Тарих

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ


Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты тарамас үшін келген болатын, Алаш ардақтылары бұл өңірге.
Ондағы басты мақсаты:
«Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу; Босып барған елмен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету; Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.
Реті келгенде айта кететін тағы бір жайт, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Райымжан Мәрсековтің жоғарыда сөз болған Шәуешек қаласында өткізген жиналысына барар жолда Емілбайұлы Омарғали бастаған Лепсі уезінде жасақталған Алаш атты әскери жүздігі оларды Лепсі уезінің шекарасында күтіп алып, қызылдардан қорғап Шәуешекке алып барған болатын. Жиын біткен соң оларды қайтадан Семей жаққа шығарып салған да солар еді.

Жендеттердің желкесін үзген жетеу

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

Ұланнан шыққан Алаш азаматының ел қамы үшін барша саналы өмірін пида еткен жанкешті істерін ғана айта берсек, оқырман қауымның көкейінде «Апыр-ау, бұл шіркіннің пенде ретінде жеке басының жағдайы, отбасы жайлы неге сөз болмайды» деген сұрақтың қылаң берері даусыз.
Әлқиссасы, қолда бар деректерге жүгінсек, ол жағын төмендегідей сарында баяндауға болады екен. Райымжан Мәрсеков елде жүргенде Бекметова Гүлнәзи – Бұлбұл есімді татар қызына үйленеді де, одан Гүлғасыл, Гүлрауза атты екі қыз сүйеді.

Інісі Шериязданның қызы Тұрдыханның айтқан әңгімесіне құлақ түрсек, ол былай өрбиді: «Кеңес үкіметінен қысым көрген Райымжан бой жетіп қалған Гүлғасылды қасына ертіп, 1922 жылы Қытайдың Алтай өлкесіне екінші рет өтеді. Сол өңірді ертеден мекендеген қазақ байлары мен билері Райымжанның бұл жерге тұрақтап қалуы үшін қызын бір байға әйелдікке беруді талап етіп, шарт қояды. Бұған келіспеген Райымжан бір түннің ішінде қазақ жеріне кері өтпекші болады. Бірақ Ақсуат маңында ОГПУ-дың қарақшыларының қолына түсіп қалады. Енді құтылмасын білген соң ол, жол шетінде қой жайып жүрген жігітке қалтасындағы бар ақшасы мен тапаншасын беріп, оның Ұлан болысындағы Мұқан Жәкежанұлына, Мұзапар Әбдіұлына хабар беруін өтінеді. Жігіт оның өтінішін орындайды және бес қарулы орыс жендеттері арбамен Семей жаққа әкетіп бара жатқандығын жеткізеді. Хабар алған түні Ұланнан қос-қос атпен Мұқан Жәкежанұлы, Мұзапар мен әкесі Әбдінің інісі Ноғаспай, Райымжанның туған ағасы Әйіптің ұлы Мүлік, інісі Шерияздан, Базардың екі баласы Мұса мен Қабдолла хабаршы жігітті ертіп Ақсуатқа суыт жол тартады. ОГПУ-дың екі офицері үш солдатымен Қызылкесікке тоқтағандарын естіп, Ақсуатта Қабдолланың танысының үйіне түсіп, дем алып, тамақтанып, аттарын шалдырады. Таң қылаң берер шақта Қызылкесікте жергілікті кеңестің кеңсесінде мас күйінде ұйықтап жатқан екі офицер мен үш солдаттың, алдымен қаруларын сыпырып алып, соңынан көздерін жояды. Райымжанды Бақты (Көктұма) кезеңі маңына дейін шығарып салып, өздері елге қайтады.

Райымжанды жауыздардың қанды шеңгелінен құтқарушылардың басшысы болған Мұзапар Әбдіұлы, «Алаш» қозғалысы мен «Алаш» партиясы Семей қаласында алғаш құрыла бастағаннан оның белсенді мүшесі және партияның құпия қорын ұйымдастырушылардың бірі. Большевиктер үшін аса қатерлі Райымжан Мәрсековтің бұл жолы құтылып кетуінің өз алдына ең бір кереметі сол, оны тұтқындап келе жатқандардың түгелімен өлтірілуі жаңа үкіметті дереу құтқарушыларды ұстап, жазалауға жанталаса әрекеттендірген-ді.

Құрығы тым ұзын революциялық үкіметтің жендеттері Әбдінің Мұзапарын қашан өлтіргені туралы дерек жоқ. Ал Райымжанды құтқару жорығына қатысқан алты жанкешті түгелімен бірі айдауда, бірі түрмеде, бірі іш құсадан, бірі жат жұртта елі мен жерін көре алмай шерменде боп кеткендер еді. Базардың Қабдолласы сол өздері барған Ақсуатта қызметте жүргенде 1937 жылы баяғы Райымжанды құтқарудағы жан алыс-жан беріс алпарыста көріп қалған бір кісінің көрсетуімен 25 жылға сотталып, Оңтүстік Сахалинде айдауда жүргенде 1940 жылы атылады. Оның сүйегі жат жерде қалғандығына қайғырған Мұса бір айдан аспай ішқұсадан жүрегі тоқтайды. Мұзапардың әкесі, Әбдінің інісі Ноғаспай «Байдың баласысың, Алашордашыларды жақтадың, жасырдың, Кеңес үкіметінің жауысың» деген желеумен тұтқындалып, алғашында Өскеменнің, соңында Семейдің түрмесінде қамалып екі жылдан астам азап көріп, ақыры өкпе ауруына шалдығып, еліне жетіп көз жұмады. Шерияздан мен Мүлік Мәрсековтер Қытай түрмесінің қияметін көтере алмай жан тәсілім етіпті.

