслихат, сенат депутаттары сияқты деңгейде болған. Би халықтың мүддесін қорғап, хан алдында сөйлеген. Хан да бидің айтқанына құлақ түрген. Төле би «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Би деген билік деген сөзден шыққан. Билер тек мәслихат, сенат депутаттарының ғана емес, қорғаушы, адвокаттардың да рөлін атқарған деді ғалым.
Конференцияда Павлодар облыстық сотының судьясы Гүлнар Джаппарова «Билер шығарған заң-ережелер мен үкім-шешімдердің қазіргі республика Конституциясынан, қылмыстық, азаматтық кодекстерден, өзге де заңдардан көрініс табуы» тақырыбында баяндама жасап, өткен тарих пен бүгінгі заман сабақтастығына тоқталып өтті.
– Бүгінгі заманғы судьялардың, билердің дау-дамайды шешудегі атқаратын міндеті өте зор, ол үшін ең алдымен тілге бай, шешен адам болу керек деп ойлаймын,-деді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Педагогика ғылымдар академиясының академигі Айман Зейнулина, – осы жиынға орай біз міне, Павлодар қаласынан «Ұлы дала өсиетнамасы» деген екі бөлімді кітап шығарып әкелдік. Бірінші бөлім «Хан дәуірі» кезеңінен, екіншісі «Қазіргі кезеңдегі судьялардың жұмысы» жайында сыр шертеді, сондықтан да мен «Төрелік ету саясатындағы шешендік өнер» мәселесін ашуға тырыстым.
– XIX ғасырдың 60-шы жылдарының екінші жартысында қазақ жерлерін Ресей империясына қосуды толық аяқтағаннан кейін, патша үкіметі өздері қырғыз өлкесі деп атаған өңірде, жергілікті халық «жаңа низам» атандырған 1867, 1868 жылдардағы кең көлемді әкімшілік-территориялық реформалар жүзеге асырылды, – деді Семей қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Кенжеш Мұқашев, – аталған реформаны жүзеге асыра отыра, патша өкіметінің қазақ жерлеріне Ресейдің басқа аймақтарындағыдай империялық басқару тәртібін енгізуді, сол арқылы біздің өлкені бүтіндей өздеріне шегендеп бекітуді көздегенін көреміз. Олар тарапынан алға қойылған осы амбициялық мақсат көп жағдайда іске асты.
«Қарамола ережесінің» қоғамдық қатынастарды реттеудегі қызметі қандай?
Қарамола съезі және онда қабылданған «Қарамола ережесі» XIX ғасырдың сексенінші жылдарындағы қыр төсіндегі дүбірлі оқиғаның бірі болды. Онда төбе билік жасаған Абайдың кемел шағына жеткен, қырықтағы қамал бұзар кезі еді. Абайдың осы қабылдаған ережені дайындауды басқарып, іске асыруы оның маңызын арттыра түскені күмәнсіз. Абайдың басшылығымен қабылданған, бүгіндері 130 жылға толғалы отырған «Қарамола ережесі» – қазақ халқының ежелгі дәуірлерден бері келе жатқан әдет-ғұрып құқығында ерекше орын алатын тарихи-құқықтық құжат. Оның бұрын-соңды болған заңнамалардан басымдылығының негізінде, қазақ даласындағы экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық өзгерістердің тікелей ықпалымен қалыптасқан қоғамның сұраныстарына мүмкіндігінше жауап беру жатты. «Қарамола ережесі» деп аталған осы тарихи құжаттың кезіндегі қоғамдық қатынастарды реттеудегі атқарған қызметі далалықтар өркениетінің тамаша көрінісі ретінде өз маңызын еш уақытта жоғалтпақ емес.
