Тарих

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ (Жалғасы)

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ (Жалғасы)


Райымжан Мәрсеков 1910-1914 жылдар аралығында Мұхамеджан Сералин, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин, Сералы Лапин, Барлыбек Сыртанов сияқты қазақ зиялыларымен тез арада жалпықазақ съезін шақырып, онда халықтың жанына батып жүрген ұлттық езгі, отарлық саясаттың әсерінен әлеуметтік, рухани, саяси күйзеліске ұшыраған қазақ халқының көкейкесті мәселелерін шешуді қолдаған еді.

Әрине, мұндай ұсыныстар ол кезде патша үкіметінің қылышынан қан тамған заманда өтуі-өтпеуі екіталай болғаны дау туғызбаса керек. Себебі патша үкіметінің жандармерия органдары қазақ зиялыларының бостандыққа, тәуелсіздікке шақырған ұран, идеяларын жөргегінде тұншықтыруға әрқашан да дайын тұрған. Өйткені саяси мәселелерді бас қосып талқылауға жол беру – қанды қолымен құрған империяның тағын шайқалтумен пара-пар еді. Тіпті «Съезд шақыру керек пе, қажет емес пе?» деп мәселе көтеріп жатқан кезеңнің өзінде сауысқаннан да сақ жандармдар қазақ зиялыларының әрбір қимыл-әрекетін құпия бақылап отырған. Қазақ зиялыларының тарихын молынан зерттеген ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің еңбектерінен мынадай құпия деректерді оқимыз: «Менің қарауымдағы басқармаға түскен деректерге қарағанда, барлық қазақтар тұратын облыстарда жалпықазақ съезінің қажеттігі жөнінде үгіт жұмысы жүргізілуде. Бұл съезді ұйымдастыру ісін бастаушы Троицк қаласында тұратын присяжный поверенный Жаһанша Сейдалин. Ол осы съезді өткізу үшін үкімет орындарынан рұқсат сұрауды өз мойнына алған. Съезд осы жылдың тамыз, не қыркүйек айларында Райымжан Марзуков (Мәрсеков екені айдан- анық-М.М) деген заңгер және Орал облысының тұрғыны Бақытжан Қаратаев бар. Бұл екеуі Барлыбек Сыртановқа шақыру жіберген. Басқа кімдер бары мәлім емес».

Халқының қамын жеген қайран ерлер!

Дегенмен де, «Съезд шақыру қажет!» деп жар құлағы жастыққа тимей ұлт болашағын ойлаған Райымжан Мәрсековтің бұл бағытта атқарған қызметін зор құрметпен атап өткен жөн.

Бұған қосымша, Орынборда оқып жүрген қазақ зиялылары «Қазақ» газеті арқылы жер-жерлерге жеделхаттар жібереді. Онда: «Заман – жаманға айналды. Келешек қараңғы, қорқыныш зор. Осындай бүліншілік заманда аяқасты болып, зорлықта қалмауымыздың қамын кеңесу үшін, екінші жалпықазақ съезін шақыруға қаулы қылып, Орынбордағы оқыған қазақтар төмендегі телеграмды қазақ облыстарына һәм уездеріне беріп отыр».

Бұл «Қазақ» газетінде (1917 жыл №250) басылған телеграммада: «Бүкіл мемлекеттер қазір бетімен жайылып кетті. Кешікпей талан-тараж, қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алауыздық, біреуге-біреу сенбеу күшейді. Әр адам, әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан уақиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ елі сезе қоймайтын шығар. Оқиғалардың сүреңі жаман. Қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек».

Әлихан Бөкейханов бастаған бес адам қол қойған бұл жеделхат жан-жаққа жөнелтілді.