Енді қуғыншылардан құтылып кеткен Райымжан Мәрсековтің одан арғы тағдырына қайтып оралар болсақ, Қытай топырағын қайта басып, Алтай тауындағы 12 абақ керейді билеген Майлыдағы төре, демократ, ақын Мамырбекұлы Қызырдың ауылын паналайды. Қызыр төре Райымжаннан орыс тілін үйренеді. Райымжанды Керей Сары руынан шыққан Байбосын дегеннің қызы Нұржамалға үйлендіреді. Қызыр төренің Райымжанға істеген жақсылығы ұшан – теңіз: артынан бірнеше рет қуғыншылар келсе де, Райымжанды ешкімге ұстатып бермеген, басына үй, алдына мал салыпты. Қызыр Үкірдай қайтыс болып, соңынан қудалау басталғанша – 1932 жылға дейін сол ауылда болады. Шығыс Түркістанның Қытай губернаторы Ресей әкімшілігімен жүргізген келісім бойынша Алаш мүшелерін жаппай тұтқындай бастағанда, артынан аңдушылардың түскенін сезген Райымжан Құлжа маңына жылыстап, сол жақта тұрақтап қалған татар достарын паналайды. Біраздан кейін Толыда қалған отбасын алдырады.

1937 жылы тыңшылардың көрсетуімен Райымжанды Қытай үкіметі Үрімшінің түрмесіне қамайды. 1938 жылы Қытайға қашып барған ондаған Алаш азаматымен бірге Үрімшінің Саяпіл деген жерінде өлтіріледі. Ал Шәкәрім Әкірами деген адам «Райымжанды Зият Шәкәрімұлы, Ғазез Қалбанов қатарлы 108 адаммен бірге Саяпіл даласына апарып тірідей көміп өлтірген» – деген мәлімет келтіреді.

Алаштың арысы Райымжан Мәрсековтің өліміне байланысты тағы бір деректен төмендегідей жайларға қанық боламыз. Әжептәуір ұзақ әңгімені қысқартып баяндағанда тоқетері былай:

Бақыт құшағындағы он төрт жыл…

1937 жылы шілдеде Шығыс Түркістанның (Шынжан) губернаторы Шән Шицай Москваға барып КОКП қатарына өтеді. Сталинмен кездесіп, оның қолынан Қызыл жұлдыз орденін алады. Бес млн. сом күмістей қаржыны қарызға алады. Нәтижесінде қызыл империяның қолдауына ие болып, Шынжанды коммунизмге қарсылардан тазартуға белсене кірісе бастайды. Осы мақсатпен Мәскеуден Смирнов, Якуп, Ашым ажылардан құралған сот алқасы Шыңжанға жіберіледі.

1938 жылдың күзінде тергеу қызметін аяқтап Смирнов пен Якуп айыптылардың мойындау мәлімдемелерін алып Кеңес Одағына қайтып кетеді. Сол жылы қыста Ашым ажы Кеңес үкіметінің «108 күнәһарға өлім жазасын берсе болады» деп шығарған үкімін Шән Шицайдың қайта барып бекітуі арқылы сол жылдың желтоқсанында құпиясын Ашым ажының бақылауымен қатарында Райымжан Мәрсеков, Ғазиз Қалкенов, Мырзахмет, Мырзалық тектес 20 қазақ бар, жиынтығы 108 адам Үрімшідегі Сай-У-Фу (қазақтар Саяпіл деп атаған – М.М) көлінің бас жағындағы Боғда тауының күнгейіне тірідей көміледі.

Жоғарыда Райымжанды Керей Сары руынан шыққан Байбосын дегеннің қызы Нұржамалға үйленді дедік. Бұл 1923 жыл екен. 1937 жылы Қытайда ұсталып, сол бойы хабарсыз кеткенге дейін 14 жылдан аса уақыт Нұржамалмен бір шаңырақта тату-тәтті, бақытты отбасылық өмір сүріпті.

Райымжанның артында бір ұл, үш қыз қалады. Үш-төрт жыл күткен соң Нұржамал лажсыз, сүйегі Мыржас-Жауар Молдахан деген адамға тұрмысқа шыққан. 1962 жылы Қытайдағы ел бері өткенде Молдахан мен Нұржамал да өткен. Молдаханның ағайындары Қызылкесікке біржола қоныс тебеді. Ұзамай Молдахан қайтыс болады. Үш қыздың біреуі Қытайда қайтыс болып, тұрмыс құрған балалы-шағалы екі қызы да Қытайда қалған. Жалғыз ұлы Жікенді Молдаханның атына жаздырып, елге ертіп келеді. Ол жақта туыстары Жікеннің Райымжан баласы екенін сездірмеуді қатты ескерткен екен. «Семей таңы» газетінің 1991 жылы 13 қаңтарындағы санында редакцияның атына «Сұрау саламыз!» атты айдармен жарияланған Қазан төңкерісінен бұрын білім шыңына қол созып, Ресейдің үлкен оқу орындарында, шетелдерде оқыған семейлік бір топ жастардың тізімінде бірінші болып Райымжан Мәрсеков аталыпты. Онда: «Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1902 жылы бітірген», -делінген.

Семейлік қаламгер Қарпық Егізбаев «Тағылым» атты естеліктерінде Райымжанның жұбайы Нұржамалмен 1990 жылы Семейде кездесіп, әңгімелескендігі туралы жазыпты. Сондағы 84 жастағы Нұржамал әжейдің әңгімесінен төмендегідей үзінді келтірейік.