– Абайдың аса беделді төбе би ретінде көрінуі Қарамола съезімен байланысты, – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкерім атындағы университеттің педагогика жоғары мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетов,-қазақ тұрмысында қордаланып қалған мәселелерді «шербешнәй» («чрезвычайный») съездерде қарау әдетке айналған. Бұл туралы М.Әуезов пікірін келтіру артықтық етпес: «Тегі, қазақ ортасының дау-шары патшалық тергеу орындары мировой судья, окружной суд сияқты кеңселерге түссе, патшалықтың өзінің заң-законы бойынша тергелетін. Ал ел ішіндегі көпшілік талас-тартыс, дау-жанжал, сан қылмыс атаулының көбін патшалық сотынан бұрын болыс, болыстағы билер, қазақтан сайланған адамдар тергейтін болған. Кейде бір болыс ішіндегі ауылнай басы сайланатын билердің болыс ішіндегі съездері тергеу жүргізеді. Бірнеше болыстар арасындағы үлкен дау, зор қылмысты істер әр болыс, уезд, облыстардан бөлініп шығарылған жаңағы қазақ билердің съездерінде тексеріледі. Бұндай съездерді қазақ «Шербешнәй сыяз» деген. Осындай «шербешнәйдің» бірі 1885 жылдың мамыр айында Шар елді мекеніне таяу жердегі Қарамолада өткен. Семей губерниясына қарасты бес уездің атақты билері, дуалы ауыз ақсақалдары, болыстары қатынасқан съезде Абай төбе би болып сайланған. Съезді сол кездегі Семейдің генерал-губернаторы Цеклинский басқарып, Абайға қазақтың жаңа заң ережесін жасауға тапсырма береді. Қарамола шербешнайында Абай жазды делінетін ереженің туу тарихы осындай. Бұл туралы өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарынан бері жарық көрген естеліктер мен зерттеулерде жазылған.
Қарамола ережесін Абай жинақтарына енгізіп, түсінік берген Әбіш Жиреншин: «Ол жобаны жазып болған соң, Абай өзі шығып сөйлеп, бес дуанның би-болыстарының, жиылған ел-жұрттың талқысына салып, бірауыздан мақұлдатады. Жаңа заң 76 статьяға (бапқа) бөлінеді… Сөйтіп, Абайдың қазақтың ескі заңын өзгерту туралы көптен ойлаған көкейкесті арманының бірі іске асқандай болады. Бұл заң сол жылы Семей губернаторының бұйрығымен Қазан қаласында басылып шығады. Заңға бес дуанның 50-60 би болыстары түгел қол қойған. Семейдің жоғарғы әкімдері, ояз начальниктері мен губернатор Цеклинский бекіткен». С.Зиманов, С.Байжанов, С.Өзбекұлы сияқты және тағы басқа ғалымдар бұл төңіректе арнайы зерттеулер жазды. Заңгер-ғалым Сәкен Өзбекұлы «Абай және адам құқы» кітабында «Билер ережесінің» толық нұсқасын жариялаған еді.
«Қарамола» атауы – киелі мекен, көне орын, қара жұрт деген мағынаны білдіреді десек, тоғыз жолдың торабы – Қарамолада жылына екі мәрте (маусым және қазан айларында) жәрмеңке жұмыс жасаған екен» деп жазылған-ды кітапта. Қарқаралы жеріндегі атақты Қоянды жәрмеңкесі 1848 жылдан 1930 жылға дейін жұмыс істегені аян. Ал оған дейінгі Арқаның атақтысы осы Қарамола жәрмеңкесі болғаны хақ. Сауда керуені Сібірден, Қытайдан және қазақ даласының түкпір-түкпірінен жәрмеңкеге бет түзеген екен. Белгілі абайтанушы, зерттеуші ғалым Асан Омаровтың «Абай және Қарамола» атты зерттеу мақаласындағы дәйектерге сүйенсек, төтенше (шербешнай) съезге басқа емес, Қарамоланың таңдалуы патша шенеуніктерінің мәртебелі әрі қолайлы жерлерді жете зерттеп, жақсы білгенін байқатады.
Ғылыми өңірлік конференцияда бұдан басқа да өзекті баяндамалар жасалды, талғамды ой-пікірлер айтылды. Мәселен, Алматы облысы Сарқан қаласының Абай атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Рүстем Идрисов «Билердің азаматтардың құқықтық санасын, қоғамның құқықтық мәдениеттілігін арттырудағы және келешек ұрпақты тәрбиелеудегі құқықтық құндылығы» тақырыбында, Павлодар облысының Ақсу қалалық сотының судьясы Нұрлан Ибраев «Қазақ елінің билер соты – жалпы әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі және оған қосқан үлесі» жөнінде Алматы облыстық сотының судьясы Ербол Құтпанбаев «Билер – ақындық пен шешендіктің алтын арқауы» төңірегінде ой қозғады. Алматы облысының Алакөл аудандық сотының төрағасы Уәлихан Рахматуллаевтың «Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы және билер сотының төрелігі» туралы айтқан ой-пікірлері көпшіліктің көңілінен шықты. Жиын соңында қатысушылар «Абай Құнанбаев – Ұлы би» атты деректі фильмді тамашалады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының судьясы, модератор Әділ Құрықбаев қорытынды сөз сөйлеп, Семей қаласында орналасқан Абай Құнанбайұлының мұражайын аралап, ақын өмірінің әр қырымен танысты.
Раушан Нұғманбекова
Семей.