Ұлттық парк 15-ке толды
Шығыстың жұмақ төрі саналатын Катонқарағай ұлттық паркінің құрылғанына 15 жыл толыпты. Осы айтулы оқиғаны Төр Алтай жұрты тайлы тұяғы қалмай тойлады.
2001 жыл – алтын тәж – Алтайдың жақұтындай жарқыраған Мұзтаудың айналасын бөтен көздердің сұғынан, бөгде қолдардың уытынан қорғап, тұмса күйінде сақтау мәселесіне көңіл бөлуге мұрсат туған жыл болды. Әйтпесе, бұл мәселе өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап түрлі деңгейде оқтын-оқтын көтеріліп келген. Алайда, одақ құрамындағы кіріптар республиканың үні еленбеді, кейін экономикалық қиындықтар жар бермеді. Ақыры азаттықтың лебі есіп, ел еңсесін тіктеген 2001 жылдың 17-шілдесінде арнайы қаулымен ұлттық табиғи парк құрылды. Осылайша, 1998 жылы облыс әкімдігінің шешімімен құрылған Катонқарағай табиғи паркі мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық маңызды нысанға айналды.
Қытай, Ресей мемлекеттерімен шектесетін ұлттық саябақ бүгінде 643 мың гектардан астам алқапты қамтып жатыр. Сүтқоректілердің 60-тан астам түрі, құстардың 280-ден астам түрі, қосмекенділердің үш түрі мекендейтін паркте Қазақстанның Қызыл кітабына енген 30-тан аса өсімдік түрі кездеседі. Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте жатқан Көккөл вольфрам кеніші, Берел қорымдары, Қарақаба жазығы, Аустрия ирегі, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы, Мұзтау шыңы, Жазаба көлі, Көккөл сарқырамасы, Рахман қайнары сынды тарихи және табиғи ескерткіштерді аумағына сыйғызған бұл саябақ аудандағы негізгі жұмыс беруші мекемеге де жатады. Қазіргі таңда мұнда 356 қызметкер бар. Солардың барлығы дерлік жергілікті халықтан жасақталған. Халқының саны азайып келе жатқан Катонқарағай өңірінде 470 шаңырақтың туған өлкеде тұрақтауына себепкер болып отырған бұдан өзге мекеме кем де кем.
Осыншама стратегиялық миссияны мойнына көтерген мекеме өңірдегі туризмнің қанат жаюына да жағдай жасап отыр. Сол арқылы шығындарының бір бөлігін өз күштерімен ақтап та жүр. Парк аумағында тоғыз бірдей туристік маршрут түзілген. Жоғарыда аталған табиғи және тарихи ескерткіштерге негізделген бұл маршруттармен жүріп өту үшін ауданға жылына 1000 нан астам турист қатынайды. Жыл сайын осы маршруттардың инфрақұрылымы жетілдірілу үстінде. Туристердің есебінен күнелтіп отырған қонақжай үйлер мен қолөнер шеберлеріне де демеушілік көрсететін мемлекеттік парк аудандағы ауыл туризмінің ұйтқысына айналған.
ЮНЕСКО қамқорлығына алынды
Парктің 15 жыл ішінде қол жеткізген басты жетістігі деп ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар тізіміне енуін айтуға болады.
-Тәуелсіздіктің бізге сыйлаған тағы бір шапағаты – елдегі көрнекті орындардың әлемдік қауымдастықтың қамқорлығына алынуы. Алакөл, Қорғалжын, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорықтары, Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты және Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ЮНЕСКОның ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне енді. Қазір біз трансшекаралық резерват деген мәртебенің табалдырығында тұрмыз, – дейді парк директоры Ерлан Мұстафин.
Бұл дегеніңіз – ЮНЕСКО Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында қолға алынған туристік немесе әлеуметтік жобаларды қаржыландырады деген сөз. Шарт бойынша осы тізімге енген қорық қызметкерлерінің жалақысы біздегі мөлшерден әлдеқайда жоғары болуы керек екен. Алайда, еліміздегі заңнама әзірге катонқарағайлық орманшылардың халықаралық мөлшерде жалақы алуын шектеп тұр. Есесіне, биыл орманшы инспекторлардың еңбекақысы республикалық бюджет есебінен 40 пайызға көтерілген.
Ерлан Мұстафиннің айтуынша, парк құрылған 15 жылдың ішінде өңірдің жануарлар әлемі қайта толыса бастаған.