Өмірімнің ең бақытты шағы – Райымжанмен өткізген 14 жыл болды. Ол кісінің ақылға, білімге, мінезге байлығы мені тәнті ететін. 17 жасымда қосылдым. Райымжан 40 жаста екен. Жас айырмашылығымыз алшақ болса да, аса сыйласымды болдық. Қызыр Үкіртай бас қосқан кезде маған: «Қарындасым, асылды бағалай біл, сыйлай біл», – деген еді. Қызыр төреден бастап қайда жүрсе де, Райымжанды ел құрметпен қарсы алатын. Қасына ақын, әнші, күйшілерді топтап ертіп жүретін. Өзі де шебер домбырашы, гармоншы, әнші еді», – дейді кейуана.

Бұл ісі, «Өнердің әлеуметтік мәнін ғылыми терең түсінген Райымжан, халықтың көңілін ашып, ой-санасын оятуға әнші-күйші, ақындардың өнерін пайдаланғандығы шығар» деп топшылаймыз. Алаш асылдарының басты бір мақсаты – білімге елді жетелеу еді ғой. Олай болса, Райымжан 1937 жылы ұсталып кеткенге дейін үзбей бала оқытумен болыпты.

– Елін Райымжан қатты сағынатын, – деп еске алыпты Нұржамал әжей.

– Жасымнан оқу соңына түстім. Таң атса, күн батпайтын, күн батса, таң атпайтын жерге де барып оқыдым. Сондағым – халыққа пайдамды тигізу еді. Ешқандай пайда таппадым. Ең ауыры – елімнен кеттім. Одан да оқымай-ақ, бір байдың қойшысы болсамшы, – деп бір сәтке налығандай күй кешетін асыл азамат.

Жар қосағы Нұржамалдың осы айтқандарына қарағанда, Мәрсеков Қытайда шамалы уақыт бейбіт, тыныш өмір сүрген тәрізді. Алайда үлкен қайраткердің ол жақтағы жүріс-тұрысы, іс-әрекеті ерекше бақылауға алынғанын қызылдың барлау органдарының, Қазақстан Республикасы Мемлекет Қауіпсіздігі комитеті мұрағатынан алынған 1932 жылғы («Ақиқат» журналы, 1992 ж, №9, 42-бет) мына бір дерегі басқаша ойға жетелейді: «Қытайдағы қазақтың ұлтшыл контрреволюциялық орталығының қызметі туралы», «Шекараның арғы бетінен түскен материалдардағы мәлімет бойынша, шекараның арғы бетіндегі ұлтшыл қазақ контрреволюциялық орталығының жетекшісі Мәрсеков, өткен жылдың соңғы күндерінде Джанрдан Шара-Сумэ қаласы ауданына келген: жолшыбай Мәрсеков Қобықтағы бай Ақаш Шерединовқа тоқтаған. Мәрсеков кейбір қазақтарға Алтайдағы моңғол байларымен бірігуді ұсынған. Мәрсековтің ізінше, қаңтардың алғашқы күндерінде, Қобық арқылы үш линиялы винтовкамен қаруланған, саны 30 адамдық Алаш отряды жүріп өткен. Дам елді мекенінде отряд Қонысбаев Хасенге тоқтаған. Отряд Алтайға кетіп барады екен. Сапарларының мақсаты анықталмаған», – делінген де, аяғында «Мәлімет тексеруді қажет етеді. 50-ші шекара отрядына Алаш отрядының Алтайға аттану мақсатын анықтау тапсырылды» – деп жазылған. (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті мұрағаты, 569 – папка).

Бұдан басқа да он шақты құжатты мұрағат қорынан тауып, түсініктемелер жазып, әрі қазақшаға аударып, «Ақиқат» журналы арқылы оқырманға ұсынған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтің: «Райымжан Мәрсеков – «Алаш» партиясының және Алашорда мемлекеттік құрылымының белді қайраткерлерінің бірі. Алаш зиялыларынан алғашқылардың бірі болып шетелге қоныс аударған және ондағы қазақтарды Алаш қозғалысына тарту үшін зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген» деген тұжырымын жоғарғы аталған құжат толық дәлелдеп тұр. Қытайда Райымжан Мәрсеков қазақтың ұлттық Алаш орталығының жетекшісі ретінде «Алаш» отрядын құрған. Мұндай құпия жүргізілген аса зор саяси-әлеуметтік істі үй ішіне сездірмеуі де мүмкін ғой.

Райымжанның ұрпақтары жайлы айтар болсақ, Нұржамалдан туған, әкесінен бес жаста қалған (1932 жылы туған) жалғыз ұлы Жікеннен 11 немере: Мұратбек, Ережепбай, Тілеубай, Төлбай, Ораз, Бейсенбай, Қанат есімді жеті ұл, Төлеухан, Жұмағұл, Сәбетхан, Нұргүл атты төрт қыз бар. Қыздары Күлсипат, Күлихан Шығыс Түркістанда тұрып жатқан деген дерек жеткен болатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында Нұржамал әжей де, Жікен де өмір жолдарын аяқтапты.

