Ұлттық университетте қырық жыл ұстаздық етті

Сәния Еділбаева 1958 жылы Үржар ауданында, Тарбағатай тауының етегіндегі Қазымбет (бұрынғы Алексеевка) ауылында дүниеге келген. Сәнияның туып-өскен жері – алмасы уылжыған, жеміс-жидегі төгілген сұлу өлке.
Сәния мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің үздік оқуымен, еңбекқорлығымен көзге түскен еді. Мектепте комсомол комитетінің хатшысы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, мектеп өмірінің қайнаған тыныс-тіршілігіне ғана араласып қоймай, ауылдың сан алуан саласына да, ата-анасына да көп қолғабыс жасаған. Жас кезінен спортпен, шаңғы тебумен, жүгірумен айналысып, талай аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – оның хоббилерінің бірі ғана.
Ауыл мектебін үздік бітіріп, Қазақстанның ең беделді жоғары оқу орнына – С.Киров атындағы университетке оқуға түсті. Оқуды қызыл дипломмен бітіріп, министрліктің жолдамасымен Әл-Фараби атындағы (ол кезде С.Киров атындағы) Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіне оқытушылық қызметке қалдырылды.
1980 жылдан бері осы университетт ассистент, аға оқытушы және доцент, профессор міндеттерін атқарып келеді. 1988 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясын Мәскеуде жоғары аттестациялық комиссия алқалары бекітті. 2009 жылы «Білім беру туралы философиялық дискурс» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. С. Еділбаева Германия мен Швейцарияда оқып, дәрістер тыңдап, Еуропаның алдыңғы қатарлы профессорларынан білім алды.
Өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы арқасында неміс тілін жетік меңгеріп, Еуропа мен Қазақстанның арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды орнатуға үлесін қосты. Соның нәтижесінде көптеген беделді халықаралық гранттарға ие болды. Ол Германия, Аустрия, Швейцария елдеріндегі жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Еуропаның алдыңғы қатарлы Кассель, Кельн, Цюрих университеттерінде дәрістер тыңдап, үлкен аудиториялар алдында сабақ жүргізді.
1992 жылы Майндағы Франкфурт қаласында халықаралық педагогикалық институттың директоры, профессор Миттердің шақыруымен «Орталық Азиядағы білім беру» тақырыбында баяндама жасады. Германияның профессоры Клаудия Бикманның шақыруымен Кёльн университетінде (2004-2005 ж.ж.) «Қазақ мәдениетіндегі философияның феномені», Цюрих қаласында «Қазақстандағы мәдениет, дін, білім беру» (2011 жыл) тақырыптарында дәрістер оқыды. Швейцарияның Аарау қаласында «Қазіргі Қазақстан: экономика, саясат, мәдениет» атты публицистикалық ғылыми семинар, түрлі халықаралық трендтер өткізді.
Германияның Кассель университетінде профессор В.Шмид-Коварцикпен білім берудің философиялық негізі туралы диалог ұйымдастырды. Бонн университетінің философ-профессоры Юрген Хабермастың білім беру философиясына қатысты дәрістерін тыңдап, одан бірнеше сұхбат алған болатын. Осындай ғылыми ізденістер оның болашақ докторлық диссертациясына негіз болды.
Жоғары педагогикалық білім берудің қазіргі ең өзекті мәселесі – бәсекелестікке қабілетті, сұранысқа ие мамандарды даярлау. Бұл жоғары оқу орындарында білім беру сапасын арттыру, әлемдік білім кеңістігінің тәжірибелерін игеру арқылы ғана жүзеге асады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Білімге ұмтылу – қанымызда бар қасиет. Табысты болудың ең іргелі факторы білім екенін түсінуіміз керек», – деген-ді. Білім беру мәселесі – көкейкесті тақырып. Бұл бүгінгі ақпараттық кеңістік жағдайында білім берудің негізгі рөлге ие болып отыруына байланысты. С.Еділбаеваның ғылыми еңбегі осы тұста әлеуметтік сұранысқа жауап беретін философиялық дискурс, қазақ философиясының жаңа бөлімі болып табылады.
Университетте қызмет еткен жылдарының табысы аз болған жоқ. С.Еділбаева әріптестері мен студенттер арасында беделге ие білікті оқытушы болды. Сәния Жәкенқызы 130-дан астам ғылыми еңбек жазды, оның ішінде 11 монография, сегіз оқулық, шетелдік басылымдардағы 15 мақала бар.
Қазір С.Еділбаева бакалаврлар мен магистранттарға, докторанттарға қазақ және орыс тілдерінде «Философия тарихы», «Философия», «Латын тілі», «Университет идеясы» салалары бойынша дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізеді. Оның жетекшілігімен PhD докторлары, магистранттар диссертацияларын қорғап жүр.
Сәния Жәкенқызы 2010 жылы «Болашақ» стипендиясын, 2011 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантын иеленді. Ол ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталған.
Алғашқы студенттері қазір университетте белді маман, кейбірі өзімен бірге доктор, профессор болып қызмет етуде. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы университеттің профессорлары Б.Жолдасбекованы, О.Әбішованы, Д.Әлкебаеваны, Т. Иманқұлды атауға болады. Басқалары еліміздің түкпір-түкпірінде, сан салада еңбек етіп жүр.
Ұстаздық ету – ұрпаққа білім беру ғана емес, адамтану ғылымын меңгеру, адамның жан дүниесіне терең үңіле білу. Сәния Еділбаеваның еңбек өтілі қырық жылға таяу. Өзі дәріс оқып жүрген жылдары университеттің дамуына үлес қосып, қажырлы еңбегін ұстаз деген ардақты атқа арнап келді.
Дина Әлкебаева,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры