Ұлы дала палитрасы

Катонқарағайға әлемнің әр түкпірінен (Германия, Франция, Түркия, Литва, Грузия, Татарстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан) суретшілер келіп жетті.
– Пленэр өңірімізде былтыр өткен еді. Соның нәтижесінде өнер музейінің қоры 100-ден астам картинамен толыққан-ды. Десе де биылғы пленэрдің жөні бөлек. Себебі, халықаралық деңгейде облысымызда бірінші рет ұйымдастырылуда. Әлемнің әр түкпірінен келген суретшілер табиғатымызды біз байқамаған соны қырынан көрсетіп, тамаша тарту қылады деп сенеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Пленэр-көрмеге шетелдік суретшілермен қатар, өңіріміздің де 50-ге жуық қылқалам шеберлері қатыспақ.
«Ұлы дала палитрасы» деп аталған бұл пленэр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында өтуде. Оған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен өнер мұражайы ұйтқы болып отыр. Суретшілер 4-11 маусым аралығында Катонқарағайда, нақтырақ айтсақ «Рахман қайнары» шипажайының маңында жұмыс істейді.
Пленэр жұмысына қатысушылардың бірі, «Әлем халықтарының өнері» халықаралық ассоциациясының лауреаты Болат Мекебаев көрмеге қылқалам шеберлерінің кәсіби шыңдалуына жасалған үлкен мүмкіндік деген баға берді. Көкшетау өңірінің тумасы Болат 22 жылдан бері Германияда тұрады екен.
– Бұл пленэр осы өнердің дамуына үлес қосатын үлкен қадам. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнер шеберлерінің бір алаңда жұмыс істеп, тәжірибе алмасуы жақсы нәтижелер береді деген сенімдемін. 22 жылдан бері көптеген елдердің суретшілерімен істес болдым, сол елдердің мәдениеті, табиғатымен таныстым. Алайда туған жердің, Отанның орны бөлек қой, мұнда шабытыңа шабыт қосылады,-дейді ол.
Қорытынды көрме 13 маусымда Өскемендегі өнер музейінде болады. Вернисаж аяқталғаннан кейін пленэр қатысушылары \”Жастар\” саябағында жас суретшілерге шеберлік сабағын өткізеді.
Лаура Тілеубайқызы