Алаш қозғалысының рухани көсемі

Ұланнан шыққан Алаш арысының рухын асқақтатып, отбасылық әулетінің сабақтастығын мәлім ететін жағдай – ақылды Нұржамалдың осы жаққа өтісімен, Райымжанның ата жұртта қалған Гүлғасыл атты үлкен қызын іздеп, Семейден тапқандығы. Жасы сол кезде тоқсанға таяған Гүлғасыл екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген шағына жеткен ұлағатты әулеттің тірегі болатын. Олардан өрбіген ондаған немере-шөберелері бар асыл әжейге айналған жан екен. Әкесінің шаңырағы ретінде танылған Гүлғасыл Нұржамалмен, Жікенмен көрген адам сүйсінерліктей жақсы қатынаста болыпты. Нұржамал Гүлғасылдан туған жиендерін мақтанышпен ауызға алатын. Жиендерінің бірі Қайырбеков Марат өмірінің ақырына дейін 20 жылдай Аягөз ет комбинатының директоры, облысқа танымал абыройлы азамат болған. Марқұм Рәуілі – Алматыда ұшқыш болды, Софиясы ұзақ жылдар Семей педучилищесінде оқытушылық қызмет істеп зейнеткерлікке шыққан, Сарасы қазір Семейде, жоғары санатты адам дәрігері. Нағашы жұртының соңғы тұяғы Нұржамалдың да, Жікеннің де азасын осы аталған жиендері көтеріпті. Райымжан Мәрсеков әулетінің бұрынғы ұрпақтарына қамқор болып жүргендер де солар. Алаш ардақтысының есімі ұрпақтар жадында әрдайым сақталады деген осы емес пе?

Алаш қозғалысының аймақтық басшыларының бәрі Семейге бағынды. Оның үстіне Семейде Райымжан Мәрсеков болды. Әлихан Бөкейхановты Семейге шақырып алған да осы Райымжан еді. Жалпы Семейдегі Алаш қозғалысының рухани көсемі болған да осы Райымжан Мәрсеков.

Алайда Алаш қозғалысы өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты жағынан қазақ тарихындағы қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Ол отарлық саясаттың езгісіне, соның салдарынан туындаған қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының жаңаша түрдегі ұйымдасқан іс-әрекеті, кезеңге сай ұлттық санасының оянуының қоғамдық көрінісі болатын.

Алаш қозғалысының бұрын-соңды болған басқа ұлт-азаттық қозғалыстардан басты айырмашылығы – жер және билік мәселесімен қатар, ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеуді көздеуінде болды. Ол күрес жолында саяси демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құру деңгейіне шейін көтерілді.

Алаш қозғалысының күшті де, осал жерлері де болды. Ұлттық бағдарлама жасау, отаршылдыққа қарсы күрес, қоғамды демократиялау, оны өркениетті жолға салу, ұлттың санасын көтеруді күн тәртібіне қойды, жалпыхалықтық бірлікті талап етті. Жалпыхалықтық әлеуметтік негізі бар қозғалыстың болашағы мол еді. Алайда көпғасырлық шапқыншылықпен күрес, ұлт-азаттық қозғалысы халықтың генофондысын, бодандық психология оның рухын әлсіретті, ұлттың қарекетін, болмысын төмендетті. Жауға ғасырлар бойы жалаң қылыш, найзамен күресіп әдеттенген ол жаңа техникалы заманда еуропалық күрес әдісіне немқұрайды қарады, оның сырын түсінбеді.

Алаш қозғалысы халықтың қалың тобынан озық туған қозғалыс еді. Ол халықтың қаймағы болатын ат төбеліндей зиялыларды қамтыды. Алаш қозғалысының трагедиясы осында еді. Алдыңғы авангардқа артындағы қалың қауым арасындағы алшақтықты жою үшін жылдар керек еді.

Ұлт көсемі Әлихан, ұлт ұстазы Ахмет, ұлт жаңашыры Міржақыптар бастаған, Райымжан сияқты ұлт қайраткерлері Алаш жолы, Алаш идеясы, Алаш мұраты үшін ғазиз бастарын бәйгеге тікті. Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысаннан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгінде өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымыздағы сұрақ болып шығып отыр.

Ол идеялар мыналар:

Бірінші ұстаным: Жер, Жер және Жер! Жерсіз – Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұғымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді.»

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Әлихан Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.

Үшінші ұстаным: Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.

Төртінші ұстаным: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен дін үшін, діл үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды.

Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғаламдастыру дәуіріндегі рухани тәуелсіздіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама, біздің пайымдауымызша, осы болып табылады.

Сонымен қатар Алаш қайраткерлері қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді.
Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деуінен, жоғарыдағы алашшылардың бір ғасырдан кейін іске асқан арман-аңсары екенін бағамдай аламыз.

Марат Мағзұмов,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың құрметті профессоры.

Осы айдарда

Тарих

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ


Арада бір ғасыр уақыт өтсе де, Алаш қайраткерлерінің «Қазақ халқын ешкімнің боданына бермей, тәуелсіз ел етеміз!» деген сол кездегі мақсат-мұраттары мен арман-тілектері күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жолда олар қажымай-талмай күресті, ұстасқанмен ұстасып, тістескенмен тістесіп өтті. Бастарына қауіп-қатер төніп тұрса да, ел азаттығы үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Елім деп егілген ерлердің бірегейі, Алаш көсемдерінің бірі, жерлесіміз Райымжан Мәрсеков биыл 140 жасқа толады.
Редакция.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысының ықпалы басым үш аймақ болды. Бейнелеп айтсақ, табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты. Торғайда – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов болды. Семейде – Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков сынды мықтылар топтасты. Батыста – Жымпитыда Халел және Жанша Досмұхамедовтер бастаған қайраткерлер бас қосты.