Ақпан революциясынан кейін қазақ аймақтарында орын алған аласапыран оқиғаларға алаңдаған қазақ зиялылары бүкіл облыс пен уезден екі-екіден зиялы ақсақал мен оқыған кісілерді Орынборға 5 желтоқсанға дейін жіберуді өтініп, хабар жолдайды. Зиялы азаматтар өз халқының қамын бірігіп, ойласып шешуге ұйғарады. Қазақ оқығандары өздерін халықтан бөліп алып қарамады. Қазақ, халық, ел тағдырын бірінші кезекке қойды. Бұл ұлтжанды азаматтар кейін, тоталитарлық жүйенің құрбаны болып кетті. Бұларды жазалау машинасының алмасы айналымға алып турап жіберді.

1917 жылы ақпан төңкерісін Райымжан Мәрсеков демократияшыл қазақ зиялылары сияқты өте жылы қабылдайды. Монархияның күйреуімен цивилизациялық, либералды, буржуазиялық-демократиялық, саяси-құқықтық басқару жүйесі қалыптасып, Қазақстанның тәуелсіздікке бір қадам болса да ілгері жылжитынына сеніммен қарады. Ол Алаш арыстарының басын қосып, елді бастап іске кірісер сәттің туғанын терең сезініп, халық арасында Ақпан төңкерісінің мақсат-мұраттарын, оның азаматтық идеяларын уағыздайды. Өйткені бұл мәселелердің бәрін «Алаш» партиясы кеңестік қантөгіс жолымен, таптық негізде емес, ұлттық бірлік негізінде, эволюциялық жолмен, реформа арқылы жүзеге асырмақ еді.

«Алаш» партиясының жобасында «Федеративті республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді», деп жазылуы жайдан-жай емес-ті.

Райымжан Мәрсеков большевиктер саясатын басынан-ақ қабылдамайды. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты ұлт зиялылары қатаң сынға алған большевиктер партиясының революциялық бағыт-бағдарламаларын, оның болашағына, жарияланған жалған ұрандарына күдікпен қарай отыра, оның қазақ халқының болашағына зиянды екенін алдын ала сезіп, түйсіне білді.

Оның бұл күдігінің дұрыс болғандығын академик М.Қозыбаевтың «Біртұтас Ресей империясы православие және монархия сияқты идеологиялық мұраттар тек түрін ғана өзгертті. Біртұтас империя орнына марксизм, монархия орнына тоталитарлық социализм келді» дегенінен байқауға болады.

Міне, сондықтан да, Райымжан Мәрсеков ұлтжанды қазақ зиялыларымен бірге, «Алаш» партиясымен оның өкіметін құруға белсенді түрде араласқан.

Көпұлтты алып империядағы дүрбелеңі мол саяси оқиғалар асқына түскен сайын Райымжан Мәрсеков басқа Алаш зиялыларымен «Енді не істеу керек?» деген сауалға жауап іздейді. Оны Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Есбасов, Т.Жаманмұрынов сияқты зиялыларға жіберген мына мағынадағы жеделхаттың талаптарын мойындауды және орындауды өзінің патриоттық борышы деп біледі: «Ресейдегі барша халыққа… теңдік, бостандық күн туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. Жаңа құрылған ел бағу дүкенін нығайту үшін тегі басқа барша халықтармен үйір боларға керек. Учредительное собрание сайлауларына қазақ болып қамдану керек… Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сыйыспауларды тастау керек… Біз қалайтын патшалық түрі-демократическая республика. Түзулікпен іс етіңдер, жаңа үкіметті сүйеңдер…».

1917 жылы Райымжан «Сарыарқа» газетін ұйымдастырып, шығарушылардың бірі болады. Ол бастапқы кезде газеттің редакторлық қызметін атқарған. Қазан төңкерісінен кейін Райымжан Мәрсеков 1917 жылы Семейдегі қазақ облыстық комитетінің төрағасы қызметін, ал 1918 жылдың 17 қаңтарынан 1919 жылдың 23 маусымына дейін Семей облыстық басқармасының төрағасы қызметін атқарады.

