Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауымыз керек
Өскемендегі «Алтай» технопаркінде Мәдениет және спорт минстрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен ұлттық зиялы қауым өкілдерінен құрылған «Парыз» пікірталас клубының «Мәңгілік ел – асыл мұратымыз» атты көшпелі отырысы өтті.
Дөңгелек үстел тізгінін клуб жетекшісі, белгілі жазушы Әлібек Асқаров ұстады. Шараға Астанадан арнайы келген сыншы Дандай Ысқақұлы, публицист Әбдірашид Бәкірұлы, өскемендік зиялы қауым өкілдері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқытушылары қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
– Көптен бері көңілдеріңізде жүрген халық арасындағы ұлттық, қоғамдық, әлеуметтік мәселелер болса, ойланбай ортаға сала беріңіздер. Біз сіздердің сол дүниелеріңізді тиісті орындарға жеткізу үшін осы көшпелі отырысты ұйымдастырып отырмыз, – деді Әлібек Асқаров.
«Үш тұғырлы тіл және ұрпақтар сабақтастығы» атты баяндама жасаған Дандай Ысқақұлы мемлекеттің осы тақырып аясында жүргізіп отырған саясатына кеңінен тоқталды. «Үш тұғырлы тіл» қазақтың жарқын болашағы үшін, жалпақ әлемді жаулап келе жатқан жаһанданудың жемі болмау үшін атқарылып жатқан жұмыс екенін айтқан сыншы, халықты жаһанданудан қорықпай сол көшке ілесуге үндеді.
– Жаһандану дегеніміз – табиғи сұрыпталу. Тілі, діні, рухы әлсіз елдер сол толқынға жұтылады да, тарих сахнасынан жоғалады. Ал керісінше ұлттық болмысын сақтаған мәңгі жасай бермек. Өкінішке қарай, соңғы жылдары батыс елдері жаһандануды ғылым-техниканың күшімен, экономикалық қуатымен, зорлық-зомбылықпен жүргізе бастады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз табиғи жаһандану жолынан қашпай, әлемге өз күш-қуатымызды көрсету үшін, ұлттық құндылықтарға берік болуымыз керек, – деді Д.Ысқақұлы.
Белгілі публицист, философ Әбдірашид Бәкірұлы қазақ балаларын өзге тілде оқытудың зиянын, тіпті 13 жасқа толмаған балалардың көп жағдайда психологиясының бұзылып кететінін ғылыми тұрғыдан түсіндірді. Осы орайда сөз алған қарт қаламгер Шәкерхан Әзмұхамбетов олай болса, үш тілді бірдей неге бірінші сыныптан бастап оқытып жатқанын сұрады. Бұл көпшіліктің көкейінде жүрген орынды сұрақ екенін отырған жұрт қол соғып, қолдауларымен білдірді. Халықаралық қазақ тілі қоғамы облыстық филиалының төрағасы Орал Шәріпбай тіл жайында кейбір мәселелерді айта келіп, білім саласына ауысты. Ол қазір кейбір мектептерде болып жатқан кадрлық қысқартуларды құзырлы орындар назарына алса деген ойын ортаға салды. Ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры Фарзана Ахметжанова қазіргі мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан кітаптардың мазмұны мен тиражы сын көтермейтінін айта келіп, мемлекеттік «Серпін» бағдарламасының кем тұстарын сөз етті.
– «Серпін» бағдарламасы не үшін оңтүстік облыстың немесе қазақы облыстардың балаларына ғана арналуы керек. Егер шынымен бұл жақты қазақыландыру керек болса, біздің балалар да сол облыстардан аталмыш бағдарлама аясында барып оқысын. Монғолиядан қанша қандасымызды тегін оқытамыз деп шақырып алып, сандалтып еліне қайтардық. Оңтүстіктің балалары оқиды да еліне қайтады, ал қандастарымыздың көбі қалып қояды, осы жағын да ескеруіміз керек қой, – Ф.Ахметжанова.
«Парыз» клубының мүшелері айтылған сын-пікірлердің бәрін қағазға түсіріп алып, Астанаға жеткізетінін айтты.
Мұратхан Кенжеханұлы