Осылардың бәрі Семейге бағынды. Мәселен, 1918 жылдың наурыз айында Халел мен Жанша Досмұхамедовтер Алашорда үкіметінің Семейдегі басшысы Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Мәскеуге барып, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Лениннің қабылдауында болып, сонымен қатар Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге жолыққан. Мақсат – советтік Ресейдің көсемдеріне 1917 жылдың желтоқсанында өткен ІІ Жалпықазақ съезінің «Автономия құру туралы қаулысын» табыс ету.

И.Сталин қаулымен танысып, наурыздың 19-ы күні Семейдегі Алашорда басшылары Ә.Бөкейханов және Х.Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлеседі. Мұнда автономия мәселесі талқыланады. Осы телефон-сұхбатта айтылған әңгіме қазақ тіліне аударылып, Семейде Райымжан Мәрсеков шығарып отырған Алаштың ұраны саналатын «Сарыарқа» газетінде жарияланды.

Атадан асыл туған ер, тартпай қоймас негізге

Бұрын алыс жолға шығып көрмеген қазақтың өрімдей бір жеткіншегі 1897 жылдың тамыз айында Ресей империясының астанасы, Еуропа мәдениетінің өнегелері мен үлгілерін жинақтап, асқан дарынды орыс зиялылары өмір сүрген және ғылыми жаңалықтар ашуда дүниежүзіне әйгілі болған Санкт-Петербургке аман-сау жетеді. Астанада біршама ойланып-толғанған соң ол үлкен білім ордасы болған Санкт-Петербургтегі Империялық университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Осы туралы Санкт-Петербург облысының мемлекеттік тарихи мұрағатында талапкердің университет ректорының атына жазған өтініші сақталып қалған.

«Қазақстанның шығысындағы Қалба Алтайының таулы қыраттарының қойнауында жатқан ауылдан оқу-білім іздеп, Ресейдің астанасынан бірақ шыққан бұл кім екен?» деген сұрақтың қайсымыздың болса да ойымызға келері хақ.

Құжатталған деректерге сүйенсек, Райымжан Мәрсеков 1879 жылы Семей губерниясы Өскемен уезінің Айыртау (Ұлан) болысында дәулетті отбасында дүниеге келген. Шыққан тегі Найманның Терістаңбалы руынан тарайтын, атағы жаһанға жайылған Кетбұғадан өрбитін, өзінен бастап таратқанда жетінші атасы Сатыбалды батыр (1698-1767ж.ж) Қаракерей Қабанбаймен үзеңгілес жүріп, жоңғарларға қарсы соғыста Бұланты, Аңырақай, Алакөл, Шорға, Шаған шайқастарында ерлік көрсеткен қаһармандардың бірі. Ал одан бергі атасы Сасықбай болса Семей, Өскемен өңіріне танымал шешен, ұшқыр ойлы, ел сыйлаған адамдардың бірі екен. Сол Сасықбайдың Тағай, Шонай, Боғай, Көжекбай, Тұтқыш, Мәрсек деген алты ұлы болады. Сүт кенжесі Мәрсек кезінде қажылыққа барған, Өскеменге атағы шыққан адам көрінеді. Атақты мұрын руының ішіндегі Жанай Тана Тілемісұлы мырзаның Омар деген баласынан туған немере қызы Бейілхан осы Мәрсекке ұзатылған. Одан Мәрсек Әйіп, Райымжан деген екі бала сүйеді, ал екінші әйелінен Шерияздан туған.

Жастайынан алғыр Райымжан ауыл балаларының арасынан елгезектігімен бірден көзге түседі. Бастапқыда әкесінің қалауымен ауыл молдасынан арабша хат таныған. Кейінірек уездік орыс-қазақ мектебінен сауатын жетілдірген. Одан соң Омбы қаласының классикалық гимназиясына түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін, Санкт-Петербургтегі Император университетінің заң факультетіне оқуға түседі.

Тегіне тарта туып, тәлім-тәрбие алған алғыр жанның дәл осы жоғары мәртебелі ақ патшаның университетін қалауының өзіндік тағы бір сыры бар-ды. Кезінде Айыртау болысының тізгінін ұзақ жылдар ұстаған әкесі Мәрсек Сасықбайұлын «Ресей империясының қоныстандыру басқармасына тілмаш болып тигізген көмегі үшін» деп патша ағзамның қабылдауына Санкт-Петербургке шақыртқаны облыстық мұрағатта сақтаулы құжаттардан белгілі.

Мәрсек қажы алыстағы Нева жағалауындағы астанаға сапар шегерінде ел-жұртымен қайта оралмастай қоштасып, өз басына тірідей жаназасын шығартқызып аттанған көрінеді. Екінші Николай патша оны жылы қабылдап қана қоймай, үкіметке сіңірген еңбегін бағалап, ақша мен атақ ұсынады. «Ақшам да, атағым да жетерлік» деген Мәрсекке сонда да иығына кафтан (шапан) жауып, басқа да сый-сияпат көрсетеді. Ақ патша тарапынан мұндай құрметті күтпеген қыр қазағының мерейі артып шабыттанғандығы сондай, ұлы мәртебелінің қабылдауында бір жағынан батылдық, екінші жағынан ұлтжандылық танытып, қазақ даласының болашағы- жастарға білім беру екендігі туралы өтінішін білдіреді. Бұл- оның «өз балаларын да Ресейдің астанасында оқытсам» деген арманы еді. Осы ұсынысына жоғары мәртебелі тарапынан оң жауап алған Мәрсек Сасықбайұлы елге оралысымен ел-жұртынан сүйінші сұрағандай бұл қуанышты хабарын жеткізген-ді.

