Қоғам

Ұлы Абайға жүгінсек…

 Уақыт деген неткен жүйрік?!. Тіпті, сынаптай сырғиды. Міне, тарих қойнауына  аттанғалы тұрған 2019 жылдың жылнамасын жазып тастаппыз.

Иә, 2019– тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Ең бастысы, Президент сайлауы өтті. Мемлекет басына келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президент–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған сара жолды сабақтастықпен жалғастыратынын жария етті. Жеткен жетістіктерді баянды ете отырып, экономикаға әлеуметтік сипат беру халықтың еңсесін көтерді. Сондықтан да қалың жұртшылық Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жылы қабылдады. Демократиялық жаңғырудың жаңа жолына түстік. Халық үніне құлақ асатын мемлекетке деген сенім артты. Бұл ойға  «Дидар» газетінің бетінде жарияланған мақалалар мен оқырман хаттары түрткі болып отыр.

Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстанға алғашқы жұмыс сапары кезінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын беріп, тың міндеттер жүктеп кетті. Әсіресе ұлы Абайдың 175 жылдығын тойлаудың, осы орайда, хакімнің әкесі, данышпан Құнанбайды да әспеттеудің мән-маңызын ұғындырды. Сөйтіп, руханиятымызға да тың серпін берілді. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен осы мерейтойға орай, кешенді іс-жоспар жасалып, қаржысы да қарастырылып қойды. «Дидар» да өткен жазда мерейтойға арналған мақалалар сериясын аяулы мекен –Ақшоқыдан бастады. Газет көзі қарақты оқырманға Абайды, оның айналасын, ақын шәкірттерін тағы бір мәрте оқытып, ой қууды мақсат етіп отыр. Неге? Себебі, өз ғасырында қалың жұртының бітім-болмысын, тілі мен сөзін түзеуге, сол арқылы өзін түзеуге талпынған хакім Абай қазіргі аласапыран заманда қазаққа әбден керек болып тұр! Сондықтан да ұлы Абайға тағы бір мәрте жүгінсек, хакім жолына үңілсек, тап бүгін жоғалтқан жоғымызды табармыз. Өткен жолы телефон шалған Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровпен де осы жөнінде ой қорыттық. «Баспасөзге жазылу науқанын сәтті аяқтаймыз,келер жылы ұлылар мекені газеттің басты тақырыбына айналуы тиіс қой»деп базына айтты. Жөн сөз. Біз де уәде бердік.

Сөздің тоқ етеріне көшсек, жыл сайын «Дидармен» дидарласып тұратын қара ормандай тұрақты оқырманға ризамыз. 2020 жылы да он мыңнан астам оқырман басылымды жаздырып алыпты. Бұлар – газеттің нағыз жанашырлары! Әсіресе «Дидардың» таралымын екі жарым мыңның үстіне шығарған Үржар ауданындағы оқушы қауымға, игі істі ұйымдастырған азаматтарға алғысымыз шексіз.Баспасөзге жазылу науқаны кезінде Аягөз, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті,Күршім,Тарбағатай аудандарындағы жұртшылықтың белсенділігін көріп, көңіліміз марқайды.

Өйткені мерзімдік баспасөзбен қатарласып, бәсекелесіп, интернеттің игілігін көретін, әлеуметтік желіні желдей ескізген заман туды. Иә, бәсекелестік қажет, шыңдаласың.Десек те,газет біткен жойылады деп сәуегейлік айтып, болжам жасап жүргендер бар. Әрине, мынау қым-қуыт заманда интернет-ресурс қажет. Хабар-ошарды жедеқабыл аласыз. Бірақ интернет ойды тежейді, жалқаулыққа бейімдейді. Әлеуметтік желіге кірсеңіз, небір сауатсыз жазылған мәтінге тап боласыз. Міне, осы тұста бізбәсекелестік кезінде газеттегі ағартушылық, сараптамалық, танымдық сипаттағы дүниелерді алға тартамыз. Өткен ғасырда Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газета–жұртқа қызмет ететін нәрсе, газета– халыққа білім таратушы,газета – халықтың даушысы» деп еді.

Міне, құрметті оқырман, газетті халықтың көзі, құлағы һәм тіліне балаған Ахаңның осы ордалы ойы алдағы уақытта да темірқазығымыз болмақ. Дәстүрліайдарларымыз бен арнайы беттерімізді өздеріңіздің хаттарыңызбен байыта түсеміз. Әлеуметтің мүддесін қорғап, жоғын жоқтайтын журналистік зерттеулер, сын мақалалар мен сараптамалық дүниелер жарияланады. 2020 – мерейтойлы жыл. Абайды айттық. Әл-Фараби бабамыз бен Алтын Ордамыздың мерейтойын да рухани қазынамызға айналдырамыз. Жеңістің 75 жылдығына орай, майдангерлердің өшпес ерлігі мен тыл ардагерлерінің ерен еңбегін паш етеміз. Осы тақырыптарды оқырманның хат қоржынынан да табатынымызға бек сенімдіміз.

Бүгін 2019 жылдың соңғы нөмірін шығарып, назарларыңызға мерекелік «Жылжабар» және «Жылашар»беттерін қатар ұсынып отырмыз. Жаңа жылда жазар жағымды жаңалықтарымыз, соны оқитын оқырманымыз  көп болсын!

Бас редактор

Осы айдарда

Back to top button