Руханият

Ұлы ақынның 100 жылдығында 100 аттың ішінен топ жарған жүйрік

Ұлы ақынның 100 жылдығында 100 аттың ішінен топ жарған жүйрік

Бірде мұражайға келіп түскен көне фотосуреттерді ақтарып отырғанымда, бәйгеден келген кері аттың үстінде отырған баланың суреті көзіме оттай басылды. Суреттің астында «5 тамыз, 1945 жыл» деген жазуы бар екен. Осы суреттің түпнұсқасын таяуда аудандық мәслихат хатшысы Төлеубек Аманғазиннің үстелінен көрген едім.
«Бұл қандай ат, үстінде отырған бала кім?» деген сұрақтар маза бермей, ардагер Базарбай Бейсенбаевқа телефон шалдым.
– Ол ат оқу бөлімінің бастығы Ұлықбек Байырбеков баптаған кері ат, ал аттың үстіндегі Жұманбай Әдибаев деген 14 жасар бала, – деді ақсақал.
Осы суреттің тарихына одан әрі қаныға түсу мақсатымен әкімшілік қызметкері Қанат Қариға да хабарластым. Ол бірден «Ел еркесі-Қоңырқаз» деген кітапты алып келді. Атта отырған Жұманбайымыз Қоңырқаз деп аталып кеткен Орынғали деген ғылым докторының ағасы болып шықты.
1945 жылдың 5 тамызында Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай Қарауылда үлкен той өткен. Тойға Алматыдан заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, ғалым Есмағанбет Ысмайлов, жазушы Әди Шәріпов, тағы басқа да көптеген қонақтар келеді. Тойға байланысты аламан бәйге өтіп, оған республикамыздың түкпір-түкпірінен 100 сәйгүлік қатысады. Ол кезде қазіргідей айналма бәйге емес, айдама бәйге болатын. Абай елінен осы додаға оқу бөлімінің бастығы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ұлықбек Байырбековтің кері аты қосылады. Тай кезінде құлан жарысқа қосылып, 30 құнаннан озып келген осы тайды Ұқан біреуден 500 сомға сатып алған көрінеді. Ол кездегі өлшеммен бұл қомақты ақша. Атқа өзінің туысы 14 жасар Жұманбай Әдибаевты отырғызады. Айдалаға жіберілген аттарға, оған мінген балаға да «көре алмайтындар» қаскүнемдік те жасамақ болған көрінеді.
Соғыс аяқталып, ел есін енді жинап жатқанда аламан бәйгеде 100 бірдей сәйгүліктің бақ сынауы және бас бәйгеге қазақи жолмен жүйрік ат сыйға тарту, тоғыз орынға дейін бәйге тағайындалуы да аламанның мәртебесін көрсетіп тұр емес пе?
Сәйгүліктің мәреге тақай бергенін көзі шалғандағы әсерін Ұлықбек Байырбеков: «Қаптай ұмтылған қалың нөпірден атымды аңғармай қалдым. Тек атқа шапқан бала Жұманбайдың «Абай», «Мамай» деген айқайын естігенде ғана есімнен танып қала жаздадым» деп түйіндепті.
Ал Жұманбай Әдибаев өз естелігінде былай деп жазады:
«Жүз қаралы ат апыр-топыр алға ұмтылғанда, сасып қалып, жүгенін босатып алыппын. Тек 5-6 шақырымнан кейін, алғашқыдай емес, шоғырымыз азайып, жан-жағыма қарай бастадым. Байқаймын, менімен құйрық тістесіп, құйындап келе жатқан бірді-екілі ат қана. Танығаным – Ақсуаттың Ақтабаны. Осы аттың иесі бәйгені шаппай беріңіздер» деп қиғылық салған еді. Үстіне міңгені менен ересектеу бала еді, бірдеме деп айқайлап келеді. «Озып келе жатқан екеуміз ғана, асықпа, әңгімелесейік», -деп қояды. Бірақ мен оны тындаған жоқпын, себебі Ұлықбек Байырбеков «өзге атқа жақындама, кеселді бала болса, шеттіктен қиып, еріңді аударып кетеді» деген ескертпесі болған. Осыдан кейін мен шабысты үдетіп, мәреге бірінші келдім».
Жұрт аламан бәйгеде бас жүлде алған Ұлықбек Байырбеков барлық қаражатты маңайындағыларға қылдай қып тең бөліп беріпті деседі.
Шабандоз бала Жұманбай Әдибаев Құндызды орта мектебінде ұзақ жылдар ұстаз болып, зейнетке шықты.
1948 жылы Ұлықбек Байырбеков «мамайзация» деген жазықсыз жаламен сотталып кеткенде, кері аттың күйісі кетіп, ақыры біреулер соғымға сойып алған көрінеді.

Малғаждар Жүнісжанов,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының
Абай ауданындағы филиалының меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button