Оқуға деген ынтасы зор Райымжанның көкейінен ақ патшаның әкесіне осыдан бір жыл бұрын оң қабақ танытып, балаларды оқытуда барлық мүмкіндік жасалатындығы жайлы білдірген ниеті бір сәт есінен шықпаған болатын. Мінеки, «сол үміттің ақиқатқа айналар сәті түсті» деп түйген болатын оқуға зерек Райымжан. Оның бергі жағында Райымжанның осыған дейін алып үлгерген білімі де бір басына артып жетерлік-ті. Өскемендегі уездік орыс-қазақ мектебін, ізінше Омбыдағы классикалық гимназияны тәмамдап қойған. Озық ойлы, оқымысты ұстаздардан дәріс алған ынталы жастың ендігі арманы жоғары білімге құлаш сермеу.

Орысшаны орыстың өзін жаңылтардай дәрежеде білетін жігіт университетте оқып жүріп қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты қазақ даласының әр түкпірінен оқу іздеп келген жастармен қоян-қолтық араласады. Бұл тұста Петербургте билеуші үкіметтің саясатына қарсы небір бой көрсетулер тоқтаусыз жүріп жататын. Николай екіншінің патшалық құруының алғашқы жылдарынан бастап Министрлер кабинеті оқу үшін төлем ақыны тоқтаусыз көтерумен болды. 1899 жылдың арнайы мәліметіне жүгінсек, Санкт-Петербург университеті студенттерінің 40 пайызы ауыр материалдық жағдайда екендігін көреміз.

Тыңшылар Райымжанның тынышын алған

Сонымен қатар Райымжан Мәрсеков университетте дәріс алған жылдарда қайсыбір жарық көрген басылымдардың беттерінде студенттердің күнкөрісінің өте нашарлығы хақында материалдар жиі-жиі жарық көріп жататын. Кейбір газет беттерінен «Мырзалар, аш адамға қандай да болса жұмыс беріңдер, аш студентке анда-санда тамақ ішу үшін ең төменгі айлықты берсеңдер де жеткілікті» деген мағынадағы хабарландыруларды оқуға болатын. Тағы бір ресми деректерден Райымжан Мәрсековтің Жақып Ақбаевпен бірге студенттік жерлестер ұйымын құрып, жағдайлары нашар қазақ студенттеріне қаражатпен көмектесу мәселесін қолға алғанын көреміз. Райымжанның Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсыновпен алғаш рет танысуы да осы тұста болған көрінеді.

Осындай мәліметтерге қанық болған және білім жолындағы ат төбеліндей азғантай қазақ жастарының материалдық жағдайына өзі тікелей араласа жүріп, әбден тәнті болған Райымжан 1899 жылы ақпан-наурыз айларында өткен студенттік қозғалысқа белсене қатысады. Өйткені бұл қозғалыс патша мен оның қызметіндегі шенеуніктердің озбырлығына, отаршыл саясатына қарсы бағытталған еді. Кешегі ауыл баласы патша үкіметінің қазақ жерінде жүргізіп отырған қанаушылық, билеушілік әрекетіне де осылай қарсы шығады. Студенттік қозғалысқа қатысқаны үшін ол оқудан шығарылып, астанадан қуылады. Оның соңына жасырын бақылау қойылады. Өскемен уезд басшысына жіберілген №90 құжатта «антирежимдік» көзқарастары мен танытқан белсенділігі үшін оқудан шығарылған Райымжанның Омбы қаласы арқылы сәуір айында Өскемен уезінің Айыртау болысына жүріп кеткендігі тіркелген. Соңынан құпия бақылау ісі қозғалады және полиция бөліміне «Үнемі хабар түсіріп тұрыңдар!» деп талап етіледі.

Шын мәнінде, патша үкіметінің тыңшылары Райымжан Мәрсековті қауіпті адам деп таныған. Осыған байланысты оның қазақ даласында жасаған әр қадамы, байланыстары мұқият бақылауға алынған. Соған қарамастан ол ел аралап, халық арасында Санкт-Петербургте патша өкіметіне қарсы жүргізілген күрестер мен қозғалыстардың мәнімен ел-жұртты таныстыруын тоқтатқан жоқ, саяси мақсаттарына талдау жасаумен шұғылдана берді. Бірақ қайткен күнде де университетті тәмамдап шығу арманын есінен шығарған жоқ.

Алдына қойған мақсатын іске асыру үшін, біраз қаражат жинаған соң, 1899 жылы қыркүйектің 2-жұлдызында Санкт-Петербургке аттанып кетеді. Университеттегі оқуын жалғастыруды жүзеге асуы жандармерия тарапынан кедергілерге, қиындыққа соққанымен, ол қолда бар барлық мүмкіндікті шебер пайдалана отырып, заң факультетіне қайтадан қабылданады және оны 1902 жылы ерекше белгімен үздік бітіріп шығады.

Оқуын жалғастыра салысымен Райымжан өзінің ең алғашқы ғылыми, публицистикалық еңбегі «Сайлау және оның зиянды салдары» деген мақаласын «Дала уәлаяты» газетінде жариялайды. Қазақ зиялы қауымы өкілдері публицистің бұл еңбегін қызу қолдайды. Өйткені Райымжан Мәрсековтің аталмыш ғылыми мақаласында патшалық отарлау саясатындағы қазақ даласында өткізіліп жүрген сайлаулардың сұрқия жақтары батыл әшкерленіп, болашаққа деген аса батыл болжамдар жасалған болатын. Ресей империясының астанасында оқыған жылдарында Райымжан Мәрсеков тек жақсы білім алып қана қойған жоқ, өмірлік үлкен іс-тәжірибе жинақтап, болашақ саяси қайраткер және заңгер-адвокат ретінде де қалыптаса түседі.
Университет қабырғасында оқып жүрген Райымжанның соңынан қатаң бақылау қойылады. Әсіресе жазғы демалыс кездерінде ол туған жерге демалуға келген сәттерінде полиция сақшылары оның жүріс-тұрысын аңдып, полиция орындарына хабарлап отырған.