Райымжан «Алаш» партиясының міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене араласады. Алаш съезіне ол Семей облысының №5 сайлау округі бойынша сайланған. Ж.Ақбаев пен Ә.Бөкейханов та съезге осы округтен сайланған.

Алашқа автономия алмақ болған

Райымжан Мәрсеков 1917 жылы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық съезіне қатысады. Бұл съезге қатысуға облыстың бес уезінен 200-ге тарта делегат келген еді. Съездің ашылуын, оның құрамын сайлауды съезге қатысушылар ұйымдастыру комитетінің төрағасы Райымжанға сеніп тапсырады.

Бұл съездің тікелей төрағасы Жақып Ақбаев, ал оған серіктікке Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, М.Боштаев, Б.Сәрсеков, ал хатшылық қызметке Ә.Ермеков, Ы.Оразалин, М.Малдыбаев, Ш.Ақбанов сайланады. Съезге әйелдер комитетінен Нәзипа Құлжанова қатысады. Осы өткен съезде 20 мәселеден тұратын жоба қабылданған болатын. Солардың ішіндегі ең маңыздылары автономия құру, комитеттер ашу, дін, жер, сот, әйел мәселелері, жалпы қазақ съезін шақыру сияқты мәселелер еді. Съезде жаңа 20 мүше мен 10 мүшеге кандидаттықтан тұратын облыстық қазақ комитеті құрылады. Райымжан Мәрсеков те осы комитеттің мүшесі болып сайланады.

Қазан төңкерісінен кейін ол большевиктердің Ленин партиясының саяси билікке күшпен ие болуына, жалпы оның қарап қою арқылы халықты бағындыруға бағытталған әрекеттеріне үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Алашорда өкіметін қызу қолдап, оның белсенді мүшелерінің бірі болады. Атап айтқанда, Семей қаласынан Әлихан Бөкейханов, Халел Ғаббасов, т.б. адамдармен бірге Алашорда комитетінің мүшесі болып сайланады.

Райымжанның өміріне қатысты Семейдегі жаңа тарихи құжаттар орталығынан (бұрынғы Семей мемлекеттік архиві) біраз құнды құжат қолға тиіп отыр. Мысалы, соның бірі – 1917-1918 жылдары Семейде күн сайын шығып тұрған «Дело» газеті. 1917 жылғы ақпан төңкерісінің қарсаңында жарық көре бастаған басылым болса керек. «Дело» – қоғамдық-саяси газет, №145, Семей облыстық комиссариатының органы, 30 (13) қараша 1917 жыл» деп жазылыпты. Газеттің осы санында Керенский басқарған Уақытша үкіметтің қаулысына сәйкес Семей уездік земстволық комитетінің жергілікті халықтық билік органына депутаттарды сайлау туралы, жалпы өткізілген сайлау қорытындысы жайлы хабарландыруы, ресми құжаттар берілген. Онда заңгер, адвокат Райымжан Мәрсековтің қоғамдағы, қазақ өміріндегі осындай саяси оқиғалардан сырт қалмай, сол кездегі Шәкәрім Құдайбердиев, Көкбай Жанатаев, Иманбек Тарабаев, Иманбазар Қазанғапов, Халел Ғаббасов, Ахметжан Қозыбағаров, Әлімхан Ермеков, Мұстахим Малдыбаев, Нәзипа Құлжанова тәрізді қазақ зиялыларымен бірге Семей уездік жиынында депутат болып сайланғаны жайлы тың дерек бар.

Бұл кезде большевиктердің өкіметі Қазақстанда билікке ие бола бастаған кезеңі еді. Орталықтан Алашорда өкіметін мойындауы туралы әңгіме болып жатқанда 1918 жылы наурыз айының соңында Райымжан Мәрсеков белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісовтің мәліметіне қарағанда, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Б.Сәрсеков, М.Дулатов, Х.Ғаббасов сияқты зиялылармен арнайы Кеңесте РСФСР-дің ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен телефон арқылы сөйлеудің тұжырымдамасын талқылауға қатысады.

