Ұлы дала мұрасын жаңғыртушы

Абылайхан Асылбай 1963 жылы 8 маусымда Зайсан ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы – агроном. Алайда еңбек жолын құрылыс алаңында жұмысшы болып бастаған.
1996 жылы жұмысшы Абылайхан Семейде құрылыс кранынан құлап, омыртқасы сынып, көптеген жарақатпен ауруханаға түседі. Дәрігерлер оның арбаға таңылатындығын айтқан. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті. Абылайхан қол арбаға тыңылып, тағдырына налып отырған жоқ. Ол қолда бар материалдардан дулыға, қару-жарақ, садақ, қамшы сынды батырлардың сауыт-саймандарын жасап, қазақтың қолөнерін жаңғыртуда. Осы бұйымдардың барлығы оның үйіндегі шағын мұражайының көркін кіргізіп тұр.
Абылайхан барлық бұйымдарды өз қолымен жасайды. Мәселен, сауытты металл сымнан өзі соққан сақиналардан тоқиды. Батырлардың сауыт-саймандарынан өзге ол ұлттық әшекейлер мен тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, кез келген жарамсыз темірге, оның ішінде консерві банкілерге де жан бітіреді.
– Менің әкем мен аталарым қолөнермен шұғылданған. Сондықтан маған өнер қанмен берілген десем артық айтпаспын. Жарақат алған сол күнге дейін бұл іске көңіл бөліп, ден қоймадым. Уақытым болмады. Ал қазір қолөнер – менің барым,-дейді ол.
Алғашында Абылайхан төсекке таңылып жатты. Алайда аяққа тұрамын деген құлшыныс оны күнде жаттығуға итермелейтін. Күндердің күнінде ол мақсатына жетті. Үш жылдан кейін балдақпен жүруге жарады. Сол кезде қазақ қолөнершісі Дәркембай Шоқпаров жайында естіп, онымен кездеседі. Осы кездесу Абылайханның қиялына қанат бітіріп, қолөнерге ден қоюына себепші болады.
Абылайхан Асылбай – Қазақстан қолөнершілер байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы. Оның қолынан шыққан дүниелер кім-кімді де болсын бейжай қалдырмайды.
Лаура Тілеубайқызы