Қазағының саяси тәуелсіздігін аңсаған

Қазақ жерінде болып жатқан өзгерістер, қозғалыстар, әртүрлі бойкөрсетулер Райымжанның саяси-қайраткер болып қалыптасуына әсер етеді. «Революция бесігі» атанған Санкт-Петербургте өткен студенттік жылдарында оның болашақ қайраткер ретінде саяси-сезімінің өсіп-жетілуі, бодандықтың ащы азабын тартқан «Қазақ саяси тәуелсіздігін көрсем!» деп армандаған ниеті де осында қалыптасты.

Р.Мәрсековтің қайраткер ретінде қалыптасуының екі рухани негізін бөліп айту артық емес. Біріншіден, Райымжан еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған ортада өсті. Оның қоғамдық көзқарасының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ұлы Абайдың және басқа ақын-жазушылардың ықпалы тигендігі сөзсіз.

Райымжан Мәрсековтің саяси, публицистикалық, адам құқығын қорғау саласында қызметке араласуы 1902-1918 жылдар аралығына сәйкес келеді. Отарлық езгі мен ұлттық қанаушылықтың ауыр зардаптарын тартып жүрген қазақ халқының мүшкіл хәліне аяныштық сезіммен қарап, өзінің ақыл-ой парасатын, жан-жақты қызметін ағартушылық, реформаторлық және азаттық жолына бағыштайды. Атап айтқанда, ол 1902 жылы өкілетті соттың көмекшісі қызметін атқара жүріп, императорлық орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің толық мүшелігіне сайланады. Ол 1905 жылдың 30 наурызында орыс географиялық қоғамы өлкесіндегі басқару ісіне қатысты болыстық соттар мен старшындарды сайлауда төте сайлауды енгізу жөнінде ұсыныс жасайды.

Осы баяндамасында сайлау кезінде қазақтардың партияларға бөлініп, ел басқару ісі жанжал мен парақорлыққа белшесінен батып, лауазымды адамдардың әділетсіздікке, бассыздық пен заңсыздыққа тікелей жол ашып отырғанын қатаң сынайды. Сондай-ақ қазақ өлкесін басқаруда, болыстық соттар мен старшындарды сайлауда ақсақалдар сайлауы емес, тікелей қара халықтың сайлауын, яғни төте сайлау енгізу жөнінде ұсыныс жасайды. Райымжанның бұл ұсынысы қызу пікір-талас туғызған (С.Әдепқызы. «Семей бөлімшесінің қызметі». Қаз.тар.2001, №1,25-бет).

ХІХ ғасырдың соңында Ресей империясында саясаттан тысқары қалған түкпірді табу қиын болар еді. Оның шын мәніндегі үлкен саясаттың не екендігін түсінген кез әрине, Санкт-Петерборда оқыған жылдарға тұспа-тұс келеді. Мұнда ол студенттік қызу айтыстарға қатысып, ХХ ғасырдың босағасынан аттаған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды әрі өз ойын шыңдай түсті.

Дегенмен Райымжан сияқты қазақ оқығандарының саяси көзқарасының мүлдем жаңа сапаға көтерілуіне бірінші орыс революциясының ықпалы ерекше болды. Қазақ зиялылары елде жаңа сипат, жаңа өрлеу ала бастаған ұлттық қозғалысқа саналылық, ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды.

Қазан төңкерісіне дейін Райымжан Мәрсеков 1908 жылдан Омбы қаласында адвокаттық қызмет атқарады. Ол қызметте қазақ жұртына қатысты істерді өз қолымен қарап, сот қазыларының әділ үкім шығаруына атсалысады. Сот ісіне түскен арыздардың көпшілігі жер дауы, мал, жесір дауы еді. Арагідік кісі өлтіру, патша шенеуніктеріне, жер өлшеушілерге қарсылық, орыс пен қазақ арасындағы кикілжіңдерге қатысты да істер қаралып тұрады. Райымжан әрбір істі мұқият қарап, жазықсыз адамдарды қорғаған. Сондықтан көбінде жазықсыз істі болғандар Райымжаннан сот ісіне қатысып, өздеріне жәрдем беруін сұраған. Мәселен, Мұстақим Малдыбаевтың «Айқап» журналына жазған мына бір шағын мақаласында: «Присяжный поверенный адвокат Райымжан мырза Мәрсеков үй-ішімен Семей қаласына келді. Райымжан мырза халқының ғұрпын, қадетін білуі үстіне мұсылманша да білікті кісі болғандықтан, мұндағы мұсылман ағайындарға бек пайдалы кісі болар деп үміт етеді. Жұрттың көбі орысша білмегендіктен, адвокаттарға бірер ісі түсе қалса, өзінің жұмысын ұқтыра алмай азап шегуші еді. Қалайда Райымжан мырзаның жұртқа пайдасы тиер деп ойлаймыз» деп жауап келтірген еді.