Қазақ зиялыларының ой-елегінен өткен бұл тұжырымдамада қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығы іске асырылуы талап етілді. Бірақ И.Сталин Кеңес өкіметін мойындауды талап етіп, өзін-өзі басқаруға жол бермейтінін алдын ала болжап қойған еді.

Большевиктер Қазақстанда өз билігін қайткен күнде де орнату мақсатында өте қатаң, қатыгездік және халықтың қанын судай шашу әрекеттерін құдайдың құтты күні жүзеге асырып бақты. Үркіту мен қорқыту арқылы халықты бағындыру өмірдің заңына айналды. Райымжан Мәрсеков большевиктердің осындай әрекеттеріне бірнеше рет куә болады. Кеңес өкіметіне деген наразылығы күшейе түседі. 1918 жылы наурыз айында ол Алашорда милициясының жауынгері Қазы Нұрмұхамбетұлын солдаттардың себепсіз атып тастағанының тікелей куәгері болады. Қаралы митингіде Райымжан Мәрсеков бұл істі айыптап, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Жанғали қажы сияқты Алаш азаматтырмен бірге сөз сөйлейді.

Алашорда өкіметіне адал қызмет істеген Райымжан Мәрсековті Әлихан Бөкейханов 1918 жылы шілдеде арнайы қаулымен сатқындық жасап, большевиктерге қосылған қазақтардың істерін қарау үшін құрылған сот және тергеу комиссиясының мүшелігіне тағайындайды.

Семей облыстық жер басқармасының төрағасы қызметін атқарған кездерде жергілікті халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін облыстық жер басқармасы Райымжан Мәрсекұлын Владивосток қаласындағы Американың «Мейер» фирмасымен шарт жасасуға жібереді. Шарттың мақсаты облыстағы шикізатты халыққа қажетті 15 мың сом тауарымен алмастыру еді. 1918 жылы Алашорда үкіметін қорғау мақсатымен Семейдегі полкты жасақтауға да қатысады.

«Мәңгілік ел» – Алаштың идеясы

«ҰЛТЫМ!» ДЕГЕН ҰЛДАРДЫ ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ (Жалғасы)

Алашорда өкіметі құлатылған соң, Райымжан Мәрсеков бірқатар советтік мекемелерде қызмет етеді. Бірақ Совет өкіметі тарапынан тұтқындалып кету қаупі төнген кезде, 1918 жылдың 24 сәуірінде Райымжан Мәрсеков інісі Шериязданмен және Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қанағат Сүлейменұлымен бірге Қытайдың Тарбағатай өңіріне Шәуешекке барады. Бұл сапарда олар алдарына екі мақсат қойған болатын. Бірі – ақ пен қызылдар арасында үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе, қайта көшіру. Екіншісі – Алашорданың ауқымын осы жақтағы елге де ұлғайту. Сонымен қатар Шәуешектегі Ресей консулдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізуге Қытай өкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізу ниеттері де болған сияқты.

Елден келген Алаш көсемдерімен кездесуге жиылғандардың тақ ортасында атақты әнші, ақын, сазгер және саясаттан да алыс емес Әсет Найманбаев та бар еді. Бұл жарқын сәттің естелігі ретінде фотограф Мұхамеджан Юсуповтың (1896-1975ж.ж.) түсірген суреті сақталып қалған. Ортада отырғандардың қатарында Міржақып Дулатовты, Ахмет Байтұрсыновты және Райымжан Мәрсековті бірден тануға болады. Реті келгенде айта кетуді жөн көріп отырмын, осыған дейін Райымжан Мәрсековтің өмір жолын зерттеушілердің айтып жүргеніндей Райымжанның бүгінгі күнге сақталып жеткен жалғыз суреті осы топпен түскен суреттен үлкейтіліп алынған көшірмесі екендігіне зер салған адам оп-оңай көз жеткізері хақ. Бірақ Райымжан Мәрсековтің тағы бір түскен фотосы 2008 жылы жарық көрген «Ұлан есімі-ұлағат бесігі» деген энциклопедиялық анықтаманың 100-бетінде жарияланған. Онда Ұланнан шыққан Алаш көсемдерінің бірі Райымжан Мәрсеков Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың қасында отырып бір топ зиялы қауым өкілдерімен суретке түсіпті.

