Қоғам

Ұлттық ономастика – ел айнасы

Ұлттық ономастиканың рөлін арттыру, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту, сондай-ақ сала мамандарын моральдық және материалдық тұрғыда көтермелеу. Міне, биыл облыстық тілдерді дамыту жөніндегі  басқарма ұйымдастырған «Ұлттық ономастика – ел айнасы» атты облыстық конкурсыосы міндеттерді берік ұстанды.

Жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін мамандар арасында ұйымдастырылған онлайн форматтағы конкурс елімізде осы сала бойынша алғаш рет қолға алынған игі іс-шара болды. Жергілікті жерлерде тіл саясатымен айналысатын бөлімдерде ономастика саласының жұмысын күшейту, сала мамандарының атау беру және қайта атау жұмыстарын жетілдіру,   тұрғындар арасындағы түсіндіру жұмыстарының сапасын жақсарту, сондай-ақ ономастика бағытында жұмыс істеп жүрген қызметкерлерді моральдық және материалдық тұрғыдан көтермелеуді мақсат еткен іс-шараға қалалар мен аудандарда тіл саясатымен айналысатын бөлім мен ауылдық округтер әкімдіктерінің мамандарынан құрылған командалар қатысты.

– Біз бұл конкурсты бірінші рет өткізіп отырмыз, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Роза Төлемісова. – Аталмыш іс-шара арқылы жергілікті жерлерде тіл саясаты саласында жұмыс істеп отырған мамандардың заңнамалық актілерді білу деңгейін, халықпен жұмыс істеу қарқынын білетін боламыз. Конкурсқа аудан, қалалардан жеті команда қатысты. Олардың жұмыстарын ономастика саласында жұмыс істеп жүрген тарихшы, филолог ғалымдар мен БАҚ қызметкерлерінен, Достық үйі өкілдерінен құрылған қазылар алқасы саралады.

Басқарма басшысының айтуынша, конкурс бірінші кезеңде облыстық деңгейде өткізіліп, екінші кезеңде жеңімпаз команда республикалық деңгейде бақ сынайтын болады. Төрт кезеңде өткізілген конкурс барысында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталып, Семей қаласының тіл мамандарынан құрылған «Қазыналы Семей» командасы бірінші орынды иеленді. Ал екінші және үшінші орындарды ұландық «Шежіре» және жармалық «Таңбалы тас» командалары бөлісті. Қазылар алқасы қатысушылардың заңнамалық актілерді, еліміздегі танымал жерлерді білуімен қатар, олардың киген киімдеріне, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арнаған бейнероликтерінің сапасына, статистикалық деректерге қатысты жасаған слайдтарына да аса зер салып, бағалады.

– Кез келген халықтың басты байлығы оның тарихы екені белгілі. Ал оның бірінші дереккөздері – жер-судың атаулары. Жалпы кез келген жердің аты ол жердің тарихының басты хаты болып саналады. Аталмыш конкурс биыл алғаш рет өткізіліп жатқандықтан мұны тың бастама деп айтуға келеді. Осындай байқаулар арқылы адамдардың салаға деген пікірлерін, көзқарастарын білуге болады. Атау қойған кезде оны аспаннан ала салмай, оның түп тарихына  жіті назар аударған жөн екенін түсіндіреді. Сол себепті осындай игі іс-шараларға осы саланың мамандары көбірек қатысқаны дұрыс деп ойлаймын, – деді қазылар алқасының мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың аға оқытушысы Жаннета Қалимолдина.

Конкурс соңында жеңімпаздар мен басқа да қатысушы командалар бағалы сыйлықтармен, Алғыс хаттармен марапатталды.

Азамат Темірбеков

Мақала облыстық  тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button