Жеті адамды түрмеден алып қалған

Райымжанның өзі де елде болып жатқан жағдайға ашық көзбен қарап, үнемі қол ұшын беруге тырысады. Ол «Қазақ» газетінде жарияланған өзінің мақаласында: «Осындай сорлыларға көмек беріп, ақыл тауып уатқан адамдарға бөтен сөз айтуға болмайды. Бірақ біреудің көз жасына біреу қуаныш қылып, құрулы тұрған ұясын бұзып, одан мал тауып отырғандардың мол есебіне кетіп жатқандарына кім де болса қалың ойға қаларлық бір іс» деп жазады.

«Адалдық бітіп, кісілік таусылып, нашарлар теңдікке жетпесі, малы түгіл қатын-балаға ие болмас заманға біздің қазақ ұшырап тұр. Өстіп отырған жұрт, осындай залымдыққа душар болып, ақыл таба алмай сандалған ел қайтып күнін көрер, қайтып ел болар?! Ендігінің жастары, қазақты ілгері басқызу, адам қылу сендерден болмаса, қырдағы жақсы деген «жақсылардан» үміт аз. Оларға қараған күн қараң. Оқу оқыту, өнер үйреніп, адал кәсіп істеуге қазақ көңіл қойып талаптанса, көзі ашылар еді, сонда қазақ ел болар еді» дейді.

Р.Мәрсековтің қазақ даласында патша үкіметінің жазалау саясатына, заңсыз жауапқа тарту әрекеттеріне қарсы жүргізген қызметі де ерекше көзге түседі. Өзі заңгер бола тұрып, отандастарының құқығын қорғау ісіне белсене араласады. Мысалы, 1915 жылы көктем айларында патша үкіметінің жергілікті тергеу органдары жеті қазақты заңсыз қамап, іс аяқталған соң сотқа жібереді. Сотта Райымжан Мәрсеков өзінің асқан білімділігімен, тергеудің ісі бойынша жинаған дәлелдерін жоққа шығарып, жеті адамды бірден түрмеден босаттырып алады. Бұл іс бүкіл қазақ халқын елең еткізген еді. Істің мән-жайы туралы былай деп жазды: «…мен сөйледім. Қысқасын айтқанда, мынау: «Ауылға болыс һәм пристав қасында… кісілері… қызмет бойынша келгенде сотқа тапсырылған адамдар бәрі бір ынтымақта болып, қолдарында қару-жарағы бар һәм тас лақтырып, қарсы тұрды» деп бұл кісілерді айыптайды, һәм «сол арада өз ауылдарындағы бір қарт адамын бәрі жабылып, ортаға алып, өлтіріп жіберді» дейді… Бұл сөздің қисыны жоқтығын бұдан байыптаңыздар: Қазақтың ауылы таудың басында қонбайды, көкорай шалғын жерде отырады, мұндай жерде тас болмайды…куәлардың бәрі жанжал шыққан соң шошыған да ауыл кісілерінің алып лақтырған нәрсесін тас деп есептеген; олардың қолында тас емес… малдың тезегі, себебі қазақ үйінің маңайы бәрі мал жатқандықтан, тезек болады. Кісі өлтірді деген туралы айтатыным сол, бұл өлген кісіні көпшілікте кім өлтіргені мәлім емес һәм куәлар көзімізбен көрдік дейді, екі қатынның қолында… қара пышақ бар дейді. Ондай жерде тұрып һәм қашып бара жатып, кімнің қолында қандай пышақ… кімнің қолында сойыл, оны көруге мүмкін емес.

Аяқтап келгенде… өлген кісі көпшілікте басылып өлген болуы керек…

Мұнан соң Полста… кеңесін, сотты адамдарды кісі өлтіру туралы ақтады, қарсылық қылды деп кескен 10 жыл каторганың орнына 8 ай абақты кесті, «қарсылық қылса да, қолдарында қаруы жоқ» деп біліп, Полста бұлардың отырған уақыттарын есепке алып, сол арада 7 кісіні босатты».

Осы қаралған іс көп нәрсені аңғартқандай. Атап айтқанда, Райымжан Мәрсековтің заң ғылымынан, қылмыстық істі дәлелдеу теориясынан, сот психологиясынан терең білімі бар болғанын айқын көрсетеді. Тергеушілердің жүргізген ісін, жинаған дәлелдерін сот үстінде күл-талқан етіп, 10 жылға каторгаға кескен үкімді жоққа шығарып, жеті адамды түрмеден босатқызу нағыз білімділіктің, сауаттылықтың айғағы.

Осылайша, Өскемен мен Семей өңіріндегі ұлты қазақ тұңғыш заңгер Семей түрмесіне тоғытылған қазақтың талайын ақтап шығарады. «Дала уәлаяты» газетінде әйел теңдігі, қазақ билерінің дау шешуі мен сайлаудағы кемшіліктер мәселесін талқылаған ол, Алаш қозғалысына бел шеше араласады.

Райымжан Мәрсеков патша үкіметінің саясатын әшкерелеп, заңсыздық, әділетсіздікке, халыққа қысым жасаушылыққа қарсы шығады. Ол қазан төңкерісіне дейін патшалық империяның қазақ еліне жүргізіп отырған «отарлау», «қоныстандыру», «орыстандыру» саясатына қарсы шыққан қазақтың белді азаматтары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Барлыбек Сыртанов, Жаһанша Сейдалиндермен тығыз байланыста болып, олардың «Қазақ» газеті, «Айқап» журналына жарияланған мақалаларын үзбей оқып, пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырған. Бұл ретте оның мақалаларының публицистикалық уақыттылығы нақтылығымен, бұлтартпас қисындылығымен, дәлелдігімен ұштасып жатады.

Марат Мағзұмов,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың құрметті профессоры
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button