Ұлттық құрама қоржыны әзірге бос
Ақ Олимпиаданың алғашқы үш күні артта қалды. Әзірге ұлттық құрама қоржыны бос. Ақпанның 8-інде фристайлдың могул түрінен өткен ақтық сында үміт күттірген өскемендік Юлия Галышева үздік ондықтан көрінсе, ерлер арасында өткен скиатлон бәсекесінде Алексей Полторанин мәре сызығын он алтыншы болып кесті.
Нақтырақ айтсақ, бірінші финалдық іріктеуді бесінші көрсеткішпен аяқтаған 21 жастағы Юлия Галышева ақтық сынның екінші кезеңінде жетінші орынға табан тіреді. Бұл сайыста алтын және күміс медальдарды канадалық апалы-сіңілі спортшылар Жюстин Дюфур-Лапуант пен Хлои Дюфур-Лапуант иеленсе, қоланы америкалық фристайлшы Ханна Керни алды.
Олимпиаданың екінші күнінде жарыс жолына шыққан тағы бір жерлесіміз, тау шаңғысының шебері Игорь Закурдаев, өкінішке қарай, мақтанарлық нәтиже көрсетпеді. Қорытынды есепте ол 2:11.28 уақыт көрсеткішімен бар-жоғы отыз үшінші орынды иеленді. Таудан жылдам құлдилап сырғанау сайысында алтын жүлдені австриялық Маттиас Майер еншіледі.
Сонымен қатар дәл осы күні жалпы ұзақтығы 30 шақырымды құрайтын (15 шақырым классикалық және 15 шақырым еркін әдіспен жүгіру) скиатлон бәсекесінде ел сенім артқан Алексей Полторанин сынға түскен. Алғашқы 15 шақырымды классикалық әдіспен жүгіру кезінде біздің жігіт алдына қара салмағанмен, қалған 15 шақырымдық еркін жүгірісте жылдамдығын біраз бәсеңдетіп алды. Нәтижесінде 30 шақырымды 1:08:51.5 көрсеткішпен жүгіріп өткен риддерлік шаңғышы он алтыншы орыннан көрінді. Ол алтын медаль алған швейцариялық Дарио Колоньядан 36.1 секундқа қалып қойды. Аталған сайыста Полторанинмен бірге ұлттық құрама сапында Евгений Величко, Сергей Черепанов, Марк Старостин өнер көрсетті.
Шаңғымен тұғырдан секіруден іріктеу сыны аяқталды. Өкінішке қарай, қазақстандық «қанатты шаңғышылар» Алексей Пчелинцев пен Марат Жапаров финалдық бәсекеге жолдама алған жоқ.
Кеше Астана уақытымен кешкі сағат 20.30-да Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері, биатлоншы Елена Хрусталева командаластары Галина Вишневская, Марина Лебедева, Дарья Усановалармен бірге ел намысын қорғады.
Серік Әбілхан