Қоғам

Лұқбек Тумашинов, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Мемлекет басшысы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысып, сөз сөйледі. Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауы еліміз үшін аса маңызды кезең болғанын атап өтті. Сондай-ақ биыл алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтетініне де тоқталды. Нәтижесінде барлық билік институттары жаңаша жұмыс істейтін болады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ел алдында жан-жақты жаңғыртуды жеделдету және әлеуметтік-экономикалық прогреске өзгеріс жасау міндеті тұрғанын айтқан болатын. Бұл ретте, экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күші шағын және орта кәсіпкерлік болуға тиіс. Осы орайда мен Президенттің шағын және орта бизнесті барынша қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау туралы ұсынысын қызу қолдаймын.

Биыл ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған 1,5 мыңнан астам жобаны іске асыруға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлініп отырғаны да көңілге қуаныш сыйлады. Ол үшін «Ауыл аманаты» атта жаңа жоба іске қосылып, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 5-7 жыл мерзімге шағын несие берілетін болады. Фермерлермен қатар жалпы халыққа да қажетті қызметтер ұсынатын ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруды қолдауға шамамен 1 триллион теңге бөлінді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы халық саны аз шекара маңындағы аудандар туралы өте өзекті тақырыпты көтерді. Депутаттарға осы аудандардың экономикалық дамуына тың серпін беріп, ондағы жұрттың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау арқылы халықтың көшуін азайтуға бағытталған нақты шаралар қарастыруды тапсырды.

Сөз соңында баршамыздың алдымызға бір мақсат қойды. Бұл – Әділетті Қазақстанды бірге құру. Ең бастысы, халықтың, ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары тұру керектігін баса айтты.

Осы айдарда

Back to top button