Қоғам

«Ұлы дала елі» экспедициясы тарихымызды ұлықтайды

«Ұлы дала елі» экспедициясы тарихымызды ұлықтайды

Облысымыз ел аумағында тұңғыш рет өткізіліп отырған «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының эстафетасын қабылдады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған ауқымды акция аясындағы шаралар ең алдымен Семейде өтті. Шығысқазақстандықтарға экспедиция эстафетасын тапсыру үшін Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сейсенбай Жетпісбаев бастаған ресми делегация келді. Республикалық акция облысымызда төрт күнге жалғасып, эстафета күнделігі Семей, Өскемен, Аягөз қалалары мен аудандардан алынған тарихи ескерткіштер жайындағы фото-бейне мәліметтермен толықпақ.
Естеріңізге салайық, бүгінде «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы еліміздің аумағында үш бағытта ұйымдастырылуда. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, экспедицияның бірінші бағыты солтүстік және орталық өңірлерге (Астана қаласы – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары, Жамбыл облысы – Мерке және Тараз қалалары) жүреді. Ал екінші бағыт батыс және оңтүстік аймақтарды (Ақтау қаласы – Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары, Жамбыл облысы – Мерке және Тараз қалалары) қамтымақ.
– Экспедицияның үшінші бағыты бойынша жұмыстар еліміздің шығысы пен оңтүстік-шығыс өңірлерінде жүргізілетін болады. Атап айтқанда, қыркүйектің 11-інде Павлодар қаласынан бастау алған экспедиция эстафетасы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары арқылы өтіп, Жамбыл өңірінде, Мерке мен Тараз қалаларында аяқталатын болады, – дейді Еркінбек Аязбаев.
Жоғарыда айтылғандай, экспедицияның соңғы нүктесі Тараз қаласында қойылмақ. Яғни, онда «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесі ұйымдастырылады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедицияның нәтижесінде қатысушылардың жазбаларынан тұратын үш томдық күнделік шығарылады. Сол күнделіктің бірі жақында Павлодар облысынан Шығыс Қазақстанға, атап айтқанда, Семей қаласына салтанатты жағдайда тапсырылды.
– Небәрі бір аптаның ішінде тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамықова бастаған экспедиция мүшелері Павлодар облысының көптеген тарихи жерінде болып, зерттеулер жүргізіп қайтты. Олардың осы сапарлары барысында алған мәліметтері аталмыш күнделік беттерінде көрініс табатын болады, – дейді шығысқазақстандықтарға экспедиция эстафетасын және күнделіктің өзін тапсырған павлодарлық делегацияның басшысы Сейсенбай Жетпісбаев.
Семейге жасаған сапары кезінде Павлодардан келген қонақтар қаладағы Достық үйінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, тәжірибе алмасты. Осы тұста семейлік жұмыс тобы республикалық экспедицияның келуін күтпей, қыркүйек айының басынан бері облысымыздың тоғыз елді мекенінде болып, қажетті деректер жинап қойғанын айта кеткен абзал.
– Үш жылдан кейін Семей қаласы өзінің 300 жылдық мерейтойын атап өтпек. Негізі сонау 1728 жылы қаланған шаһар үш ғасыр бойы еліміздің ірі сауда-экономикалық, тарихи-мәдени орталығы саналып келеді. Тағдыр Семейге Ұлы жібек жолы бойындағы үлкен сауда мекені болуды жазған. Сондықтан біз бұл жайтты ешқашан естен шығармай, мақтан тұтуға тиіспіз. Бүгінде қаламыз сол дәстүрді лайықты деңгейде жалғастырып келеді. Соңғы жылдары Семейдің өндірістік, білім беру және медициналық әлеуеті де айтарлықтай артқанын ерекше атап өткен жөн, – деді қалалық Достық үйінде өткен дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымының кандитаты Александр Пашенцев.
Экспедиция мүшелеріне Семей аймағының даму тарихынан сыр шертетін біраз мағлұматты облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен Абай атындағы әмбебап кітапхананың қызметкерлері, сонымен қатар, этно-мәдени орталықтардың өкілдері де тапсырды.
Семей қаласына екі күндік сапары барысында экспедиция мүшелері сондай-ақ, бірнеше мұражай мен кітапханада болып, Абай атындағы музыкалық-драма театрының қазақ труппасы қойған «Хан Керей – Хан Жәнібек» қойылымының премьерасын тамашалады.
Бұдан кейін республикалық экспедицияның эстафетасын Өскемен шаһары қабылдады. Айтулы шара аясында облыс орталығындағы Достық үйінде дөңгелек үстел өтіп, онда бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қазақ хандығының 550 жылдығы мен Конституцияның 20 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталды.
– «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы қазақ хандығының 550 жылдығына арналған өте ауқымды әлеуметтік-тарихи акциялардың бірі болып отыр. Экспедиция 11 қыркүйекте еліміздің үш қаласында, нақтырақ айтқанда, Астана, Ақтау, Павлодарда бір мезгілде бастау алып, 9 қазанда Тараз қаласында қорытындыланады. Шығыс Қазақстанға келген экспедиция эстафетасын ең алдымен Семей қаласы қабылдағанын білесіздер. Бүгін бұл эстафета Өскеменге де келіп жетті. Барлығыңызды осындай айтулы шараның куәгерлері болғандарыңызбен құттықтаймын. Жалпы, бұл шараның негізгі мақсаты – төл тарихымызбен жақынырақ танысу. Өйткені, адам баласы өз елінің, өскен жерінің, туған халқының тарихына үңілу арқылы ғана өзін-өзі танып біле алады, – деді Өскемендегі Достық үйінде өткен салтанатты жиында Еркінбек Аязбаев.
Оның айтуынша, жақын арада облысымыздың жер-жерінен алынған деректер, фотосуреттер мен бейнежазбалар республикалық күнделіктің беттерінде жарияланатын болады.
Осы жиын аяқталысымен экспедиция мүшелері Ұлан ауданындағы «Ақбауыр» тарихи-археологиялық кешеніне сапар жасады. Аталмыш сапар барысында қонақтар көне заман көзі болып табылатын мекеннің тарихымен танысып, тың деректерге қанығып қайтты.
– Шығыста мұндай тамаша тарихи орындар жетіп артылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Шығыс Қазақстанды еліміздің барлық байлығы шоғырланған «тәжі» деп атағаны тегіннен-тегін емес. Сондықтан республикалық экспедицияның күнделігінде шырайлы өңіріміз туралы дерек көп болады деп сенемін. Енді осы байлығымызды өскелең ұрпаққа насихаттап, балаларымыздың бойына патриоттық сезімді сіңіруге күш жұмсауымыз қажет. Өз басым бүгінгі шарадан, Ақбауырға жасаған сапардан ерекше ләззат алып отырмын, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик.
Кеше экспедиция өкілдері Аягөз ауданына аттанып кетті. Ауданға сапары барысында меймандар Аягөз қаласы мен Мамырсу, Шынқожа ауылдарында болып, экспедиция күнделігін жаңа мәліметтермен толықтырмақ. Ал қыркүйектің 25-і күні республикалық шараның эстафетасы салтанатты түрде Алматы облысының Үшарал қаласына тапсырылатын болады.
Мұнымен қоса, «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында өңірлерде тұрғындармен Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбындағы кездесулер, «Теңдессіз сый» деп аталатын қала-ауыл кітапханалары мен мұражайларына кітаптарды сыйға тарту акциясы сияқты шараларды ұйымдастыру көзделіп отыр.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button