Руханият

Ұлтты ұйытқан ұлы сөздер

Ұлтты ұйытқан ұлы сөздер

Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл болғанда, Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толғанда «Алашорда» үкіметінің атқамінер азаматтары айтқан қанатты сөздер жинақталып, жарық көрді. Кітаптың аты – «Алаш айтқан асыл сөз».
Ұлты үшін у жұтқан сөз сүлейлерінің сүбелі сөйлемдерін топтастыруға мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, белгілі журналист, жерлесіміз Берік Уәли мұрындық болса, ірілер айтқан інжу-маржан сөздерді іріктеуге журналист Серік Жолдасбай мен тарихшы Еркін Ерланұлы көмектесіпті. Әр парағы ат басындай алтынға бергісіз құнды жинақ Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан жарық көріпті.

Кітапқа тек қазақтың ғана емес, түркі әлеміндегі түнекке нұр сыйласам деген Әлихан Бөкейханнан тартып, Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі 25 алаш арысының нақыл сөздері кірген.

– Негізінде осы жинаққа 25 қайраткердің қанатты сөзінің топтастырылып берілуі тегін емес. Себебі, 25 Алаш ардақтысының ой-толғамдарын кітапқа енгізу арқылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына құрмет көрсетуге тырыстық. Өйткені, Тәуелсіздік пен Алаш идеясы егіз ұғым, – деп жазыпты Берік Уәли кітаптағы алғысөзінде.
Кілең жауһар сөздерден құралған кітап екі бағытты қамтыған. Алғашқы бөліміне алаш ардақтыларының қысқаша өмірбаяны, әр жерде айтылған әртүрлі мазмұндағы нақыл сөздері кірсе, соңғы бөлімінде алаш арыстарының бір-біріне, шығармашылығына, сондай-ақ, қайраткерлігіне берген бағалары беріліп, қарым-қатынасы бейнеленген.
Құнды жинақты парақтап отырып, осыдан бір ғасыр бұрын айтылған сөздердің бүгінгі таңда да құнарын жоймағанын аңғарасыз.

– Ұлттық Тәуелсіздік, ұлттық мемлекет, ұлттық кеңес, ұлттық шекара, ұлттық бірлік деген ұлы сөздердің ұлттық санамызға кіріп, айналымға түскеніне тура бір ғасыр өткенде сұрыптала ұсынылған, ұлттық санамызды ұйытқан осынау қанатты сөздер өзінің мағынасын бүгінгі күндері де жойған жоқ. Қайта, жаңа бір қырынан ашылып, дертімізге дауа, пікірімізге дәлел, ойымызға ұйытқы боларлықтай ләммен түрлене мағыналанып отыр. Ұлтты ұйытқан алаш қайраткерлерінің асыл сөздері қашанда ұлттық ойымыздың өшпейтін тамыздығы бола бермек, – деп орамды ойын білдіріпті аталмыш кітап жайында жазушы Тұрсын Жұртбай.

Алаштың азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен арыстардың бірі һәм бірегейі Міржақып Дулатұлы «халықтың мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарынан қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі – баспасөз, яғни, газет-журнал, кітаптар екені шексіз» депті бір сөзінде. Иә, бабалар аңсаған мәйекті мәдениетімізді көрсететін сол кітаптарды бүгін ұрпақтары шығарып жатыр. Алашордашылар аңсаған Тәуелсіздіктің жемісі осы емес пе?!

Бүгін біз Әлихан Бөкейхан айтқан сөздер мен осынау ұлы тұлғаға қатысты айтылған сөздерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. Кітаптағы өзге де тұлғалардың айтқан асыл сөздерін газеттің алдағы нөмірлерінде жариялайтын боламыз.
Құнды кітаптың бірнешеуі біздің өңірге де жетті. Алам деушілер редакцияға (87232 75-1903) хабарласуға болады.

Әлихан Бөкейханның айтқан сөздері

Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.

Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден.

Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек.

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

Жер – десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін: «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң.

Закон – адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой.

Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік.

Ол кісі Петроград университетінің орман-ағаш факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен бірге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай білімді ғалым болатын. Тоғыз тілде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің ақыл- ойымыз Тоқырауын өзеніндей болса, Әлихан Бөкейханов – Балқаш көліндей дария еді ғой!
Әлімхан Ермеков

Әкемнің мысы кез келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұлар мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!» – деді де маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы» – деді.
Лиза Әлиханқызы

Алда әлі күнді көре білетін ұрпақ келеді! Сол күнді көретін ұрпақ сендерді еске алатын болады. Бізді ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады! Өкінбеңдер! Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер!
(Ә.Бөкейханның Ахмет пен Міржақыпқа айтқан сөзі)

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button