-2001 жылға дейінгі және одан кейінгі есептер мен бүгінгі көрсеткіштерді салыстыра отырып, жануарлар әлемінің қайта қалпына келе бастағанын айтуға болады. Фототұзақтың соңғы деректеріне сүйенсек, Төр Алтайда 12 қар барысы мекен ететіні дәлелденді. Бұдан өзге жабайы сабаншы (манул) мысығы тіркелді. Өсімдіктер әлемі де сиреуін тоқтатты. Бұл мәселелерге тікелей жауапты 250 инспектор мен 31 орман шеберлері бар. Алқапты тілсіз жаудан қорғайтын 9 өрт сөндіргіш көлік, бірнеше өрт сөндірушілер жасағы жұмыс істейді. Орман қорын күзету және қорғау жөніндегі авиациялық қызметпен бірлесіп жұмыс атқарылады. Біздің құзырымыздағы 643 мың гектардан астам алқаптың 70 пайызы осы тікұшақтың тұрақты назарында, – дейді ол.
Жануарлар әлемінің көбеюі парк аумағында аңшылық және балықшылық туризмді дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қызметтер парктің шаруашылық аумағында ғана жүргізіледі. Қорықтық аумаққа жататын 126943 гектар жерде ермектің бұл түрлеріне қатаң тыйым салынған. Алтайдың аюы мен арқарын, қар барысы мен ұларын, алтын тамыры мен марал тамырын, Алтай рауғашы мен таушымылдықты сақтау үшін қорықтық аумаққа кіруге қатаң тыйым салынған. Бұл жүйені айналып өткендерге қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылады.
Бір миллион теңгенің жүлдесі сарапқа салынды
Осы жұмыстардың барлығын екі күнге ысырып қойып, парк ұжымы мекеменің 15 жылдығын Катонқарағай ауылында дүркіретіп тойлатты. Бірінші күні Катонқарағай ауылдық округінің кіреберіс топтама шағын кешені ашылса, ертеңінде айтулы күнге арналған салтанатты жиын өтіп, ауылдың атшабарында ұлттық ойындардың көрігі қызды. Салтанатты жиында мекеменің дамуына үлес қосқан қызметкерлеріне Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің, Катонқарағай ауданы әкімдігінің, облыстық орман саласының қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Сондай марапатқа ие болған Қабырға ауылының инспекторы Естай Мұқашев паркке жұмысқа тұрғанына 10 жылдан асқанын айтады.
– Инспектор ретінде қызмет істегеніме 10 жылдан асыпты. Әуелі Семейде арнайы курстан өткізіп, кейін инспектор ретінде жұмысқа қабылдаған болатын. Сырт көзге көріне бермейтін, ауылдастарыңа сүйкімің аздау осы бір қызметіміздің ескеріліп, еңбегіміздің еленіп жатқанына қуаныштымын. Жалпы, Катонқарағайдың табиғатын қорғау осында туған әрбір азаматтың парызы ғой, – дейді инспектор.
Осы шарада әріптестерін мерейтойымен құттықтау үшін Павлодар және Қарағанды облыстарынан, Бесқарағай және Күршім аудандарынан арнайы делегациялар келіпті. Ал зайсандық бір топ өнерпаз думанның қызығын ән-күймен асырды.
Атшабардағы ұлттық ойындардың жүлде қоры бір миллион теңгені құрады. Бұл қаржының бір бөлігін демеушілер бөлген екен. Ұлттық ойындарды мемлекеттік туды көкке көтере ұстаған инспекторлардың атты жасағы әсерлі шерумен ашты. Тыз етпе жүйріктер мен көсіле шабатын күліктер бес және 15 шақырымда бақтарын сынаса, үстінен су шайқалмас жорғалар 7,5 шақырымға жіберілді. Қысқа қашықтықта марқакөлдік Акишевтің аты топ жарса, жорға жарысында зыряндық Николай Шаферевтің оқ оқ бойы озық келді. 15 шақырымдық аламанда Катонқарағай ұлттық паркінің инспекторы Қайрат Серкеновтің аты алдына қара салмады.
Парк инспекторлары арасында ұйымдастырылған арқан тарту бәсекесінде Шыңғыстай, Үлкен Нарын, Берел филиалдарының командалары жүлделі орындарды өзара бөлісті. 75, 90 және 90 келіден жоғары салмақтарда өткен аударыспақ бәсекесінде Руслан Тәшенов, Қайнар Жақыпов, Фархат Қайырбаевтың бағы жанды. Елді күлкіге қарық қылған қыз қуу ойынында Ақгүл Кошенова, Еркежан Шабанбаева, Ақгүл Абенова және Нұрлы Қасымова сынды шабандоз арулар жүлдеге ілікті. Дүйім жұрттың алдында өзі туған өлкенің табиғатын қорғауға бел буып, Риддердегі ауылшаруашылық колледжінде білім алып жүрген Әли Бауыржанұлына «жас инспектор» ретінде ынталандыру сыйлығы табысталды. Осы өлкенің тумасы Әли жазғы іс тәжірибе кезінде парк басшылығының көзіне түскен екен. Ол өз өмірін осы мамандықпен байланыстыратынын айтады.
Екі күнге созылған мерейтой кешкісі би кешімен жалғасып, отшашумен аяқталды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өткен той елдің көңілін бір жадыратып кетті.
Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.