Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп жүр

Көгілдір экраннан төгілген әсем ән Үміткүл ананың жүрегін елжіретіп жіберді. Сексеннің үшеуіне аяқ басқан асыл ана жаулығын жөндеп, әнге қайтадан құлақ түрді.
Ана сәл күрсінді. Ойына әкесі Бірғамит пен анасы Бұлды, жан жолдасы, марқұм Мәден Асқарұлы оралды. Өмір – өзен. Бір орында тұрмайды. Жолдасы Мәден қақ-соқпен ісі жоқ, өз ісіне адал, көпшіл азамат болды. Ұзақ жылдар бойы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінде есепші болып, абыройлы жұмыс істеді. Өзі де еңбектен қалған жоқ. Ауа райын зерттеу орталығында, кейіннен мал дайындау мекемесінде кассир болып қызмет атқарды.
Қараторының әдемісі, екі көзі қарақаттай мөлдіреп, жан-жағына жылы шуағын шашып тұратын Үміткүл Бірғамитқызы өз ортасының гүлі, той-томалақтың сәні болды. Сызылтып ән салғанда талайлар тамсанып, таңдай қағып қалатын-ды. Сол қасиет, сол өнерге деген құштарлық бойында әлі де бар. Ауданда өтіп жататын не бір мерекелік шаралардан қалыс қалып көрген емес. Балалары, келіндері, немерелері мен шөберелері қолын ұзартып отыр.
Үміткүл анамыз аудандағы «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының белді мүшелерінің бірі. Қарауыл ауылында қандай бір мәдени шаралар өтпесін соның басы-қасында ардагер аналар жүреді. «Сүндет той», «Бесікке салу», «Келін түсіру», «Қыз ұзату», «Тұсау кесу» сияқты ұлттық салт-дәстүрлерді кейінгі жастардың бойына сіңіруде «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының, оның жетекшісі Қаныша Нұрғалиеваның еңбегі ерекше. Осы ортада Үміткүл анамыздың өзіндік орны бар. Қазақы киімі мен басына салған бөртпе орамалы өзіне жарасып жүретін анамыз әлі тың. Әлі қазан-ошақтың иесі. Наурыз тойында ол кісі дайындаған наурызкөжеден дәм татпайтын адам кемде-кем. Мекемелерден арнайы тапсырыс беріп жататындар да бар. Солардың бір сөздерін де жерге тастап көрген емес.
Еңбек ардагері, он бала тәрбиелеп, өсірген Үміткүл Бірғамитқызы осындай асыл жүректі абзал да, ардақты жан.
Қазіргі таңда ұлы Бауыржан мен келіні Әдемінің қолында тұрады. Жолдасы Мәден салып беріп кеткен қара шаңырақтың иесі – Бауыржан. Бауыржаннан 4 немере сүйіп отыр. Сүйікті немересі, қолғанаты – Балжан.
– Өмірдің небір суығы мен ыстығын көрдім. Өткен өміріме өкінбеймін. Алдағы күнге ұмтылып, алдағы күнмен өмір сүріп келемін. Бәріне «тәубе» деймін. 10 баламнан 24 немере, 3 шөбере, 20 жиен шөбере көріп отырмын. Бұл бақыт па, бақыт. Осыған «шүкіршілік» етемін, – дейді Үміткүл анамыз.
Совет Махметов
Абай ауданы