Ұлттың үнжариясын ұлықтай алып жүрміз бе?

Ертеректе бүгінгідей теледидар, интернет сияқты ақпарат құралдары ел ішіне кеңінен тармаған жылдары радио әр үйдің төрінде саңқылдап тұратын. Тіпті шалғайдағы малшы, шопан қауымы да қазақтың небір халық әндері мен күйлерін тыңдап, жандары жадырап қалушы еді. Сол жылдары көше бойында, мәдениет үйлері алдында, мемлекеттік мекеме маңында бақан басына қойылған радио қораптары қызықты хабарлар, әндер мен күйлерді ұсынып, тыңдаушылардың көңілін сергітіп тастайтын. Ал қазір ше? Радио хабарын тарату өте аз десек артық айтпаған болармыз. Мүмкін заман ағымы солай шығар. Әйтсе де, естуімізше, еліміздің кейбір облыс орталықтарында, аудан-ауылдарында мәдениет үйлері мен демалыс орындары маңында, вокзалдарда, мектептерде «Қазақ» радиосы мен «Шалқар» радиосының қорапшалары орнатылып, жұртшылық ұлттың рухани қазыналарымен сусындап жатқан көрінеді. Бізге де сөйтсе болмас па еді? Жақсы хабар, жайдары ән көңілді жадыратпай ма. Әсіресе, халық әндерін, халықтық музыканы беріле тыңдап, рахаттанбайсың ба? Тіпті ел тарихынан, ғұлама адамдар өмірінен қызықты әңгімелер, естеліктер тыңдағанға не жетсін?! Сондай-ақ, парктерде, мәдениет орындарында жүрген жастар құлақ қойып тыңдаса, бұдан үлкен тәрбие бола ма? Ендеше облыстың руханият саласына жауапты басшылары, аудан-ауыл әкімдері осы бір маңызды да, мәнді игілікті іске көңіл бөлсе, халықта қуанып, алғыс айтар тындырымды бір іс болар еді.
Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист