Руханият

Ұлы ақын елінен қанаттанып қайттық

Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің оқушылары мен мұғалімдері Абай еліне сапар шектік. Бұл сапарымыздың  мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке, тарихын, елін-  жерін тануға баулу.

Күздің жаймашуақ күні Семей қаласынан шығып,  Жидебайға бет алдық. Күн шайдай ашық, аспанда шөкімдей бұлт жоқ. Асфальт жолмен зулап келеміз.  Біздің Абай жері – Жидебайға алғаш рет сапар шегуіміз. Алдымыздан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының кейіпкерлері шыға келетіндей,  алыстан манаурап Шыңғыстау көрінеді.

Жол үстіндегі Арқалық тауының беткейіне жерленген Күшікбай батырдың басына зиярат еттік. Ол Орта жүз, Уақ руынан шыққан, Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен белгілі батырларымыздың бірі.

Семейден 80 шақырым жердегі атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған атақонысы – Бөрілі ауылына да келіп жеттік. Мұнда әйгілі жазушының мұражайын аралап көрдік. Ұлы жазушының жеке өміріне байланысты  деректер, пайдаланған жәдігер бұйымдары біз үшін айрықша ерекше қымбат екенін ұқтық. Мұражайға ескерткіш сыйлығымызды табыс етіп, мұражай алаңына қарағай көшетін отырғыздық. Мұражай қызметкерлері мектебімізге атақты жазушының аты берілуіне байланысты, келешекте ұрпақтар сабақтастығы бойынша байланыс жасауға ұсыныс жасады.  Одан кейін  бірін- бірі сүйгені үшін тасбауыр қатал заманның құрбаны болған қос ғашық Еңлік – Кебектің басына тағзым еттік.

Түске таман өзіміз  асыға күткен Жидебайға да келіп жеттік. Бізге ұнағаны – мұражай қызметкерлерінің қонақжайлығы, келушілердің көптігі. Абай мұражайы экспонатқа өте бай екен. Оның әр бөлмесінде кезінде ұлы ақын ұстаған бұйымдары, қолданған заттары бар. Жұмыс бөлмесінде тоғызқұмалақ тақтасы, пайдаланған кітап шкафы, қабырға сағаты да, кітаптары да сол қалпында сақталған.

Жидебайдағы Ұлы Абайдың тұрған үйі Еуразия құрлығының тура кіндігінде орналасқанына  таңғалып жатқандар баршылық.  Мектеп директоры Е.Галиев мектеп атынан есткерткіш сыйлық табыстап, көгалдандыру бағдарламасы бойынша Абай, Шәкәрім кесенесіне қарағай көшетін отырғыздық. Мұражай қызметкерлері  мадақтау грамотасымен марапаттап,  Абайдың қара сөздері жазылған кітабын сыйлыққа тарту етті. Абай мен Шәкәрім жатқан кесенемен  танысып, құран бағыштадық.

Саяхатымызды жалғастырып,  Қоңыр әулие үңгіріне де келіп жеттік.  Үңгір ішін­де­гі көлдің суы мұздай.  Қоңыр әулие үңгіріне ағылушылардың қатары бір толастамайды екен. Бірі Қоңыр әулие үңгіріне дертіне дауа,  еміне шипа іздеп келсе, тағы бірі осынау таңғажайып мекенді өз көзімен көріп, тамашалауға асығады.

Осы саяхатқа көлік бөлгізіп, көмек көрсеткен Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы  Қ.Оқасовқа және қаржылай демеушілік жасаған «Бекон» ЖШС басшысы К.Ивашинге алғысымыз шексіз.

Қ.Нұрғамиланов,

М.Әуезов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button