Енді Алаш көсемдерінің Шәуешектегі қазақтармен кездесу сәтіне қайтып оралар болсақ, тікелей әңгімеміздің басты өзегіне байланысты оқиға желісі төмендегідей өрбіген сыңайлы. Ол туралы Никар Бапинаның мақаласы «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 18 мамырдағы санында басылып шықты. Суретті сол мақала авторының әкесі Юсупов Мұхаметжан (1896-1975ж.ж.) түсіріпті. Алдымен суреттің оң жақ шетінде жерде малдасын құрып отырған сырма шапан киіп, басына ақ орамал таңып алған толықша келген жігіт ағасына назар аударалық. Бұл атақты әнші, сазгер, әрі ақын Әсет Найманбаев. Оның Алаш көсемдерінің тобына қосылмай оңаша отыруының өзіндік себебі бар. Жиылған қауымды Алаш қозғалысына тарту мақсатымен үгіттің әбден қызған шағында Міржақып Дулатов Қытайдың Өр Алтайындағы қазақтардың сүйіктісіне, ардақтысына айналған, аспандағы аққуға әнін қоса білген Әсетке өлең (ән) айт деп қоярда-қоймай қолқа салады.

Сонда Әсет Найманбаев бірден:
«Міржақып, өлең айт деп қолқаладың,
Мен бе ақын, сен тұрғанда ой табатын?!
«Алаш» – деп, ағайынға сауға салып,
Ақаң ер отырмай ма, жол табатын», – деп басталатын өлеңін төгілте жөнеледі. Жалпы, жат жерде жүрген көреген ақынның толғау-өлеңінде Алаш зиялыларының бұл келуін құптаудан гөрі кінәлау басым болады. Одан әрі Әсет:

«Қызық деп, қара жерде түлкі қусаң,
Бір бел аспай қалмай ма, шаршап атың.
Туған ай – туған төлмен бір негізде,
Аяқтанып, оттығып, марқаятын.
Тумаған ту сиырдан уыз ішіп,
Халықтың кезі ме бұл шалқаятын.
Өзімнің ат – тұрманым сай болды деп,
Жаяу – жалпы халыққа жар салатын.
Аттыға ерген жаяудың таңы айырылса,
Қайда қаймақ – мәйегің сорпалайтын?»
– деп, Міржақыпқа сөз ауанын аңғартады да, Ахметке қарата:
«О, Аха, не дегенің, бүй дегенің,
«Алашқа» тамам жұртты жи дегенің?
Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,
Оған мысы жүрмейді үйдегі елдің – дейді.
Онымен қоймай:
– Жарыссаң, төбеге озып шықсаң нетті,
Белдессең, белін үзіп жықсаң нетті?!
Тозған елден тойынар күй іздемей,
Өз халіңді анықтап ұқсаң нетті?» – деп әрі батыл, әрі қатал наразы наз айтады. Қорғасындай салмақты сөздерден жай наз емес, ақынның күллі саяси дүние-танымдық көзқарасы қылт-қылт етіп көрініп қалатын сияқты.

Демек, Әсетті саясаттан сырт еді, бұл өлкеге өнер еліктіріп, ән көтеріп, өлең ертіп әкелді, – деп еш айта алмаймыз. Ол заман ауқымын ерте аңғарған, батыстан өріп келе жатқан «сары сайтандардан» (М.Жұмабаев айтқандай) ерте сескенген, сол «албастылардың» қазақты да, Алашты да қан қақсататынын болжаған. Оның үстіне, Алаш ардагерлерінің бұл сапарын, әлгі, ақгвардияшылардың: «Империя туын Шәуешекке шегініп келіп, қайта көтереміз», – дегендері сияқты әбестікке санаған. Өз топырағында өнбеген ұрпақтың, басқа өлкеде көктемейтінін білген. Ақын ретінде, ақылман ретінде ашынып айтуы да содан болса керек. Ақыры «Алашқа айтар бүгінгі сөз олай емес, былай», – деп жүз шумақ толғау айтып, әлемнің де, қазақтың да хал-ахуалын алдарына еш бүкпесіз жайып салған. Дүйім жұрт адуынды ақынды сілтідей тынып, ұйып тыңдаған.

Әсет бұл толғауында Алаш былай тұрсын, дүрбелеңге түскен дүниені шарлап, тебірене толғанады, ой түйіндейді. Ғылымның жаһандық жетістігін айтады. Кәрі Итал (Италия) мен жас Жапынды (Жапония) сөзге тиек етеді. Ал, біз тым болмаса дін ұстап, мал баға алмадық деп өкінеді.

«Құс сайрамас қапасқа қамалмаса,
Қайғысы торығудың демалмаса.
Шер қысқанда шешіліп шешен тілмен,
Несі ақын айтар сөзді таба алмаса…»
– деп өзінің тілін қазақ қамалған «Қапас» қайрап жібергенін аңғартады.

«Алашым, басың көтер қарап жатпай,
Ғылым ізде ғұмырды босқа сатпай.
Біліммен неше түрлі кеме жасап,
Еуропа жүрген жоқ па суға батпай.
Жайылған дүниеге ғылым – пәннен
Құр қалдың ғой, қазағым, дәмін татпай…» – деп толғанған сұңғыла ақын:
– Құдай-ау, тым болмаса өз милатыңның милыларының айтқандары миларыңа қонбайды-ау, – деп налиды.

«Міржақып Дулатов пен марқұм Абай,
Миллат үшін күйсе де, қойды жақпай.
… Ахмет «Қырық мысал» деп сөз шығарды,
Оны жай өлең дедік, сипап – бақпай…».

Зарлы ақын, шерлі ақын, арманшыл ақын ақыры бар үмітін қазағына артып, сабасына түседі.
«Ұмытпа, қалың қазақ, Алашыңды,
Сенде ал, дүниеден аласыңды.
Ғылым біл, өнер үйрен, өрге ұмтыл,
Дәл бүгін саған осы жарасымды».

Айбынымен күндей күркіреген Әсет Алаш зиялыларын баурап алғандығы сондай, ақынға одан әрі «жалғай түс» деп ешқайсысы қолқа да салмады, бата да алмады. Бұл біздің қолымызда бар ұзақ толғаудың жұқанасы ғана.

Алаш ардагерлері содан қайтар жолда Зайсанға соққан. Қызылдарға қарсы бұрынырақ құрылған «Теңдік» деген ұйымды Алашорданың осы өңірдегі бөлімшесі етіп қайта жаңартқан. Ел ағаларымен жолыққан. Жапабай болыстың 30 мың төртуылды түгел көшіріп әкету үшін Өр керейдің төресі Әлен уаңмен келіссөз жүргізіп жатқанын білген. Ауған жұрттың ахуалын көріп келе жатқандарын айтып, елдің іргесін көтермеуге, Алаштың Шығыстағы атамекенін тастап кетпеуге ақыл берген. Өйткені біртұтас Алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін: Шығыс Түркістан дегеніміз – көне түркінің «Мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің атамекені болатын. Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлшекке түскен қазақ жері, Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінуге түскен қазақ елі.

Марат Мағзұмов,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ құрметті профессоры
(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button